Отандық кинопрокатта көш бастаған фильм

21 ақпан, 15:00

Фото: film.ru

Отандық кинопрокатта кассалық табысымен топ жарған фильмдер тізімі анықталды. «Ticketon.kz» сайтының мәліметінше, өткен уик-эндте «The Gentlemen / Джентельмендер / Джентльмены» фильмі көрермендер арасында жоғары сұранысқа ие болған.

Айналымдағы алғашқы аптада көш бастаған криминалды лента 76 миллион теңгеден аса пайдаға кенелді. Әйгілі режиссер Гай Ричи таспалаған туындыда Мэттью МакКонахи, Хью Грант, Колин Фаррелл және Генри Голдинг сынды танымал актерлар басты рөлді сомдаған.

Сюжет желісі бойынша, Оксфорд университетінің үздік түлегі ақсүйектер ортасына түседі. Ол есірткі бизнесін қолға алады. Алайда серінің бұл қылығын детектив әшкерелейді.

Ресейлік «Мұз / Лёд» драмасының жалғасы екінші орында. 27 миллионға жуық кіріс көрген фильм, мәнерлеп сырғанау өнеріне тәнті болған кішкентай қыздың спорттағы алғашқы жетістіктері жайлы баяндайды. Ресейдің жарық жұлдыздарына айналған Александр Петров және Аглая Тарасова төбе көрсеткен фильм, отбасы арасындағы сенім мен ет жақыныңды қолдаудың маңыздылығын көрсетеді.

Су жаңа «Doctor Dolittle / Дәрігер Дулиттлдің ғажайып саяхаты / Удивительное путешествие доктора Дулиттла» лентасымен үлкен экрандарға қайта оралған Роберт Дауни-Кіші үздік үштікте. Голливуд жұлдызы бұл жобасымен 25 миллион теңге табыс тапты.

Режиссер Стивен Гейган таспалаған тың туынды мал дәрігері Дулиттлдың бастан кешкен оқиғасын баяндайды. Жануарлармен сөйлесе алатын қабілетке ие бас кейіпкер емдік дәрі іздеу үшін кезекті саяхатқа аттанады. Маңызды миссия барысында оған түрлі хайуанаттар жәрдемдеседі.

 

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации