«Қазақфильм» мен «Sataifilm» ымыраға келе ме?

06 наурыз, 16:17

Фото: sputniknews.kz

Екі тарап келісе алмаса, ақша мемлекетке қайтарылуы мүмкін. 

Алматы, NEGE. «Қазақфильм» киностудиясы мен «Sataifilm» кино компаниясының өкілдері «Томирис» фильмін монтаждау кезінде жұмсалған қаржы үшін бір-бірін айыптауды тоқтатар емес. «Sataifilm» өкілдері «Қазақфильм» киностудиясынан тарихи фильмнің монтажы үшін төленуі тиіс 9 млн 300 мың теңгені өндіріп алу туралы талап арыз берген еді. Алайда сот қазысы тараптарды татуласып, істі өзара келісу арқылы шешуге тағы да мүмкіндік беретін айтты. Судья Тұрсынәлі Төлегенов қаражат көлемінің көп емес екенін, бұл мәселені медиация жолымен де шешуге болатынын ескертті.

   «Мен сіздерден татуласуды сұраймын. Егер кеткен кемшіліктер болса, келесі сот отырысына дейін өзара ақылдасып шешуге болады деп ойлаймын. Себебі фильм түсірілген, бас мердігерге өткізілген. Бухгалтерлік қателіктер болса, түзетіп, салық органдарының алдында есеп беріңіздер. Қандай да бір қосымша келісімшарт арқылы шешуге болатын шығар. Сот сіздерді тағы да компромиске шақырады, олай болмаса келесі сотта тиісті шешім қабылданады», – деді сотқа төрағалық етуші судья.

Алайда, бұған дейін «Sataifilm-нің» біраз былығы бар деп мәлімдеген «Қазақфильм» өкілдері бүгінгі сотта тартысқа түсіп отырған қаражаттың анағұрлым көп екенін айтты. Киностудия президентінің құқықтық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Мақсат Мерекенов фильмді монтаждауға қарастырылған қаражаттың 9 млн теңге емес, 50 млн теңгеден асатынын мәлімдеді. Заңгердің айтуынша «Sataifilm» 21 млн еңбек келісімшарты бойынша төлемдерге, одан тыс монтажға жұмсалған 41 млн теңгеге атқарылған жұмыстардың актлерін тапсыра алмай отыр.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации