Петр Чайковскийдің мерейтойы аталып өтіледі

24 ақпан, 14:00

Фото:

1 наурыз күні «Астана Опера» театрының Үлкен залы сахнасында елорда тұрғындары мен қала қонақтарының назарына атақты композитор П.Чайковскийдің 180 жылдығына арналған симфониялық музыка концерті ұсынылады.

Алматы, NEGE. «Петр Ильич Чайковский – адамзат тарихындағы ұлы музыка кемеңгерлерінің бірі. Оның туындылары әлемде жиі орындалатын шығармалар қатарына жатады. П.Чайковскийдің мәңгілік туындылары әлемдік мәдениетке қосылған баға жетпес үлес болып табылады, сонымен қатар музыкалық өнердегі дамудың жаңа сатысына жол ашқан батыл серпілісті көрсетеді», - дейді маэстро Абзал Мұхитдин.

П.Чайковскийдің музыкасы жер шарының түкпір-түкпіріндегі бар халықтың махаббатына бөленген, кемеңгер композитордың бай мұрасының жауһарлары қоғамымыздың рухани игілігінің маңызды бөлшегіне айналған. Бұл кеште П.Чайковский мен К.Сен-Санстың тамаша шығармалары Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиннің жетекшілігіндегі «Астана Опера» симфониялық оркестрі мен солист –скрипкашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілхановтың орындауында шырқалады.

Музыкалық кешті К.Сен-Санстың скрипка мен оркестрге арналған  таңдаулы туындысы ашады. Бағдарлама П.Чайковскийдің скрипка мен оркестрге арналған меланхолиялық серенадасы, си-бемоль минор, op.26 шығармасымен жалғасады. Екінші бөлімде П.Чайковскийдің №5 симфониясы, ми минор, op. 64 ұсынылады. Әсем музыкаға толы кеш көрермендерді бей-жай қалдырмайды.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации