«Шал» фильмінің басты кейіпкері 72 жасқа толды

30 наурыз, 20:30

Фото: google.com

Режиссер Ермек Тұрсыновтың таспалаған «Шал» фильміндегі басты рөлді сомдаған актер Ерболат Тоғызақов 72 жасқа толды.
Алматы, NEGE. Ерболат Қасымұлы 1948 жылы Алматыда дүниеге келген.1970 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын бітірді. 1974 жылы КСРО кезеңіндегі Госкин жанынан құрылған киноөндірісі ұйымдастырушыларының екі жылдық курсын аяқтаған.
Өнер майталманының айтуынша, ол актерлық мансап туралы еш ойламаған, тек оператор болуды ғана мақсат еткен. Дәл осы арманының жетегімен Алматы халық шаруашылығы институтын бітіргеннен кейін «Қазақфильм» киностудиясына келеді. Бастапқыда ол қырғыз режиссері Толомуш Океевтің «Көксерек» фильміне әкімші болып жұмысқа орналасады. Кейіннен болашақ актер КСРО Мемлекеттік кино курстарының «Киноөндіріс директоры» мамандығына оқуға түскен. Киностудияға оралғаннан кейін көптеген танымал отандық фильмдердің таспалануына ат салысқан.

2008 жылы Тоғызақов күтпеген жерден режиссер Ермек Тұрсыновтың «Келін» фильмінде шағын рөлді ойнауға ұсыныс алады. Алғашқы рөлден кейін Тоғызақов шетелдік фильмге түсуге шақырылады. Ол Колин Фаррелл мен Эд Харрис сынды жұлдыздар қатысқан режиссер Питер Уирдің «Путь домой» фильміне түседі. 2009 жылдан бастап Тоғызақов «Сталинге сыйлық», «Груз 001», «Балалық шағымның аспаны» сынды фильмдерде шағын эпизодтарда ойнайды. Кейін жас режиссер Фархат Шарипов актерды өзінің «Қызғылт қоян туралы хикая» фильміне гастарбайтер Қайраттың рөліне шақырады. Ал 2011 жылы Ерболат Тоғызақов «Шал» фильмінде басты рөлде ойнайды. Бұл рөл актерге бүкілхалықтық сүйіспеншілік пен үлкен танымалдылық әкелді.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации