Қыз ұзатып жүрген өнер иелерінің қаламақысы қанша?

04 наурыз, 20:00

Фото: instagram.com

Ұлын ұяға, қызын қияға қондыру әрбір ата-ананың тілегі, әрі парызы. Бірі ұлын үйлендіріп, екіншісі қызын ұзатып жүрген тойсүйер қауым үшін қуанышының дүбірлеп өткені маңызды.

Кез келген ата-ана жиған тергенін қуанышына жұмсап, ақ дастархан жайып, тапқан таянғанын тойдан аямайды. Қымбат мейрамханадан бөлек, қызын шығарып салу үшін танымал әншілерді шақыру бүгінде сәнге айналғандай. Талай тойдың көркін қыздырып, шоуға айналдыра білген хитмендерге сұраныс та жоғары. Бүгінгі таңда қыз ұзатуға өнер иелерін шақыру үшін қанша қаражат керек дейтін боларсыз? Қуанышты күніңізде сүйікті әншіңіз әсем әнін шырқап берсін десеңіз, өнер иелерінің қаламақы мөлшерін назарларыңызға ұсынамыз.

«Ақботам, 

Ал, енді, қош аман,

Жар болсын өзіңе Жасаған!» деп әндетіп, талай қаракөздерді ұзатып жүрген Жазира Байырбекованың қаламақысы 1 миллион. Көрсетілген сомманы дайындап қойсаңыз, Жанболат пен Жазира Қазақстанның кез келген қаласына барып, тойыңыздың жоғары деңгейде өтуіне атсалысады. Ұзату той Алматы қаласында болса, онда 500 мың теңгеңізді дайындай берсеңіз болады.

Гүлзира Айдарбековада қыз ұзатып жүр. Табысты продюсердің қаламақысы 800 мың теңге. 1 ай бұрын жақсылап келісіп қоймасаңыз, жұмыс кестесінде бос уақыты болмауы мүмкін.

Әнші әрі актриса Салтанат Бақаева қуанышты күніңізде «Әгугай құрбым» әнімен кез келген қалада 1 миллион теңгемен ән салуға дайын. Алматыда өтетін тойға алатын қаламақысы 800 мың теңге.

Эстрада жұлдыздарынан бөлек, Сара Тоқтамысовада қыз ұзатып, қос ғашықтарға ақ тілегін арнап жүр. Танымал айтыскер ақынның қаламақысы 700 мың теңге. Айтулы күнде қызыңызды қимастықпен шығарып салады. Сонымен қатар, құдалар алдында той иелерінің абыройын асқақтатып, келген құрметті қонақтарға жырдан шашу шашады. Одан бөлек, қазақтың қара домбырасымен жанды дауыста ән шырқайды.

Ал Мадина Сәдуақасованы  ұзатуға тойға шақыру үшін 1 500 000 теңгеңізді дайындай беріңіз. Той Алматы қаласында өтетін болса, онда 700 мың теңгеңіз кетеді.

Көпбалалы ана, аяулы жар, кәсіпкер әнші атанған Қарақат Әбілдинаның жолы жұғысты болсын десеңіз, 2 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсауыңызға тура келеді. Алдын ала хабарласып, жақсылап келіссеңіз, жеңілдік жасауы мүмкін.  Айта кетейік, Қарақат ханым Отандық шоу-бизнес әлемінде қаламақысы ең қымбат өнер иелерінің бірінші тізімінде тұр.

Өмірде де, өнерде де қол ұстасып жүрген жарасымды жұп Мирас пен Құралайдың жолы жас жұбайларға жұғысты болсын десеңіз, 500 мың теңгеңізді дайындап қойсаңыз болады. Ұзату той Алматы қаласында өтетін болса, онда өнер иелерін шақыру үшін 300 мың теңгеңіз кетеді.

«Жігіттер» квартетінің мүшесі Айдар Тұрғамбек қыз ұзатамын деп сынға ілінгені жасырын емес. Жағымсыз пікірлерге қарамастан, қарындастарына ақ жол тілеп, құтты ұясына шығарып салады. Өнер иесінің қаламақысы 700 мың теңге. Ал, Алматы қаласы бойынша 400 мың. Дегенмен, қатып қалған баға жоқ. Айдар мырза кез келген уақытта жомарттық танытып, көрсетілген соммаға жеңілдік жасауға дайын.

«Еркем, еркем, еркем

Осы әніммен жан сырымды шертем.

Жатырқама, ол да сенің өлкең,

Қадірлі бол барған жеріңе», - деп әндетіп жүрген «Меломен» тобын тойыңыздың төрінен көргіңіз келсе, 700 мың теңгеңізді дайындап қойыңыз. Алматы қаласында жігіттер 400 мыңмен шығуға дайын. Одан бөлек, топ мүшелері жеке ән шырқап кетеді.

Жоғарыда көрсетілген бағаны өнер иелерінің директорларына телефон арқылы хабарласып, арнайы білдік. Ия, бүгінде шоу-бизнес өкілдері қыз ұзатуды кәсіпке айналдырған. Шашылсақ, той деп шашылайық дейтін қалың жұртышылық екі есе қаражатын жұмсап, танымал әншілерді шақыра ма, әлде оларсыз-ақ тойдың көркін қыздара ма, ол  әркімнің өз таңдауы.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации