Өнер өкілдері кезекті челленджді қолға алды

26 наурыз, 14:31

Фото: google.com

Шоу-бизнес өкілдері карантин кезінде үйде отырса да өнерден алыстамақ емес. Көпшіліктің назарынан тыс қалуды жөн көрмейтін жұлдыздар әлеуметтік желіде аса белсенділік танытуда.

Әншілер сахнадағы  әріптестерімен бірлесе онлайн ән шырқады. Олар «Бізбіргеміз» челленджінің ұраны ретінде Батырхан Шүкеновтың «Қайран күндер» атты әнін таңдаған. Өлең тармақтарын 21 өнерпаз өзара бөлісіп, шырқады. Челленджі қолдаған әншілердің арасында  Қайрат Түнтеков те бар.
«Челлендждің мақсаты бұл халықты тыныштыққа шақыру. Ең бастысы сабырлық деймін. Құрметті, қазақстандықтар, сабырлы болайық. Еш нәрсенің уайымдамаңыздар, баршаңызға тыныштық тілеймін. Ең бастысы біз біргеміз. Челлендж болғандықтан шет елден алынған. Бірақ біздің өнердегі досымыз, продюсер Асанәлі Естияр деген бауырымыз ұсыныс жасағаннан кейін, біз ойланбастан жазайық дедік», – дейді Қайрат Түнтеков.


Эстрада өкілдерінің кейбірі карантин кезінде туған жеріне аттанса,  Алматы мен Нұр-сұлтан қалаларында қалған өнер иелері уақытты тиімді өткізудің түрлі тәсілдерін ойлап табуда. Қайрат Нұртас отбасымен бірге мерекені үйінде қарсы алса, Нұрболат Абдуллин суретшілік талантымен оқырманын тәнті етуде, ал Алтынай Жорабаева бүгінде сахнаның ғана емес асхананың жұлдызына айналған.
«Карантин уақытында ғана емес, бұған дейін де спортпен айналысып жүрдім, қазір де спортпен айналысып жүрмін. Спорт денсаулық кепілі дейді ғой. Сондықтан баршаңызды спортқа шақырамын»,- дейді әнші Қайрат Түнтеков.
Иә, байбалам салып, ғаламторды дүрліктіргеннен гөрі, берілген уақытты жақсылыққа жұмсаған абзал. Бұл сәтті жақындарыңыздың жанынан табылып, елге беймәлім ерекше таланттыңызды танытудың таптырмас тәсілі деп түсінгейсіз.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации