Қазақ қызы деген атыңа лайық бол

14 ақпан, 13:30

Фото: instagram.com

Бүгінде шоу-бизнес әлемінде жүрген кейбір нәзік жандылар  қауымы кеңінен танылу үшін  жартылай жалаңаш өнер көрсету керек деп санайды. Олардың ашық-шашық образдарына көрерменнің көзі үйреніп кеткендей. Тіпті, ерсі қылықтарымен әлеуметтік желіде түрлі бейнежазба түсіріп, жариялағанға арланбайтын да болған. Олардың мақсаты хайп, жинағаны лайк.

Say Mo лақап атымен танылған жас әнші Мөлдір Есенбек бүгінде хайп үшін түрлі қадамға баруға дайын. Елімізде ұйымдастырылған «Топжарған» байқауына қатысып, орта жолдан шығып кеткен ол Ресейде өткен «Песни» байқауында бағын сынады. Музыкалық жобадан құр алақан Алматыға оралған соң түрлі бейнежазбалары арқылы желі қолданушыларының ашуына тиіп жүр. Осы уақытқа дейін әнбейнебаянда ашық-шашық образда төбе көрсеткен қазақ қызының даттаушылары мен жақтаушылары көп. Үнемі көпшіліктің сынына ілінген Say Mo бұл жолы тым шектен шыққан. Ол инстаграм  парақшасына Джастин Бибердің «Yummy yummy» әніне билеген видеосын жариялады. Оның ерсі қылығы көптің ызасын келтірді. Желі қолданушылары қазақ қызына жараспайтын қасиет деп пікір жазғанымен, оған құлақ түретін өнерпаз жоқ.

«Мына қыздың ағалары қайда қарап жүреді?» , «Ұят дегенді білмейтін болған», «Жабықтау киінсеңші, мына түрің тіпті шектен шыққандық»,«Біздің менталитетке сай емес, қазақ қызы деген атыңа лайық бол!»,  - деп жазды көпшілік.

Әркімнің өз таңдауы бар. Дегенмен өнерде жүрген жастар өскелең ұрпаққа үлгі боларын ұмытпаса игі. Қазақ қызының таза да тұнық болмысы - тектілігіміздің айнасы деген, бірақ қаракөздеріміздің әлеуметтік желідегі әрекетіне қарап ұсақталып жатқанын көреміз.  Сондықтан ел алдында жүрген жас өнерпаздарымыз қоғамдағы алатын өз орнын біліп, көңілге қаяу түсірмесе екен дейміз.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации