Короновирус індеті отандық жұлдыздарды әбігерге салды

13 наурыз, 15:43

Фото: google.com

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусты пандемия деп бағалағаннан кейін әлем мемлекеттері вирустың таралуын тежеуге барын салып, ішкі қауіпсіздігін күшейтіп, сақтық шараларын қатаң ұстана бастады.

Күллі әлемге қауіп төндірген коронавирус, отандық шоу-бизнес өкілдерін де алаңдатып отыр. Түрлі іс-шараларда ән шырқап, халық арасында жиі жүретін өнер иелері індетке байланысты жеке шығармашылық кешті жаппай кейінге шегерді.

Өмірқұл Айниязов, әнші: Дәл қазір еліміздің амандығы, жұртымыздың тыныштығы, деніміздің сау болуы аса маңызды болып тұрған кезең. Ол қай уақытта да солай болған, бола да бермек. Өздеріңіз білесіздер, бүгін мемлекет басшысының қаулысымен, 13 наурыздан бастап көпшілік жиналатын барлық мәдени шараларды ұйымдастыру тоқтатылатын болды. Яғни, әлемде болып жатқан ахуалға байланысты сақтық шаралары жүзеге асу қажет. Осы орайда, сіздерге 16 наурызда Қызылорда және 18-і күні Ақтау қаласында жоспарланған концертім кейінге шегерілгенін хабарлаймын. Қазақстанның қай түкпіріндегі болмасын, әрбір тыңдарманмен қауышу - үлкен бақыт, зор мәртебе. Сондықтан бұл мен үшін өте өкінішті жағдай.

Қайрат Нұртас, әнші: Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесіне орай, Нұр-Сұлтан қаласында өтетін, менің 21 наурыздағы «Тартылыс күші» атты ән кешім кейінге шегерілгенін хабарлаймын. Кештің нақты болатын күні алдағы уақытта белгілі болады. Еліміз тыныш, халық аман болсын! Жаратқан Ием сақтасын.

Нұрболат Абдуллин, әнші: Мұқият оқыңыз. Президентіміз елге мәлімдегендей менің де әнсапарым уақытша тоқтатылды. Карантин жағдайына қатысты Меркі, Тараз, Қызылорда қалаларындағы концерттерім кейінге шегерілгенін хабарлаймын. Билет алған ағайын билетті сақтап қойыңыз. Рұқсат етілген кезде ғана концерт күнін нақты айтатын боламын. Сол кезде сіздің сақтаулы билетіңіз жарамды болмақ. Бұл менің жеке бас жауапкершілігімде.

Короновирус өнер өкілдерінің қалтасына салмақ түсіргені жасырын емес. Нұртас Адамбайдың көрерменге жол тартатын «Келинка Сабина 3» фильмінің премьерасы кейінге қалдырылғаны белгілі. Алғаш рет кинопродюсерлік тізгінді қолына алған Айқын да коронавирустың кесірінен жаңа фильмін қалың жұртшылыққа көрсете алмай отыр.

Айқын Төлепберген, әнші: Фильмге қаншама қыруар миллиондаған ақша кетті. Оны әні шығарамыз дедік, енді ол да болмайтын болса, мүмкін тамызда немесе қыркүйекте көрсетеміз деп ойлаймын. Жалғыз біздің елімізде ғана емес, әлемде де премьералар уақытша көрсетілмейді. Оның арасында  «Джеймс Бонд» кинокартинасы да бар.

Айта кетейік, елімізде ресми түрде карантин жарияланды. Кинотеатрлар жұмысын жаппай тоқтатса, концерттің барлығы кейінге шегерілді.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации