Қайрат Нұртастың басы дауға қала жаздады | #20 ШОЛУ news video

24 шілде, 21:49

«Пенде біткенді алаламай алып жығады» делінген коронавирус қазаққа келгенде тіпті құтырды. Дауасыз дерт дайындықтан жұрдай елдің тұрғындарын өкпеден қысып, өлім құштырып жатыр.

Ауруханада орын жоқ. Дәрі-дәрмек құстың сүтіне айналды. Жарық дүниемен қош айтысқандардың соңғы сөзі мен жақынынан айрылып, жаны күйінгендердің наласын әлеуметтік желіден еститін болдық.

Ал Қазақстанның бірде бір депутаты осы уақытқа дейін өзі сайланған аймақтағы ауруханаларды аралап көрген жоқ.

«Шынайы жағдаймен танысып, халықтың сәлемін жоғары билікке жеткізейін, осы жұрттың үміті мен сенімін мен арқалап жүрмін ғой» демеді. Толығырақ «Үндемес депутат, үйден шық!» атты мақалада.

Соңғы кездері желіде маскаға спирт құйып алып, сонымен дем алғанның арқасында ғайыптың күшімен бір-екі күнде коронавирустан жазылып кеткені туралы жазып жатқандардың жазбасы көбейді. Осы тақырыпты зерттеген тілшіміз мұның бәрі былшыл дейді. Толығырақ «Спирттелген маска VS кір сабын» жазбасында.

Қазақстандық шоу-бизнес өкілі Қайрат Нұртас той-томалақтарды болдырмауды ұсынып жүргендерге қатысты ойын білдіріп, оны екі жылға шегеру туралы ұсыныспен мүлдем келіспейтінін жеткізді. «Сол тойды көп көрдіңдер. Не болды соңында? Өліммен бітіп жатыр бәрі. Осы тойды көре алмағандар, арты не болды? Өлім болып жатыр. Қызық емес болып жатыр. Тойға тыйым салуға түбегейлі қарсымын», – деді Қайрат Нұртас. Толығырақ «Тойды көре алмадыңдар, енді бәрі өліммен бітіп жатыр» материалында.

«Қойдың құйрық майы коронавирусқа қарсы ем екен...», «Суырдың майы дертті сылып түседі...», «Иттің майы – дәріден артық...», «Кірпінің еті өкпені емдейді...» Осыған саятын тіркес ем іздеген жұрттың аузында жүр. Енді біреулері «адыраспанның түтінімен өкпені тазалауға болады» деген болжам шығарыпты.

Қазақы емді жақтаушылар да жоқ емес. Кәдімгі қымызбен, саумалмен емделіп жатқандар да баршылық. Тіпті бие сауып, қымыз сатып отырғандардың айтуынша, қымыз алу үшін кезекке тұрғандардың қарасы қалың көрінеді.

Тіпті, елдегі кәріс мейрамханаларында «иттің етінен сорпа дайындалып, оны халық ем үшін ішіп жатыр екен» деген дерек бар. Бұл жайында тілшіміз «Індет жұртқа иттің майын ішкізіп, кірпінің етін жегізіп жатыр...» деп зерттеу жасады.

Бір қарағанда, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмовтың жолы болмай жүргендей көрінеді. Бірақ жолы болмай жүр ме, әлде ол өз жолын таба алмай жүр ме, бұл жағын асықпай сараптаған дұрыс. Бір анық дүние, мұнайлы аймақтың тізгінін ұстаған шендінің аты – шабан.

Әкімдердің рейтингі түзіле қалса, Серікбай Трұмов үнемі салпақтап көштің соңында келе жатады. Білетіндер Маңғыстауда шешімін таппаған талай іс бар дейді.

Қайсыбір уақытта кілемдей жұқа жолдың видеосы желіге де тарап кеткен-ді. Тілшімізге Трұмовтың тыңғылықсыздығы түрпідей тисе керек әбден сынап алыпты. Бұл енді «Бетонщиктің жолы». 

 

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации