Сәбит Әбдіхалықов мүгедектік ала ма?

24 ақпан, 14:14

Фото: nur.kz

Бұған дейін М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының әртістері екіге бөлініп алып, бірі басшысы Сәбит Әбдіхалықовты орнында қалуын сұраса, енді бірі онымен бірге жұмыс істей алмайтынын жеткізген еді.

Тіпті, театр әртістері ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың атына хат жазған да болатын. Бұдан соң Мәдениет және ақпарат министрі А.Райымқұлова арнайы келіп, театр ұжымымен кездесті. Министрдің айтуынша, театр директоры С.Әбдіхалықов қарашаңыраққа биыл жасалуы тиіс жөндеу жұмыстарына байланысты жобалау-сметалық құжатын дер кезінде өткізбеген көрінеді. Алайда, соған қарамастан театр басшысы 29 қаңтар күні жұмыстан кету жөнінде өтініш жазып, іле-шала денсаулығына байланысты демалысқа кеткен. Бірақ ол ресми түрде орнын босатқан жоқ.  

Ал, министр Райымқұлова оның денсаулығына байланысты демалыс уақытында үйленіп, той жасағанын айтты. Театрдың кейбір актерлері «Әбдіхалықов бұл орынға лайықты емес» деген пікірін де ашық айтты. Театрдың басындағы дау-дамайды естіген Әбдіхалықов  қызметтен кететінін айтқан еді. Оңтүстік Кореяға барып, емделіп келген ол мүгедектікке шығу туралы құжат рәсімдеп жатқанынан хабардар етіпті. Оның айтуынша, осыдан 4 жыл бұрын инфаркт алып, жүрегіне стент салдырған.  

«Жүректің фракциясы 55%-дан төмен болмауы керек екен. Ал менікі 45%-ға түсіп кеткен. Емделіп жатырмын. Маған қазір тыныштық керек. Уайымдасам қан қысымым көтеріліп, ем қонбайды. Дәрігерлер тыныштық керек деді. Министрлік қазір мазалап жатқан жоқ. Денсаулықты дұрыстап алайын, сосын бұл мәселе туралы айтамын, бұлай қалдырмаймын», – деді әкемтеатрдың директоры.

Сондай-ақ, ол: «Мен жұмысты қойдым. Мүгедектікке шығамын. Мүгедектікке шығу үшін өзінің арнайы талаптары бар, комиссия қарайды. Соның шешімін күтіп жатырмын», – деген өз пікірінде.

       Оқи отырыңыз: Әуезов театрынан шу шықты

Еске сала кетсек, министрмен кездесуде сөз алған театр актері Б.Айтжанов: «М.Әуезов атындағы театр – қарашаңырақ. Бұл орында өресі биік, білімді, ішкі мәдениеті жоғары, өнегелі адам отыруы керек. Әзіл-сықақ әлемінің бір адамы еліміздегі алғашқы драма театрды басқаруы сұмдық қой! Оған қалай шыдап жүрсіздер?» деген еді. Бұл туралы С.Әбдіхалықов: «Мен ақаталатындай ештеңе бүлдірген жоқпын. Берік Айтжановтың өзі театрға екі айда бір келеді. Спектакльдерді көрмейді. Берік Айтжанов маған емес, Асанәлі Әшімовке тас лақтырып отыр. Өйткені көркемдік кеңестің жетекшісі – Әшімов. Мен олардың сөйлегендерін елеп отырған жоқпын. Олардың маған қарсы пікірлерін, мен туралы жазғандарын да оқымаймын. Олармен айтысып-тартыссам денсаулығымды құртып аламын. Аман болсам бәрін уақыты келгенде айтамын», –  депті Сәбит Әбдіхалықов.

Не де болса, театр басшысы сауығып келген соң, тағы бір кездесу ұйымдастыратын сияқты. Оның сөзіне қарасақ, бәрін сол кезде ашып айтатын көрінеді. Әліптің артын бағып көрейік.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации