Литва астанасында Әл-Фараби атындағы орталық ашылды

04 наурыз, 18:20

Фото: google.com

Әлемдік деңгейдегі көрнекті ойшыл мен ғалымның 1150 жылдық мерейтойын атап өту шеңберінде литвалық Ұлттық қауымдар үйінде философ әрі ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби атындағы орталық ашылды.

Алматы, NEGE. Салтанатты шараға ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Марғұлан Баймұхан, Қазақстанның Литвадағы Елшісі Виктор Темірбаев, Литва Үкіметі жанындағы аз ұлттар мәселелері жөніндегі департаментінің директоры В.Монтивидайте,  «Нұрсәуле» Литва қазақтары қоғамының төрайымы С.Қанапина, Ұлттық қауымдастықтар кеңесінің өкілдері және литвалық түркітанушылар қатысты.

Ашылу рәсімі барысында М.Баймұхан қонақтарға ғылымның көптеген салаларына түбегейлі үлес қосқан «Әлемнің екінші ұстазының» рөлі жайында айтып өтті. Сондай-ақ, ол Шығыстың ұлы ойшылының биылғы мерейтойы ЮНЕСКО-ның «Ұмытылмас күндері» мен оқиғаларының күнтізбесіне қосылғаны және халықаралық деңгейде кеңінен мерекеленетініне ерекше көңіл аударды.

Қазақстандық дипломат Әл-Фараби мұрасының, әл-Бируни сияқты, еуропалық ғылымның қалыптасуына зор ықпалын, қайта өркендеу дәуірінің басындағы Еуропаның ұлы адамдары үшін шексіз шабыт көзі болғанын да атап өтті.

Литваның Ұлттық қауымдар үйіндегі «Нұрсәуле» қазақтар қоғамы алаңында ашылған әл-Фараби атындағы орталыққа келушілер ұлы ғалымның еңбектерімен танысып қана қоймай, сонымен бірге қазақтың мәдениеті мен салт-дәстүрін де жақынырақ біле алады. Орталықтың қызметі, ең алдымен, Қазақстан мен Литва арасындағы мәдени және ғылыми диалогты дамытуға бағытталатын болады.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации