Тарап кеткен танымал топтар жайлы не білесіз?

18 наурыз, 10:00

Фото: google.com

Қазақ эстрадасында жүрген топтар аты шығып, танылғаннан кейін тарап кетеді. Бұған себеп те жоқ емес. Кейбіреулері ортақ қаражатты бөлісе алмаса, енді біреулері өзара түсініспеушіліктің салдарын алға тартады. Ендеше отандық шоу-бизнестің дамуына үлес қосып, күтпеген жерден тарап кеткен танымал топтарды назарларыңызға ұсынамыз.  

АБК. 1990-шы жылдардың ортасында Медеу Арынбаев, Қыдырәлі Болманов, Ерлан Көкеевтің бастамасыман «АБК» тобы құрылды. 1996 жылы өнерпаздар «Тамшылар» әнін жазып, халыққа кеңінен танылды. Кейін «Қайдасың», «Говори о любви мне», «Айсұлу», «Бiр тамшы жас», «Ботақаным» сынды хит әндерді орындады. Арынбаев журналистерге берген сұқбатының бірінде «АБК»  тобы алдын-ала жобаланып құрылған топ емес деген еді.  Аты аталған топтың танымалдығына қарамастан алдымен ұжымнан Ерлан Көкеев кетеді. Кейін топ тарады. Трио ерекше ән орындау мәнерімен және сапалы музыка ырғағымен халық жадында қалды.

Қыдырәлі Болманов топ тараған соң Рахат Тұрлыханов, Қарақат Әбілдина сынды әншілердің продюсері болды. Бұған қоса, «Ұлытау» тобының негізін қалады. Кейін Қарақат Әбілдинамен шаңырақ көтеріп, 4 ұл мен 1 қыздың әкесі атанды. Қазіргі таңда бірнеше кәсіпті дөңгелетіп отыр.

Ерлан Көкеев болса «К-7» тобын құрды. Әнші мұнда да жемісті еңбек етті. Бүгінде Көкеевтің жеке мейрамханасы бар, музыка саласында еңбектеніп жүр. Жұбайы Анармен бірге 3 қыз бен 1 ұл тәрбиелеп отыр. Ал Медеу Арынбаев қазақ өнерінің өркендеуіне үлесін қосып келеді. Белгілі әнші екі баланы өсіріп отыр.

Нұр-Мұқасан. Өнер иелері шығармашылық жолын 1990-шы жылдардың басында «Бауыржан-шоу» театрынан бастады. Бірі - салмақты, сырбаз азамат болса, екіншісі - қастары қосылған сымбатты жігіт. Бұл топтың «Махаббат мәңгі ертегі», «Құдаша қыз», «Не пайда», «Бақытыңды жырлайды», «Іздеймін сені», «Неткен өмір» секілді әндерін халық ерекше ықыласпен қабылдады.

«Нұр-Мұқасан» дуэті 25 жыл бойы жұптары жазылмай сахнада өнер көрсетті. Әншілер 2015 жылы айтулы датаны атап өтіп, жеке кештерін өткізбекші болған. Бұл туралы Нұрлан Қонысбаев қазақстандық журналистерге берген сұқбатында айтқан еді. Алайда бір жылдан соң «Нұр-Мұқасан» тобы тарап кетті. Бұны Мұқасан Шахзадаев ресми растады. Журналистерге берген сұқбатында топтың тарауы әншілердің жеке мәселесі екенін атап өтті.

«Біріншіден, халыққа рақмет айтамын. Олар «Нұр-Мұқасан» тобын іздеп, оның қайта бірігуін қалайды. Дегенмен бұл өмір. Топтың тарағаны өзімізге де өкінішті. Бұның себебін жариялаудың қажеті жоқ деп санаймын. Бұл Нұрлан екеуміздің арамыздағы дүние», - дейді Шахзадаев. Топтың жұмысын тоқтатқан өнер өкілдері бүгінде жеке шығармашылығын қолға алды.

Бәйтерек. Ерлан Малаев, Нұркен Өтеуілов, Сайлау Қамиев өнер көрсеткен «Бәйтерек» тобы көрерменнің ықыласына бөленген еді. Әншілердің негізгі мамандығы актер болғанына қарамастан олардың орындауындағы «Ханшайым», «Сен» әндерін халық жылы қабылдады. Тарап кеткен топ мүшелері қазіргі таңда актер ретінде еңбек етіп жүр.

Домино. Топтың негізі 2005 жылы қаланды. Оның құрамында Шолпан Бейсенова, Закир Егембердиев және Антон Фост өнер көрсетті. Олардың «Айым-ай» әні кезінде хитке айналды. Кейін трио белгісіз себептерге байланысты сахнадан көрінбей кетті. Ал 2012 жылы «Пилот» тобының бұрынғы мүшесі Дәурен Байназаров «Доминоның» музыкалық продюсері атанды. Ол «Капелька яда», «Лови дыхание мое» әндерін жазды. Топтың жұмысы жандана бастады. Алайда бір жылдан соң ұжымнан Антон Фост бөлініп кеткеннен кейін аты аталған топ жұмысын тоқтатты.

Metis's. Шығармашылық ұжым 2006 жылы жұмысын бастады. Топта Руслан Седьмой, Валерий Задарновский, Айза Галиева өнер көрсетті. Олардың «Выше руки», «Звон бокалов» әндерін тыңдармандар жоғары бағалады. Сондай-ақ, музыкалық топ Ақан Сатаевтың «Рэкетир» фильміне саундтрек жазды. Metis's тобы тарап кетті.

Арнау. Топтың негізі 2000-шы жылы қаланды. «SuperStar» жобасы аяқталған соң Нұржан Керменбаев пен Жанар Хамитова  «Арнау» құрамында өнер көрсетті. Олардың «Сенен басқа», «Астана менің махаббатым» әні тыңдармандардар арасында жоғары сұранысқа ие болды. Бірнеше жылдан кейін Жанар Хамитова топтан кетіп қалады. Әнші арудың орнын көп ұзамай Салтанат Бақаева басады. Нұржан мен Салтанат жемісті еңбек етіп, «Егіз лебіз», «Адалдық», «Аңсарым сен», «Сүйе берем», «Махаббат жыры», «Сағындың ба?» атты туындыны шырқап, танымалдылығы арта бастайды. Араға бірнеше жыл салып «Арнау» тобы да жұмысын тоқтатты.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации