Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған фильмдердің бағы жана ма?

31 наурыз, 18:42

Фото: ғаламтордан

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы ұлттық деп танылуға үмітті киножобалардың кезекті іріктеу конкурсына өтінім қабылдауды аяқтады. Конкурсқа қанша компания қатысты, қабылданған жұмыстар қалай қаралады, келешекте қандай кезеңдер күтіп тұр деген сұрақтарға «ҰКҚМО» КЕАҚ Өндіріс бөлімінің сарапшысы Бижан Әбішев жауап береді.

– Бижан Теміржанұлы, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының конкурсына өтінімдер қабылдау аяқталыпты. Киногер-мамандардың беталысы қалай?

– Өте дұрыс, біз өтінім қабылдауды аяқтап, оларды өңдеуге кірістік. Осы сәтті пайдалана отырып, конкурсқа белсенді қатысып жатқан барша кинематографистер қауымына алғыс білдіргім келеді. Өтінімнің көпшілігі қабылдау мерзімінің соңғы сағаттарында келіп түсті. Өтінім беруге деген қызығушылықтың артуы оның жұмысына біршама өзгерістердің енгізілуіне себепші болды. Яғни 2021 жыллың 1 наурызына дейін өтінімдер қабылдау мерзімін ұзарттық.

Сонымен, бізге 450 компаниядан 503 өтінім келіп түсті. Әдеттегідей, «Көркем фильмдер» санатындағы өтінім саны көп, олар биыл – 231.  «Деректі фильмдер» санатында – 86, «Қысқа метражды фильмдер» санатында – 73, «Бірлесіп шығарылатын фильмдер» санатында – 58, «Анимация» санатында – 35, «Дебют» санатында – 31, «Авторлық/артхаустық кино» санатында 25 өтінім келіп түсті.

Нақтылап кетейік, еліміздің ең ірі киностудиясы «Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ биыл 45 өтінім тапсырды. 

– Бұл сандарды өткен екі питчингтің көрсеткіштерімен салыстыруға бола ма?

– 2019 жылы өткізілген Кино орталығының питчингіне 109 өтінім қабылданған.  2020 жылы 226 өтінім келіп түскен. Ал биыл 503 өтінім, яғни саны жыл сайын артуда.

– Қалай ойлайсыз, мұның себебі неде?

– Екі жыл ішінде Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының байқауы туралы ақпарат талайдың құлағына жетті. Біздің жеңімпаздар мемлекеттен айтарлықтай қаржылық көмек алып отыр. Бұл жүйенің қалай жұмыс істейтіні, дайындалу, өтініш беру, жобаны таныстыру арқылы қаржылық қолдау алуға болатыны көпшілікке түсінікті болды. Сондықтан да қатысушылар белсенді түрде қатысуда.  

– Бұл байқаудың талаптарында қандай жаңашылдық болды?  

– Осы жылы Кино орталығы өтінімдер қабылдау талаптарын біршама жеңілдетті. Енді бірінші кезеңде қатысушылар сценарийді, авторлардың түйіндемелерін, өндіріске қажетті соманы қамтитын құжаттар пакетін ғана алдын-ала тапсыруы керек. Конкурстың келесі кезеңіне өткен кезде презентация, смета, ҚКЖ, ниет шарттары мен т.б.  құжаттарды қамтитын толық пакетті дайындау қажет болады.

Оған қоса, Кино орталығы өтінімдер қабылдау алгоритмін жетілдірді. Электронды пошта арқылы құжаттар қабылдау жүйесін артта қалдырдық. Бүгінде қатысушыларға арнайы портал ұсынылған  (portal.kazakhcinema.kz), онда әр қатысушы өзіне жеке кабинет ашып, онлайн форматта өтінімді толтыра алады.  

Конкурсқа қатысатын жобалар одан әрі қалай іріктеледі?

– Бұл жағынан ешқандай өзгеріс енгізілген жоқ. Қазір біз техникалық жұмысты аяқтап жатырмыз, содан кейін сценарийлік өтінімдер олардың көркемдік мазмұны бойынша бағаланады. Бұл үшін Сараптама кеңесі жобаларды алдын ала бағалау бойынша жұмыс жүргізеді. Содан кейін питчингке жіберілетін жобаларды анықтаймыз, онда конкурсқа қатысушылар өз жобаларын Сараптама кеңесінің мүшелеріне таныстыра алады.

Питчингтен кейін хаттамаларды өңдеп, Ведомствоаралық комиссияның қарауына өтетіндердің тізімі жасалады. Еске сала кетейін, жеңімпаздар Сараптама кеңесінің қорытындысы мен құрамына министрліктердің басшылары, Парламент Сенатының, Мәжілісінің депутаттары кіретін Ведомствоаралық комиссия ұсынымының негізінде айқындалады. Бұл комиссия ең алдымен, мемлекеттік мүддені сақтауға және киножобалардағы ҚР заңнамалық нормалардың талапқа сәйкестігін анықтайды. 

– Биыл Сараптамалық кеңестің құрамы өзгерді ме?

– «ҰКҚМО» КЕАҚ жанындағы Сараптама кеңесі туралы ережеге сәйкес, оның құрамы жаңартылады. Қазіргі уақытта Сараптама кеңесінің жаңа құрамы жоғарыдағы органдарға бекітуге ұсынылды. Бекітілгеннен кейін, біз бірден ол ақпаратты сайтта жариялайтын боламыз.

– Сараптама кеңесі шешім қабылдау кезінде қандай критерийлерге сүйенеді?

– Мұнда көптеген факторлар бар. Сценариймен қатар, жобаның жалпы дамуы, оның прокаттық, фестивальдік әлеуеті де маңызды. Сондай-ақ, тақырыптың өзекті болуы да басты орында. Мемлекеттік қаржыландырудан үмітті киножобаларды одан әрі іріктеу кезінде Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына арналған фильмдер жасау да назарға алынған. Әрине, түсірілім тобының кәсібилігі, продюсер мен режиссердің тәжірибесі де ескеріледі.  

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации