Композитор Гүлнәр Дәукенованы ақтық сапарға шығарып салды

15 мамыр, 14:38

Фото: inform.kz

Композитор, еліміздің еңбек сіңірген әртісі Гүлнәр Даукенова өмірден өтті. «Шығыстың Шынары» атанған өнер иесі бүгін жер қойнына тапсырылды. Өз ғұмырында Гүлнәр Даукенова қазақты өміршең ән-күйімен тербеп кетті. Бірегей туындылары алтын қордан орын алды.

Алматы, NEGE. «Қайран уақыт», «Шыңдағы шынарым-ай», «Мөлдір сезім», «Сағындым сағым жылдар», «Күрең күз». Бұл әндер қазақтың жүрегінен тасқа біткен қынадай орын алғаны ақиқат. Міне, осындай шоқтығы биік әндердің авторы Гүлнәр Даукенова еді.

Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Асхат Маемиров: "Күзде дүниеге келген Гүлнәр апай осылай жер бусанып жатқан көктемде біздің ортамыздан бақилыққа аттанды. Орны толмас ауыр қайғы. Қазірдің өзінде де сенгің келмейтін дүниелер болады. Бұл кісінің қазасы маған бір мұңсыз дүниеге, найзағайдың жарқылындай қатты әсер етті" деп көңіл айтты.

 Гүлнәр Даукенова қазақ ән-күй өнерінің қабырғалы өкілі еді. Еліміз тәуелсіздігін алған тұста терең толғаныстан туған «Жасай бер, Қазақстаным!» атты күйі көптеген оркестрлердің репертуарына енді. Өміршең әндері марқұм Мәдина Ералиева шығармашылығының бойтұмарына айналды. Халық әртістері Нұрғали Нүсіпжанов, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Айгүл Қосанова, Тамара Асар, Меруерт Түсіпбаева, Айгүл Иманбай, Гүлнәр Оразымбетова, Ақбота Керімбекова, Мирас пен Құралай, «Жігіттер» квартеті, «Кешью» тобының репетуарындағы Гүлнәр Даукенованың әндері өз алдына бір төбе. Ол өнер әлеміне өз орнын, өз биігін қалдырып кетті. Үржардан қанат қағып, «Шығыстың Шынары» атанды.

 58 жас деген көп емес. Бірақ артына үлкен із қалдырды. Гүлнәр Даукенова деген қазақ өнерінен ойып орын алды.Оның артында ұлы мен 4 немересі қалды. Әндері халық жүрегінен орын алды.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации