Жұлдыз Әбдікәрімова: бізге коронавирустан қарағанда қазақстандық мамандардың сөзі қауіптірек

12 наурыз, 15:50

Фото: instagram.com

Бүгінде қауіпті індетке айналған коронавирус шет аймақтарда өршіп тұрғаны жасырын емес.  Елімізде бұл инфекция тіркелмегенімен, білікті мамандар коронавирустың алдын алу шараларын күшейту мақсатында дабыл қағуда. Осы орайда, өнер иелері де қалыс қалған жоқ. Бірі әлеуметтік желі арқылы сақтану жолдарын жазса, Қайрат Нұртастың жары Жұлдыз Әбдікәрімова елдегі жағдайға тоқталды. Індетке байланысты өз ойын ашық айтқан актриса билік басшыларына көңілі толмайтынын жеткізді.

«Бұл жолы көпбалалы ана ретінде сөз қозғағым келеді. Бізге коронавирустан қарағанда қазақстандық мамандардың сөзі қауіптірек болып тұр... Қай жағымнан келіп қалар екен деп шошынған халық одан бетер үрейлене түсті.

Бір ауыз сөздің сауды ауру қылып, ауруды сау қылып жіберетінін түсінетін халықпыз. Бірақ соны ел алдына шығып сөйлейтіндер неге қаперге алмайды екен?! Айтарын айтып алған соң халыққа өкпелейді.

«Потому что, потому чтоны» енді #наконец_то жалғастырды. Бас санитар дәрігерінің сөзін «Бізге де келеді деген #ойдамыз» деп Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі тікелей эфирде жалғастырды. Қазақ тілінде «келеді деген ойдамыз, береді деген ойдамыз, сауығады деген ойдамыз» тіркестері жақсылықтан үмітті екенін жеткізу үшін қолданады. Бірақ «ертең вирус келеді деген ойдамыз» деген тіркестерді тікелей эфирде қаншама халыққа жеткізу өте үлкен қателік деп ойлаймын. 

Сондай-ақ, өкілдің айтуынша Қазақстан коронавирусқа қарсы профилактика жасаған #БІРІНШІ мемлекет екен. Сондықтан бізде вирус жоқ. Ал Италия сынды Еуропаның басқа елдері сақтанбаған сыңайлы... Осы жерде күлмеске болмайды. Дәріханаларында бір де бір маска жоқ, карантинге жабатын ауруханаларында күй жоқ, қалай бірінші болып дайындалғанымыз қызық», - деп жазған Жұлдыз қауіпсіздік шараларын күшейту үшін ең алдымен халықтың жағдайына көңіл бөлу керектігін алға тартты.

«Мен ешкімді сынға алмаймын. Алайда ана ретінде, осы елдің азаматы ретінде математикалық модельдің вирусты қалай жеңетінін, біздің мамандардың «Дайынбыз!» деген сөзін нақтырақ жеткізетін дәйектерді білгім келеді және ең бастысы халық алдында айтар ойларын сауатты жеткізуін сұраймын.

Бас санитар дәрігердің болжамы рас болса, халыққа масканы тегін таратып, автобус, цон, мектеп, көпқабатты үйлердің подъездеріне кіріп-шыққан адам қолын тазалайтын антисептиктер орналастырса, нағыз профилактика болушы еді. Көп сөйлейтін конференцияларға бөлінетін қаржыны көп нәтиже беретін істерге бағыттаса деген ұсынысымыз бар.»

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации