Үнді кинокомпаниясы елімізде көркем фильм түсірді

25 ақпан, 16:26

Фото: indiada.ru

Үндістанның кинокомпаниясы елімізде толық метражды фильм таспалады. «Жалынды қанаттар» деп аталатын киноның бір бөлігі Алматыда, жалғасы елордада түсірілген.

Алматы, NEGE. Болливудтың актерлері төбе көрсеткен жаңа фильмнің түсірілім жұмыстары үлкен Алматы көлінде, Медеу, Шымбұлақ, Үшқоңырда, сонымен қатар «Хабар» агенттігінің студиясында өтті. Режиссер Навин Мохаммед Али таспалаған туындыда танымал Арун мен Энтони Виджайлар, тіпті аты аңызға айналған үндістандық актер Камал Хасанның қызы Акшара Хасан ойнайды.

«Фильм желісі бойынша, басты рольді сомдайтын қыздың әкесі Үндістаннан. Анасы Қазақстаннан болады. Сондықтан да киноны осы жақта түсіріп жатырмыз. Оның үстіне біздің елдегі телеарналардың студиялары камера, қажетті құралдармен қамтамасыз етілмеген. Қазақстандық әріптесіміз Майра Карсақбаева бізге «Хабардың» дамыған, әлеуетті агенттік екенін айтты. Яғни бұл киномызға салмақ береді. Бұдан бөлек табиғатын көріп Алматыға қатты ғашық болдым. Тау да, көл де жетеді. Сондықтан елдеріңізде түсірілім жасауды жөн санадық. Тізім бойынша бұл біздің 23-фильміміз. Түсірілім жұмыстарымен бізге қазақстандық кинокомпания көмектесіп жатыр», - дейді продюсер  Тхирунавукарасу Сивалингам.

Картинаның премьерасы алдағы маусым айында көрерменге жол тартпақ. Қазақ тілінде субтитрмен де шығады. Дубляж жасалып, Отандық арналарға берілуі де мүмкін.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации