Айшықты оқиғалар | #25 ШОЛУ news video

29 тамыз, 19:29

Әлеуметтік желілер мен сайттар аудиториясы жағынан дәстүрлі мемлекеттік ақпарат құралдарын басып озды. Енді олар мемлекеттік БАҚ-қа жұмсалатын қаржыдан өздеріне үлес сұрауда.

«Медиа нарығына бәсекелестіктің жаңа деңгейі қажет», – депті тілшімізбен тілдескен «Salem Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Александр Аксютиц.

Осыдан бірнеше күн бұрын Александр осы тақырыпқа қатысты бірнеше нақты ұсынысты Премьер-Министр Асқар Маминге жеткізіп, премьер ол ұсыныстармен келіскен болатын.

Аксютиц ұсынған статистикалық мәліметтер бойынша, Salem-ге елдегі инстаграм аудиториясының 90 пайызы, ал YouTube көрермендерінің тең жартысы тиесілі. Орташа ай сайынғы қаралымы 50 миллионға жуық.

Александр Аксютиц ұлттық статусқа ие, медианы бағалайтын тәуелсіз орган құруды ұсынып отыр. Бұл жайлы НЕГЕ жаңа медиа «госзаказдағы» ойын ережесін өзгертуге кірісті?

Италияда өртенген яхтада болған «СуперVIP» қазақтар кім?

Жерорта теңізінің Сардиния жағалауында Қазақстан азаматтары мінген яхта өртенгені туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Италия жағалауында өртенген «Lady MM» яхтасына қатысты біраз қызықты деректердің шеті шықты. Бізге белгілісі, борта барлығы 17 адам болған. Оның 8-і –қазақстандық туристер, қалған 9-ы – экипаж мүшелері. 

Әзірге яхтада болған қазақстандық туристердің кім екені ресми хабарланған жоқ. Кейбір ақпарат көздерінің дерегіне сенсек, яхтада болған қазақстандықтар жай адамдар емес, «суперVIP» дәрежедегі азаматтар көрінеді. Мәселен, Белый лист теллеграм-каналы шетелдік дереккөзге сілтеме жасап, былай деп жазды: «Өртенген яхтада бір кездері Кредит Алтын Банк және Altyn Group Kazakhstan-ға иелік еткен әйгілі Асаубаевтар әулеті демалып жатқан»

2011 жылы Асаубаевтарды қазақстандық алтын өндіруші компанияларды басқара отырып, активтерді офшорлық компаниялар арқылы шетелге шығарды деген айып тағылған. Бірақ іс бейбіт жолмен шешілген-ді. Сарапшылардың пікірінше, Асаубаевтар бизнесінің жалпы қарызы қазіргі уақытта шамамен 300 миллион долларға жеткен.

Соңғы кездері осы «қарғыс айту» мен «қарғыс алудың» төңірегінде біраз пікірлер айтылып жатыр. Оған себеп те жоқ емес. Осыдан біраз күн бұрын әлеуметтік желіде Бекболат Тілеуханның журналисті қарғаған аудиожазбасы тараған-ды. Депутаттың бұлай қарғануына журналист Серік Боқанның жазбасы себеп болған.

Осы оқиғадан кейін әзіл-шыны аралас «Бекболаттың тізіміне» еніп кетпейік дегендер көбейді. Аудиожазбадағы қарғыстан аңғарғанымыз, Бекболат Тілеуханның қаңқу сөздерге сабыры таусылған сыңайлы. Өзіне қарсы шыққандарды тізімге енгізіп, ашықтан-ашық қарғауға көшкен.

Халық қалаулысы әрі ел алдында дінді уағыздап жүрген азаматтың осылай қарғауы дұрыс па? Бұл мәжілісменнің абыройына қаншалықты әсер етті? Кәсіби этикаға сай ма? Осы әрекеті үшін қандай да бір жаза қолданыла ма? Осы сауалдарға жауап алмақ болып Б.Тілеуханның жұмыс орны – Мәжіліске хабарласқан едік. Мәжілістің баспасөз қызметі бұл жағдай депутатының жеке шаруасы екенін, мұндай «болмашы» оқиғаларға жауап бермейтінін айтты. Алайда депутаттың Мәжілістегі жұмысына қатысты сауалдар болса, жауап беруге әзір екенін жеткізді.

Қарғыс «Нұр Отан» партиясының мүшесі әрі Мәжіліс депутатының аузынан шыққан соң, этика мәселесіне байланысты сұрақтарымызға не «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, не Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин жауап беруі керек деп есептейміз.   

Қазақтың қамшысы «үшінші дүниежүзілік соғыс» тудыра жаздады

Біздің биліктегі ағайындар да тыныш жүрмейді ғой, негізі. Трамптың кеңесшісіне қамшы сыйлап несі бар еді десеңізші. Қараптан-қарап отырып, үшінші дүниежүзілік соғыстың тұтануына түрткі бола жаздадық. Қамшы ұстап, қаны қызған Шон Лоулер «Үлкен жиырмалықтың» жиынына қатысса, не болар еді? Не болғаныңыз не, АҚШ пен Ресей басшысы алакөздесіп тұрғанда, бұл қазақтың қамшысымен Путиннің басынан тартып-тартып жіберуі мүмкін еді. Түсініп тұрсыз ба, қандай бәлеге душар бола жаздағанымызды?!

Күні кеше бүкіл әлем АҚШ-тың Мемлекеттік департаментіне қарасты хаттама басқармасына жетекшілік еткен Шон Лоулердің не үшін жұмыстан шеттетілгенін ұқты. Себебі Шон «батыр» қол астындағы қызметкерлеріне әдепсіз қылық көрсетіп, дауыс көтерген. Тіпті кейбіріне тақ бір ұрып жіберетіндей тұра ұмтылған. Былайша айтқанда, этиканы сақтамаған. Неге? Себебі Шон Лоулердің қолында қазақтың қамшысы болған.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации