Нұржанның әнін тыңдасаң, аңшы болғың келеді

12 наурыз, 18:47

Фото: Сәрсенбек Қызайбек

11 наурыз күні дүлділ әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Жанпейісов Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында концерт беріп, Дәнештің дауысын сағынған елді бір отырғызып, бір тұрғызды.

Әнсүйер қауым Дәнеш Рақышевтің бұған дейін үлкен сахналарда орындалмаған бірқатар әндерін тыңдады. Соның бірі – «Соға кет» болса, екіншісі, Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған Дәнештің «Аққулар, қош болыңдар» әні. Сондай-ақ, Бексұлтан Нұржекеевтің «Баркөрнеуін», Абай Құнанбаевтың сөзіне жазылған әкесі – Қабимолда Жанпейісовтің «Мен боламын демеңдер» әнін орындады.

Жазушы Б.Нұржекеұлы

Бір ерекшелігі, бұл кеште Нұрағаңның - Нұрғиса Тілендиевтің  сирек орындалатын әні шырқалды. Ақиық Мұқағалидың әйгілі «Дариға, домбырамды берші маған» өлеңіне кезінде әнші-сазгер Тұрсынғазы Рахимовтың ән жазғанын жалпақ жұрт біледі. Бұл ғажап ән Мақпал Жүнісованың орындауында жұрт құлағына сіңісті болып қалған. Осы өлеңге Нұрғиса Тілендиев те кезінде ән жазған екен. Тыңдарман ұзақ қол соқты. Себебі екі әннің жаратылысы екі бөлек. Екеуі Мұқағали жырына екі тараптан қосылатын қос өзен тәрізді. Нұржанның орындауындағы Нұрағаңның  әні «Дариға...» ұлы ақынның сиқырлы сөздерін дәстүрлі өнердің шыңына сүйреп шыққандай әсер қалдырды.

"Отырар сазы", Дінзухра Тілендиева

Әншіні кейде Дінзухра Тілендиеваның дирижерлігімен «Отырар сазы» ансамблі сүйемелдеп отырды. Алтайдың арғы бетінен келіп, тыңдарман разылығына бөленген Бибігүл Қилымхан қосыла ән шырқады. Өнердегі әріптестері әнші-термеші Ақан Әбдуалиев пен талантты күйші Мұрат Әбуғазы да өнер көрсетті.

Нұржан Жанпейісов – жұрт дауысын қайдан естісе де, жазбай танитын санаулы әншінің бірі. Өйткені ешкімді қайталамайтын, өзіне ғана тән мәнері, өзіне ғана тән әлемі бар. Халық әншінің осы мәнері мен осы әлеміне ғашық. Әсіресе, «Аңшының әнін» орындағанда тыңдарман тағат таппай, қозғалақтап кетеді. Көз алдыңа салт-дәстүріне сызат түспеген қыр қазағының өмірі, қоңыр үйге кештетіп қонаға келген қуақы аңшы, сері жігіт және сол үйдің иелері елестейді.

Н.Жанпейісов

Әннің құдыреті деген - осы. Ал оны жеткізу әншінің қабілет-қарымына байланысты дүние. Филармонияның кең залында ине шаншар орын болмағанына қарағанда, тыңдарман Нұржанды дәл осылай бағалайтын тәрізді.  

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации