Қазақфильмде Ермек Тұрсынов пен Нұрлан Қоянбаев «шекісіп» қалды

26 ақпан, 21:17

Фото: Nege.kz

«Қазақфильм» киностудиясында Қазақстан Кинематографистер одағы басқармасы, Киноөнер және ғылым академиясының басқарма мүшелері, «Қазақфильм» басшылығы мен жас кинематографистер арасында жиын өтті. Аға режиссерлер мен іні продюсерлер арасындағы пікірталасқа қатысқан Nege.kz тілшісі, шығармашылық буын арасында өзара өкпе мен кінәнің әлі сейіле қоймағанын жан-тәнімен сезініп қайтты. 

Басында сөзді Қазақфильмнің құлағын ұстап отырған режиссер Ермек Тұрсынов алып, қазіргі кинематографияның жай-күйін бір шолып шықты. Жас режиссерлер мен аға буын арасына алтын көпір орнауы керектігі айтылды. Тұрсынов жас киногерлердің ұсыныстары мен жобаларын қуана қабыл алатынын да жеткізді. БІрақ, жас киногерлер бұған күмәнмен қарайды. Себебі Тұрсыновтың жеме-жемге келгенде арқаға көпшік қойып, ал журналистерге беріп жүрген сұхбатында жастардың барлығын сыпыртып жамандауы көбінің көңіліне дақ болып қалған. 

Жиынға Нұрлан Қоянбаев, Нұртас Адамбаев, Баян Мақсатқызы да қатысты. Тұрсыновтың сын садағы ілініп жүргендер десек те болады. Қатысушылар арасында «Егер олар түсірген фильмдерді мойындамайтын болсаңыздар, оларды не себепті шақырдыңыздар? Не себепті біріккілеріңіз келеді?» деп сұрақ қойғандар да болды.

«Егер біз бұл тақырыпты қозғайтын болсақ, жиынымыз таңға дейін жалғасуы мүмкін. Мен өзім сіздерге бөлек келейін, сол жерде осының барлығын талқылайтын боламыз. Бірақ мен сіздерге қатысты өз ойымды өзгерткен жоқпын», - деді Ермек Тұрсынов.

«Біздің фильмдерді сынау үшін, алдымен оны көрдіңіз бе?» деп сұраған Нұртас Адамбаевқа Ермек Тұрсынов: «Әлбетте көрдім. Туындыларыңызға 10 минутымды ғана жұмсадым. Ары қарай көруге шыдамадым. Өйткені мен оны кино деп есептемеймін. Кино деген басқа әлем. Көрдіңіздер ме, қазір шулап кеттік. Біз мәмілеге келе алмаймыз. Сіздермен ұрсысқым келмейді», деп жауап берді.

Қазақ киносының бүгінгі жай-күйі туралы жиынға қатысқандардың барлығы өз ойын ортаға салды.

«Қазақфильмде» дәл осылай күнде жиналып жатқан жоқпыз. Өз басым бала кезімнен осы жерде фильм түсіруді армандайтынмын. Осы кездесуді ұйымдастырғандарға рақмет. Бұл жиынның мақсаты дауласу деп ойламаймын. Біз өмір бойы арпалысып келеміз. Егер біз «Қазақфильмді» көтеруді ойласақ, барлығымыз бірігейік. Бір-бірімізді қалай атасақ та, бір-бірімізді жерден алып, жерге салып сынасақ та бірігетін уақыт жетті. Қазір жастарға құлақ асып, олардың не айтатын тыңдайтын уақыт келді деп ойлаймын. Осы ғимаратта фильм түсіру үшін барлығы бар. Қазір жеке компаниялар да фильм түсірумен айналысып кетті. Оның айқын бір мысалы, Қоянбаев түсірген фильм миллиардтаған пайда алып келді. Бұл - біздің еліміздегі жаңа рекорд. Бірақ бұған дейін «Қазақфильм» түсірген туындылардың ішінде осыншама қаражат жинаған фильм болған емес. Бұл - шындық. Кассалық фильмдерді тек жеке компаниялар түсіріп жатыр», - деді актер Жандос Айбасаов.

Осыған дейін фильмдері талай сынның астында қалған Нұртас Адамбаев та өз ойын білдірді. Оның ойынша, жемқорлықты тек саналы түрде ғана жеңуге болады.

«Ермек, кешіріңіз әкеңіздің аты қалай екенін білмеймін. Сіз бізді ренжулі деп ойламаңыз. Сіздің өз ойыңыз бар. Фильмдеріңіз де біреуге ұнайды, біреуге ұнамайды. Сол себепті, жеке өз басым сізге ренішім жоқ және болмайды да. Мен барлығы бас қосқан жиынды пайдаланғым келеді. Жастар келіп отыр екен. Біз бұған дейін де қазақ киноларын талқылағанбыз. Мен сіздерге не айтқым келеді? Айтқанымдай, менің ешқандай уәжім жоқ. Егер осы трибунада отырып арымыз таза дегендеріңіз рас болса, мен сіздерге тек сәттілік тілеймін. Шындығына келгенде, еліміздегі кинематография ақырындап дамып келеді. Егер кино саласында мемлекет тарапынан қандай да бір қаражат бөлінсе, оны жемқорлықпен байланыстырамыз. Толтырылған сметалардың өзі мол қаражатқа жасалады. Достар, біз ешқашан жемқорлықты жеңе алмаймыз. Біз оны жеңуге саналы түрде келуіміз керек. Мемлекет бөліп жатқан қаражаттың өз мақсаты бар екенін сезінуіміз керек. Оның мақсаты – сапалы кино түсіру. Кино дегеніміз әжетханаға ағызып жіберетін қағаз емес. Кино арқылы бүтін бір мемлекеттің мәдениетімен танысуға болады. Сол үшін мемлекеттік жобаларды жеңіп алып, тек пайда көруді ойласақ бұл нағыз масқаралық. Сол үшін былыққа батудың бізге қаншалықты керек екенін дұрыстап ойлануымыз керек. Кино түсіріп, таза өз еңбегіңмен ақша табуға болады», - деді актер, продюсер Нұртас Адамбаев.

Жиында сөз алған Нұрлан Қоянбаев, осыған дейін өзін «дарынсыз» деп атағандарға жауап берді.

«Осындай үлкен жиынға шақырып жатқандарыңызға рақмет. Маған Ермек Тұрсыновтың айқандары ұнады. Мәдениетіміз жайлы өте орынды сөз қозғадыңыз. Кез келген мемелекетте мәдениет алдыңғы орында болу керек. Дұрыс айттыңыз... Бірақ, енді ғана өсіп келе жатқан жастарды «дарынсыз» деп айтқаныңызды есту өте қиын. Журналистер арқылы солай атағаныңызды естідім. Меніңше, үлкен жасыңызбен сізге дәл солай айту жараспайды. Үлкен еңбек жасап, елге танылып жүрген тұлғасыз. Біз де дарынсыз емеспіз. Шығармашылығымызды енді ғана шыңдап, өсіп келе жатырмыз. Көш жүре түзеледі. Мына жерде отырғандардың көпшілігі фильмдерін өз қаражатына түсіріп жатыр. 200-300 мың долларға түсірілген фильмдер сізге қалай ұнасын? Мысалы, сіздің «Шырақшы» фильміңіз қанша тұрады? Сметасы қандай? (залдан 600 миллион деп жауап берді). Міне, 600 миллион тұрады. «Шырақшы» кинопракатқа 25 желтоқсан шықты. Мен мынаны анық білемін, ол мемлекеттің қаражатына түсірілді. Ол - халықтың ақшасы. Ал біз мемлекеттің ақшасын алған жоқпыз. «Қазақфильмнің» ахуалын көтерейік деп жатырсыздар. Тағы бір сұрағым бар? Мына ғимараттың жылуына кім жауап береді. Бағанадан бері жаурап отырмыз. Қыста павильондарды жалға алғанбыз. Өте суық болды. Сіздерге айтарым өздеріңіздің ішкі «кухняларыңызды» жасап алыңыздар, бірақ бізге тиіспеңіздер. Сіздер сөз таластырып жатқан кезде, біз жұмыс істеп отырмыз. Ермек аға, сіздің сөзіңіз бізге қатты батты. Кешірім сұрай салсаңыз да болады ғой. Жоқ, сіз өз сөзімді қайтып алмаймын деп отырсыз. Сізге тура айтайын, біз «дарынсыздар» емеспіз», - деді Нұрлан Қоянбаев.

Ермек Тұрсынов дарынды жастардың арзан күлкіге негізделген фильмдер түсіріп жатқанына қапалы екен.

«Мен осы жерде былай деп айтар едім. Негізі мен өзімнің пікірімнен қайтпаймын. Мүмкін мен қызбалықпен бірдеңелерді айтып қалған шығармын. Сол үшін мені кешіріңдер. Келгендеріңе рақмет. Менің айтарым, сендер талантты жастарсыңдар. Мен неге ауыр сөздермен айттым? Мен сендердің барлық фильмдеріңді көруге мәжбүрмін. Өйткені жыл сайын қорытынды жасаған кезде, солай етуімізге тура келеді. Бірақ мен сол фильмдерді көрген кезде «өте талантты жігіттер неге осындай фильмдер түсіреді?» деген ойға қаламын. Бұл - менің жеке ойым. Мен ескі мектеппен қалыптасқан адаммын. Мұндай фильмдерге бей-жай қарай алмаймын. Мен шынымен де қуанғым келеді, жақсы туындыларды көргім келеді. Бірақ біздің талантты ұл-қыздар, менің көңілімнен шықпайтын фильмдерді түсіріп жатыр. Осындай кезде мен шыдамай кетемін. Неге оларды ақшадан басқа ештеңе қызықтырмайды деген ойға қаламын. Нұртас, сенде өте жақсы дүниелерді айттың. Жігіттер, сендер елдің алдына шықтыңдар. Бұл сендерге КВН емес. Мақұл, комедия жанрын таңдадыңдар. Комедия – өте ауыр жанр. Өздеріңді режиссерміз деп атайсыздар. Режиссер болу үшін өте ұзақ жолды жүріп өтулеріңіз керек. Намыстарыңызға тигенім үшін елдің алдында сіздерден кешірім сұраймын. Мен бұл арқылы сіздерді кемсіткім келген жоқ. Сіздер «Бірінші арнада» ел намысын қорғаған кезде тілеулеріңізді тіледік. Бірақ сіздер қазір «квнщик» емессіздер. Енді сіздер маған әріптес болдыңыздар», - деп жауап берді Ермек Тұрсынов.

Мемлекет қаражатына түсірілген фильмдердің деңгейі жоғары дәрежеде болу керек деген ойда. Тіпті халықтың қаражаты қайда кетіп жатқандығынан барлығы хабардар болу керек деген пікірлер айтылды.

«Сіз 600 миллионға түсіресіз. «Қазақфильмде» түсірілетін фильмдердің барлығы мемлекеттің қаражатына түсіріледі. Жарайды, сіздер біздің түсірген киноларымызды көргілеріңіз келмейді. Онда біз халықтың ақшасына түсіріліп жатқан сіздердің фильмдеріңізді көрейік. Арзан күлкі үшін түсіріп жатсыңдар деп айыптайсыз. Сонда біздің халық «Паразиты» фильмін көрмей ме? Жоқ, біздің қазақтар голливудтық фильмдерді көреді. Бірақ біздің мемлекет қаржысына түсіріліп жатқан туындыларымыздың ішінен сондай кинолар шықпайды? Біз барлығын арзанға түсіреміз. Әлбетте, ол сізге ұнамайды. Өйткені сіздер тәжірибелі мамансыздар. Сіздер, бір фильмді жарты жыл түсіруге үйреніп алғансыздар. Бір көлді 6 ай іздейсіздер. Сіздер кәдімгідей ойланасыздар. Ал біздің оған уақытымыз жоқ», - деп жауап қайтарды Қоянбаев.

Жиында барлығының басын қосып, жастарға сөз бергені үшін алғыс айтып, «Ағалар, оянайықшы!» деді Қоянбаев.

Баян Мақсатқызы да айтылған сөздерге өз пікірін қосты.

«Біз барлығымыз түйсігі бар адамдармыз. Барлығын білеміз, естиміз. Біздің мемлекеттік киноға және «Қазақфильмге», кинематографистер одағына еш қатысымыз жоқ. Біз өзімізше жүрген тәуелсіз адамдармыз. Бүгін осы жерге шақырған екенсіздер, демек қатысымыз болып тұр. Мен әріптесім Нұртас Адамбаевтың сөздеріне қосыламын. Босқа жанжалдасуды қояйық. Оның орнына жүйелі түрде жұмыс істейік. Жыл сайын миллиардтаған ақшалар бөлініп жатады. Бірақ ол қаражаттың қайда кетіп жатқанын ешкім білмейді. Бірақ бұл мәселені шешуіміз керек. Қазір айғайласып, дауласудың керегі жоқ. Барлығы бетімен кетіп жатыр. Оның ішінде кино саласы да бар. Біз продюссерлер өзімізге қандай техникалар керек екенін жақсы білеміз. Және ол қанша тұратынынан да хабардармыз. Егер керек болса, қаражаттың қайда жұмсалып жатқанын талап ете аламыз» - деді Баян Мақсатқызы.

«Өте жақсы пікірталас болып жатыр. Мәселе ақшада емес. Мына жерде Гүлнар Болатқызы отыр. Өтініштеріңіз болса, жіберіңіздер. Біз сіздерді қолдауға әрдайым дайынбыз. Өкпе-реніштеріңіз болса, іштеріңізде бүкпеңіздер. Бірлесіп жұмыс ісетйік», - деп түйіндеді Ермек Тұрсынов.

«Қазақфильм» басшылығы және басқарма өкілдері алдағы уақытта жаңа жобалар жасалып, жастардың пікіріне құлақ асамыз деп сөз берді.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации