Министрлік ұсынған жобаға сын айтуға болмай ма?

10 наурыз, 16:14

Фото: автор

Латын қарпі негізіндегі әліпбиге көшу жыры бітер емес. Былтыр жыл соңында президент Тоқаев бұл мәселені пысықтап, тағы да қосымша реформалардың қажет екенін айтқан еді.

Бұдан кейін тіл ғалымдары бар, басқасы бар қолда бар жобасын ұсынған. Мәдениет және ақпарат министрлігі сол жобалардан бір жоба жасақтапты. Ал ҚР Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев әліпбиді жетілдіру жұмыстарын қорытындылау жөнінде тапсырма бергенге ұқсайды. Және жобаның кем-кетігі түгенделіп, биыл толық бекітілуі тиіс екен. Бүгін ғалымдар осы дайын жобаны талқылап, кемшілігін күлбілтелеп айтқандай болды.

Әдеттегідей тіл ғалымдары әліпби жобасын талқылауға келгенде қырықпышақ. Нақты шешім шығарып, қарар қабылдайтын кезі аз. Бұл жолы да әрқайсысы пікірін айтып, тарқасты. Мәселен, «С» әрпін әліпбиге енгізу керек пе? Егер енгізілсе «С» әрпімен «Ч» дыбысын белгілеуді құптайсыз ба? Немесе «С» әрпімен «Ц»-ны белгілеуге қалай қарайсыз?» деген ұсыныстармен шектелді.

І Орфографиялық, Әдістемелік, Терминологиялық және IT-cүйемелдеу жұмыс тобының бірлескен отырысында мақұлданған

ЖЕТІЛДІРІЛГЕН ӘЛІПБИ

 

Латын

Кирил

Әріптің

аты

 

Латын

Кирил

Әріптің

аты

1

A a

А а

а

17

Ŋ ŋ

Ң ң

ңы

2

Ä ä

Ә ә

ә

18

O o

О о

о

3

B b

Б б

бы

19

Ö ö

Ө ө

ө

4

D d

Д д

ды

20

P p

П п

пы

5

E e

Е е

е

21

Q q

Қ қ

қы

6

F f

Ф ф

фы

22

R r

Р р

ыр

7

G g

Г г

гі

23

S s

С с

сы

8

Ğ ğ

Ғ ғ

ғы

24

Ş ş

Ш ш

шы

9

H h

Х х (Һ һ)

хы

25

T t

Т т

ты

10

İ i

Й й (И и)

ій

26

U u

У у

ұу

11

I ı

І і

і

27

Ū ū

Ұ ұ

ұ

12

J j

Ж ж

жы

28

Ü ü

Ү ү

ү

13

K k

К к

кі

29

V v

В в

вы

14

L l

Л л

ыл

30

Y y

Ы ы

ы

15

Mm

Мм

мы

31

Z z

З з

зы

16

N n

Н н

ны

 

 

 

 

 

Айталық, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбектің айтуынша, 1991 жылдан бастап тілші ғалымдардың пікірі де, әліпби нұсқасы да біреу ғана. «Соңғы екі-үш жылда бірнеше нұсқа талқыналып жатыр. Ұсыныстар бірте-бірте ғалымдардың нұсқасына жақындап келеді. Соңғы ұсыныс – Мына 31 таңбадан тұратын Мәдениет және ақпарат министрлігі берген жоба. Мұнда ғалымдардың 70 пайызының ұсынысы мақұлданған. Бірақ әлі де бірлі-екілі мәселе қарастырылуы керек. Кез келген мәселе сараптаудан өтіп, тіл ғалымдарының пайымына сәйкес болуы қажет» дейді. Алайда, ғалым министрлік ұсынған жобаның кемшін тұсы туралы ашып айтуға именетін сияқты. Бар болғаны «аз ғана ұсыныс бар, сол ескерілсе дейміз» дей берді. Ол қандай ұсыныс немесе нендей кемшілік? Сұрап едік, жауапты ішіне бүгіп қалды.

Десе де, Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек бір нәрсені дұрыс айтты. Ол өз пікірінде: «Біріншіден, біз орыс тілі емес, қазақ тілінің әліпбиін жасақтаймыз. Екіншіден, онда әлбетте қазақтың төл дыбыстары көрініс табуы керек. Ол 19 дауысты, 9 дауыссыз дыбысы жеке-жеке таңбалануы керек. Үшінші ұстаным, бір таңбамен бір дыбысты белгілеу. Төртінші, латын әліпбиінде дауысты дыбысты дауыстымен, дауыссызды дауыссыздармен таңбаласақ. Себебі, қазақ тілінің дыбыстық құрамы өзгерген жоқ. Бір-біріне туыс тілдер болады. Бірақ бірде бір тілде басқа тілдің дыбыстық жүйесі көрініс таппаған. Ережелері қарама-қайшы, сәйкеспейді. Бірақ біз орыс тілінің дыбыстарын пайдаланамыз. Тілдік реформа мақсаты –қазақ тілінің әліпбиін жасау. Мұны жасай алмасақ та, соған ұмтылуымыз керек» деді.  

Құралай Күдерина, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, профессор:

– Бұл жобаны біз жасаған жоқпыз. Бұл бұрыннан келе жатқан жоба. 1991 жылы академик Әбдуәлі Қайдардың Стамбулдан алып келген ортақ түрік әліпбиі. Осы жоба қазір ұсынылған әліпбидің негізі. 1991 жылы «Ана тілі» газетіне «Латын әліпбиінің болашағы зор» деген мақала жариялады. Бұл қазақ жеріндегі латын әліпбиі туралы алғашқы мақала. Бірақ бұл жоба жылдар өткен сайын әртүрлі пікір, көзқарас, сауалнаманың негізінде өзгеріске түсті. Соның нәтижесі қазір болып отыр. Ғалымдардың арасында келіспеушілік бар. Бұл «И» мен «У» әрпіне қатысты. Бұл мәселе А.Байтұрсынұлының жасаған әліпбиінде де түпкілікті шешілмей қалған. Одан кейін 1929 жылы дұрыс әліпбиге көшсек те, 1938 жылы тағы да «И» мен «У»-ға қатысты өзгеріс енген. Осы екі дыбыс қазақ әліпбиін өзгеріске ұшырата берді. Бұл екі дыбыс дауысты ма, дауыссыз ба, әуелі осыны шешіп алу керек. Біз дыбыстарды дауысты және дауыссыз деп бөлсек, кезінде А.Байтұрсынов жарты дауысты дегенді де қосқан. Ол жарты дауыстылар төртеу: «л, р, у, и» дейді. Жарты дауыстыны кириллица әрпінен келген «И» мен «У»-ды таңбалайтын әріптермен белгілеп, «И»-ды ұзын және қысқа «И» деп бөлдік. Байтұрсынов қыр деген сөзде «Ы»-ны не үшін жазамыз деген. Су дегенде арасына міндетті түрде «Ұ»-ны қосамыз. «Ы» мен «І»-ні таңбаладық. Жазбаса да, айтылатын дыбысты жазып не қажеті бар дейді.  Тіл ғалымы А.Байтұрсынов: «Әліпби – жазуға жеңіл, оқуға оңай, баспа ісіне оңтайлы болу керек» деген. Міне, осы талаптан шығуды көздеу керек.

Талқылаудың мақсатыжоғарыдағы ұсыныстар бойынша ортақ пікірге келу. Алайда, мүйізі қарағайдай тіл ғалымдары бұл жобаның артық-кем тұсын батыл айта алмаса да, бұл отырыстың бейнетаспаға түсірілетінін және ертең тарихқа айналатынын айтып, топ болып суретке түсіп, тарқасты. 

 

Әлішер Асқарбек

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации