NEGE APTA | #10 ШОЛУ news video

01 мамыр, 21:42

1. Құдай мен мұнай. Қара алтынсыз болашаққа дайынбыз ба?

Қазір нашақор есірткіге қалай тәуелді болса, еліміз де брент бағасына солай тәуелді екенін бес жасар балаға дейін біліп алды. Экономистер «мұнай инесі» деп атаған құбылысқа еліміз соңғы 20 жыл бойы шырмалып, одан құтылудың амалын таппай келген еді. Енді коронавирус бізге тамаша мүмкіндік беріп отыр. Алдымен мұнай бір күнде жоқ болып кетсе, өміріміз қалай өзгереді деген қарапайым сұраққа жауап іздедік. Экономист Олжас Тілеуов оны есептеудің еш қиындығы жоқ дейді. Мұнай саласынан түсетін табыс біздің жалпы кірісіміздің тең жартысына пара-пар. Демек, мұнайсыз жағдайымыз тура екі есеге нашарлайды. Тілшіміз Қазақстанның қара алтынсыз болашағын болжап, сараптап көрген еді оны «Құдай мен мұнай» мақаласынан оқуға болады.

2. Қауіпсіздігіміздің кілті Кремльдің қолында

Кремль ТМД елдері қарулы күштерінің бірлескен байланыс жүйесін құрмақ. Әрине, оның орталығы Мәскеуде орналасады. Қазақ билігінің осы келісімге қосылу ниеті бар. Алайда оған әлі қол қойылмаған. Әзірге бұл – әзірлік үстіндегі жоба. Келісім мәтініне қарағанда, ТМД елдері қарулы күштерінің бірлескен байланыс жүйесі Ресей Федерациясы Қарулы күштерінің Бас штабының қолында. Соның бір бөлімі үйлестіріп, басқарып отырады. Үкімет осы қаулының жобасын 13 мамырға дейін қоғамдық талқылауға салуға уәде беріп отыр. Айта кетерлік жайт, келісім жобасын Ресей Қарулы күштерінің Бас штабы әзірлеген. Nege.kz жазған «Қауіпсіздігіміздің кілті Кремльдің қолында» атты сараптамадан кеңірек мәлімет ала аласыздар.

3. Әсіредіншілдер 100 келі алтынды не істемек болды?

Сәрсенбіде «Әсіредіншілдер 100 келі алтынды не істемек болды?» деген қызық бір материал жарияланды. Бұл оқиғаның сюжеті голливудтық вестернді немесе тайга мен алтын іздеушілер туралы ресейлік арзанқол сериалды еске түсіреді. Қылмыскерлер дәп бір кинодағыдай алтын өндіруші компанияны тонамақшы болады. Бұл қылмыс 2009 жылы Степногорскі – Ақкөл тас жолының бойында болған. Сол маңда тұратын төрт жігіт шабуылға мұқият дайындалады. Бүкіл жаз бойы және қыркүйек айында инкассатор көліктерінің соңында жүріп, күзетшілердің әрекетін зерттейді. Шабуыл жасалардан бірнеше күн бұрын күзетшілердің бірінің үйіне келіп, «егер айтқанымызды істемесең, бүкіл отбасыңды қырып саламыз» деп қорқытады. Осылайша инкассатордан алтын таситын көліктердің бағытын, шығатын уақытын біліп алған. Есі шыға қорыққан күзетші 100 келі таза алтынды қай күні қандай көлікпен алып шығатынын айтып қояды. Әрмен қарай қызық болса «Мінбер» айдарынан оқи аласыздар.

4. Өзбекстанда онлайн емхана ашылды

Коронавирус келгелі «онлайнға» жан кірді. Бұған дейін сауда-саттық пен білім, енді денсаулық жүйесі де оның шарапатын сезіне бастады. Оңтүстіктегі көршіміз Өзбек елі «Дәрігерден сұра» деп аталатын жобаны қолға алды. Науқас интернет-порталға тіркеліп, керек маманды таңдайды. Дертке дауа іздегендер дәрігермен чат, аудио және бейнебайланыс арқылы кері байланыс орнатады. Бір айта кетерлігі, бұл жерде медицина қызметкерлері науқасты онлайн емдемейді. Тек олардың жағдайын жақсарту үшін ақыл-кеңес қана береді. Дәрігер Шерзод Рузиев: «Үйде былай емделіңдер, мынадай дәрі егіңдер деп ақыл айтып отырғанымыз жоқ. Біз әр науқаспен сөйлесіп, оның қандай аурумен ауырғанын сұрап, белгілерін анықтауға тырысамыз. Сөйтіп сырқаттың өршіп кетпеуі үшін кеңес береміз» депті БАҚ берген сұқбатында. Төтенше жағдай режимінде, тіпті одан кейін ауруханаға келіп-кетуі қиын науқастар үшін таптырмас жоба дейді мамандар.

5. Коронавируспен қытайша күрес

Ұлтжанды ақсақал Кенесары Қаптағаев мынадай жағдайға куә болыпты. Полиция қызметкерлері жем сатып отырған адамдарға қырғидай тиген. Бас-басына 50 мың теңгеден айыппұл салған. Осы жайында ақсақалдың өзі «Бұл не масқара? Жем де өндіріске жатады емес пе? Жемсіз қалса, ауыл адамдарының асырап отырған малы, тауық, үндігі не жейді? Қорасындағы азын-аулақ малы аштан қырылса, халық қыста қалай күн көреді?», – деп наразылық білдірді. Рас, бес саусақ бірдей емес. Шаш ал десе, бас алып жатқан осындай құқық қорғау қызметкерлері де бар. Есігінің алдында отырған адамдарды бас салып сүйрелеп жүргендері, тіпті, дүкеннен нан алып келе жатқан азаматтың қолын қайырып, құдды бір терроршыны ұстағандай, жерге аунатып жатқан бейнеайғақтар желіде өріп жүр. «Коронавируспен қытайша күрес» деген тақырыпта тілшіміз салмақты сараптама жазды. Оқып көріңіз. Енді бір апта шыдасақ, карантин де аяқталады. Осы ретте Nege.kz сайтының ең қызықты, салмақты һәм ойлы жазбаларын бас тақырып айдарынан оқуға болатынын айтпақпын. Келер аптаға дейін аман болыңыз, Құдайберген Арманымыз орындалсын!

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации