Сахнаны талантсыз әншілерден қалай тазалауға болады?

20 наурыз, 13:30

Фото: google.com

Қазақ халқы күміс көмей, жез таңдай әншілерге кенде емес. Бірақ кейбір өнер иелері тасада қалып жатады. Бұған себеп те жетерлік. Заманың талабы дейміз бе, жоқ әлде шоу бизнесте табыс табудың жолдары дейміз бе, қазіргі уақытта қалталы продюсерсіз үлкен сахнаға шығу мүмкін емес. Келісті келбетің мен қолдаушың болса, болды. Осының салдарынан әнші сымақтар көбейіп келеді. 
Сахнада бірі таныс, бірі ақша арқылы жүрген әншілер аз емес.  Сондықтан халық осы араластың арасынан нағыз талантты ажырата алмай қалады. Осылай деген «Үркер» тобының әншісі Айдос Сағат қазақ сахнасының болашығына алаңдаулы. Талантсыз әншілердің көбеюі өнердің өміршең болмауына әкеп соғады дегенді айтады. 
Айдос Сағат, «Үркер» тобының мүшесі: Қазіргі таңда танысы мен ақшасына сенген өнерпаздарды көреміз. Таланына емес, ақшасына сенеді. Сондықтан жанды дауыста ән айтпайды. Фонограмма қолдану бұл көрерменді алдау. Өнерсүйер қауым әсем ән тыңдау үшін концертке билет алады. Өкінішке орай, сол кеште жанды дауыста әндер шырқалмайды. Сонда ақшаның далаға кеткені ма? Әлде келген көрермендерді сыйламағандық па? Бұл әділетсіздікке көз жұмып қарауға болмайды. Халық фонограммаға үйренді. Себебі, өнер иелері соған үйретті. Бұлай жалғаса беретін болса нағыз өнерге, мәдениетке балта шапқанымыз. 
«Үркер» тобының мүшелері үлкен, кіші сахналар болсын тек жанды дауыста ән шырқайды.  Бұған аты аталған топтың 25 жылдық мерейтойына арналған  кеші дәлел. Дегенмен көпке топырақ шашпаймыз. Қазақтың кең даласында дарынды өнерпаздар да баршылық. Бірақ кейбір әншілердің концерті  фонограммамен өтеді десек артық айтқанымыз емес. Бұған себеп, үлкен стадиондарда аппаратуралар сәйкес келмей жатады,  оның үстіне табиғи дауыспен ән шырқайтын әншілерде аз. Одан бөлек, өз бойындағы талантын талабымен демеуге табандылық таныта алмай жүргендер де қаншама. Бойындағы өнеріне емес, танысына сеніп, ақшаның арқасында бұлбұлға айналып жүргендер де бар. Сол себептен халықты алдау да басым болып барады. 
Айдос Сағат, «Үркер» тобының мүшесі: Біз «Үркер» тобы өнерді насихаттап, жанды дауыста ән шырқайтын өнерпаздарды қолдап жүреміз. Шынайы өнер, жанды дауыс... Шынын айтқанда күллі әлем осы бағытты ұстанады. Барлық шоу-бизнесте солай. Ал бізде Қазақстанда әншілер қауымы жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүр. Әлде жалқаулықтары басым ба, түсінбедім. Кезінде техника, музыкалық аппаратуралар тапшы болғандықтан табиғи дауыспен ән шырқау мүмкін болмады. Ал қазір кез келген қаламызда мықты аппаратуралар жетерлік.  Сондықтанда концертті жанды дауыста өткізуге болады. Кімдер екенін атын атап, түсін түстемей-ақ қойайын. Қымбат костюм киіп, қай жерде жүргенін, кіммен тамақтанғанын суретке түсіріп, әлеуметтік желіге салып жүретін әртістерді түсінбеймін. Оданда уақытын вокалға арнаса деймін. 
Әнші әрі композитор Айдос Сағаттың қазақ сахнасында өнерді ұлықтап жүрген әріптестеріне   құрмет, қошеметі ерекше. Айтуынша,  нағыз таланттарды бағалау арқылы сахнаны талансыздардан тазалауға болады. 
Айдос Сағат, «Үркер» тобының мүшесі: Талантсыз әншілер көп деп айтудан аулақпын. Елімізде фонограммасыз-ақ табиғи дауыста ән салатын нағыз әртістер жетерлік. Соның бірі Ғалымжан Молданазар, Нұрболат Абдуллин.«Дос-Мұқасан», «Мұзарт», «101» тобы, «Ринго», «Меломен» тобын мақтанышпен айтсам болады. Еңбектері көрініп тұр. Олар кез келген стадиондарда қиналмай-ақ айта берді. Міне біз сондай әншілерді құрметтеуміз керек. Барлық марапаттарға лайықты. Роза Рымбаева, Ескендір Хансанғалиев, Нұрғали Нүсіпжанов, Мақпал Жүнісова, Алтынбек Қоразбаевтың тарихта аты алтын әріппен жазылады. Жас өнерпаздар алдыңғы буыннан үлгі алса екен деймін. Димаштың өзі нағыз талант, жарқыраған жұлдыз. Димашқа қарап қазақ өнерінің болашағын көремін. Алдағы уақытта сахнада орын алып жүрген келеңсіздіктерге тыйым салынады деп үміттенемін. Арнайы заң күшіне еніп, оң нәтижеге қол жеткіземіз деп сенемін. 
Айдос мырзаның айтқаны орынды. Енді алдағы уақытта өнер иелері фонограмма қолдана алмайды. Жақында Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Күміс Сейітова заңға енгізілетін жаңа өзгерістер жайлы мәлім еткен еді. Кез келген әнші шығармашылық кеште фонограмма қолданатын болса, онда халыққа ескертуі тиіс. Көрермендер кешке билетті сатып алмас бұрын, алдын ала кассада әншінің кешті жанды дауыста беретіні не болмаса фонограммамен беретіні  жайлы хабарлама жарияланып,  тіпті жарнамасында да айтылады. Министрдің бұл қолға алған бастамасын кейбір өнер иелері қолдап отыр.
Мұрат Қожа, әнші: Фонограммаға тыйым салынса, мен қуанамын. Жақсы бастама, қолдаймын. Сахнада жанды даусыңмен ән айтқанға ештеңе жетпейді. Одан асқан бақыт жоқ. Өзім оркесторда жұмыс істеймін.
Інжу, әнші: Фонограммаға қатысты жаңалықты естіп жүрміз. Жаңа өзгерістер күшіне енсе, әншілер қауымы шыңдала түседі деп ойлаймын.  Әртістер екі, үш есе жұмыс істей бастайды. Менің ойымша, біз Ресейдің деңгейіне міндетті түрде  жетеміз. Талантты өнерпаздарымыз көп. Солардың барлығы қазір шет елде өздерін мойындатып жүр. Димаштан бастап. Өзіміздің азаматты шет елден көрген кезде мен өте қуанамын. Біздің елімізде фонограммасыз, жанды дауыста ән шырқайтын өнер иелері жетерлік. Жаңа өзгерістер қиындық туғызбайды деп сенемін.
Айбар Серкебаев, әнші: Мен осы фонограмма тоқтасын дегенді қолдаймын. Құптаймын, өте жақсы. Әншілер ізденіп, жұмыс жасай бастайды.  
Танымал скрипкашы Жамиля Серкебаевадан да жаңа бастамаға қатысты ойын сұрап көрдік.
Жамиля Серкебаева, скрипкашы: Бұл жайлы менде хабардармын. Фонограммадан бөлек, өнерпаздың репертуарындағы дөрекі сөздерге де тыйым салынады екен. Енді сахна мәдениетіне байланысты тағы да талаптар күшейтілсе нұр үстіне нұр болар еді. Қазіргі таңда нәзік жандылар сыртқы образдарына көз жұмып қарайды. Киімдері сай келмейді. Жеңіл дүниеге құмар. Сахнаның киелі екенін білмейтін сияқты көрінеді. Көпшілігі ашық-шашық киіммен жүр. Осы олқылықтарға тыйым салынады деп ойлаймын. Сахна тазаланып, нағыз талантты өнерпаздар қалса екен деймін. Өнерді сатып алуға болмайды. 

Өнер иелері бұл бастаманы қолдап отыр. Олардың айтуынша, дарынды өнерпаздар тасада қалмайды. Сапалы дүниенің санын арттыру халықтың қолында. Сұраныс өскен сайын  таланттардың суырылып алға шығары ақиқат.  Сондықтан да құрметті тыңдарман таңдау сізде.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации