«Гарант-24 Ломбард» жарнамасына түскен жұлдыздар халықтан кешірім сұрады

23 ақпан, 13:37

Фото: видеодан

Ағайынды Артур мен Асылхан Төлеповтер және эстрада әншісі Айқын Төлепберген «Гарант 24» жарнамасына түскені үшін, барша қазақстандықтардан кешірім сұрады.

Алматы, NEGE. Айтуларынша, оларда алаяқтардың арбауына түскен. 

«Бұл компанияға ешқандай қатысым жоқ. Сіздер сияқты мен де алданып қалдым. Компанияға мені досым алып барды. Ол «көлігіңді қымбатқа сатып, арзанға басқа көлік сатып аласың» деді. Құжатын көріп, көз жеткіздім. Келісімшарты да көрдім. Көп көлік пен пәтер сатын алынғанын да көрдім. Бұл жерде мен ломбард деп ойладым. Кәдімгі қымбат бағаға өткізуге болады деп ойладым. Мен өзім арзан бағаға көлік күттім. Алдандым. Досым да алданғанын айтып отыр. Осы арқылы кейбір достарым арзан бағаға көлік алып, кейбір достарым шын мәнінде көліктерін қымбатқа сатты. Сондықтан олардың жарнамасына түскен едім», - деді әнші инстаграм парақшасында.

Артур мен Асылхан Төлеповтер де жағдайды түсіндірді.

«Біріншіден, баршаңыздан осындай жарнамаға қатысқанымыз үшін кешірім сұраймыз. Біз де сіздер секілді алдандық, бізді де алдап соқты. Бізді танысымыз арқылы жарнамаға шақырды, біз де жарнамаға түспес бұрын әріптестерімізден сұрадық. Олар тақтайшаға жазып бәрін көрсеткен. Системасын көрсетті. Құжатын, барлығын көрдік. Біз де таңғалдық нарықтағы бағадан арзан сатып, сіздерден қымбат сатып аламыз деген сияқты. Біз таңғалғаннан кейін қызығып, жарнамасына түсіп, біз де қазіргі таңда жәбірленуші атанып отырмыз», - деді Асылхан Төлепов.

Ағайындылар 13 миллион теңгеге шығындалған. 

«Бізге де оңай соққан жоқ. Интернет желісінде «Әртістерді жазалау керек», «Олар халықты сендіре білген» деп жатыр. Құрметті ағайын, біз де өздеріңіз секілді қарапайым азаматтардың біріміз, біз де жақсы жағына шыққымыз келген, үстінен ақша көргіміз келді. Сондықтан барлығыңыздан басымызды иіп, кешірім сұраймыз», - деді Төлеповтер.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации