Қазақ әдебиеті антологиясы 6 тілге аударылды

14 ақпан, 12:17

Фото: ernur.kz

«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында БҰҰ-ның 6 тіліне аударылған қазақ әдебиеті антологиялары авторларға тапсырылды

 Алматы, NEGE. «Бұл жобаны ұйымдастыру және үйлестіру жүйесі де бұрынғыдан өзгеше болды. Ондағы басты мақсат көркем аударманың жоғары сапасын қамтамасыз ету болатын. Ол үшін ең алдымен жобаны жүзеге асыруға 6 елдегі көркем аударма саласында тәжірибесі мол, беделді деген баспалар таңдалды. 60 автордың үздік туындылары енген антологиялар дүниежүзінің 5 құрлығындағы 93 мемлекеттің ірі кітапханалары мен іргелі оқу орындарына, мәдениет пен әдебиетке маманданған ғылыми орталықтарына таратылады», – деді ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев.

«Құндылықтар алмасып, заманалар өзгеріп жатса да ешқашан ескірмейтін, өзінің мән-мағынасын жоғалтпайтын қасиетті ұғымдар мен сондай мәңгілік тақырыптарды көркем бейнелейтін туындылар болады. Ондай шығармалар өз дәуірінің шындығын сипаттап қана қоймай, болашақ ұрпаққа жақсылық пен жамандық, ізгілік пен зұлымдық турасында тереңінен сыр шертеді. Міне, сол себепті де мұндай туындылар ешқашан өлмейді және оларды өмірге әкелген авторлардың есімдері де елдің жадында мәңгі сақталып қалады. Қазақ деген ұлт бар жерде бұл табиғи үдеріс ешқашан тоқтап қалмақ емес. «Халық – талант қайнары» дейтін даналықтың сыры да осында. Біз бүгін заманауи қазақ әдебиетінің бағыт-бағдарын, әлеуетін анық көрсететін – «Қазіргі қазақ прозасының антологиясы» және «Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы» атты кітаптардың тұсауын кесіп, оларға үлкен өмірге жолдама бермекпіз. «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында жасалған бұл кітаптармен таныстыру еліміз бойынша Алматы қаласында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бұл еңбектерді – Елбасы идеясының жүзеге асуы және талантты қазақ қаламгерлерінің ерен жеңісі деп бағаласақ орынды болмақ», – деді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев. 

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации