Бозоқ қалашығының ежелгі тарихын білесіз бе?

02 мамыр, 16:29

Фото: ғаламтордан

Елорданың батысы «Үркер» шағын ауданының солтүстік ірге қапталында Бозоқ қалашы­ғы­ның табаны жатыр. Бұл нысан­ға 1999 жылы Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен танымал археолог Кемел Ақышев ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген еді. 

Алматы, NEGE. Соның нәтижесінде хронологиялық тұрғыдан – ежелгі түрік ғибадатханасы, ортаға­сырлық қалашық қыпшақ мұрасы, Алтын Орда кезеңінің қорымы анықталған болатын.

Кеңестік кезеңде халқымыздың тарихы мен мәдениетін кемсіту мақсатында айтылатын «көшпенділерде қала мәде­ниеті қалыптаспаған» дейтін түсінік болды. Бұл түбірімен қате ұғым. Соңғы жылдары отандық әлеуметтанушылар тарапынан, өркениет атаулыны тек отырықшы қоғаммен байланыстыру түбірімен қате деген пікірлер айтылып жүр. Академик-қыпшақтанушы Б.Көмеков: «Өркениет дегеніміз – мем­лекет, қала, жазу-сызу, руханият дейді. Ал көшпелі қоғамның болмысы жоғарыдағы төрт заңдылыққа сыймайды. Көшпелі қоғам ешқашан бір жақты болмаған. Оның тұрмыстық мәдени болмысында: мал шаруашылығы, егіншілік, қалаласу процесі, оқу-білімі бәрі бар толыққанды қоғам» дейді.

Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап, апайтөс даламыздың қолат-қойнауында зерттелмей жатқан ежелгі қала мәдениетінің үлгілері қолға алынды. Соның бірі – елорда іргесіндегі Қараөткел ауылының оңтүстік-батысына қарай бес шақырым қашықта орналас­қан Бозоқ қалашығы. Бұл нысан туралы алғашқы мәлімет 1816 жылы Орталық Азияға сапар шеккен орыс офицері Иван Шангиннің жолжазбаларында кездессе, 1929-1930 жылдары өлкетанушы Л.Семенов ескерткішке алғашқы барлау жұмыстарын жүргізген.Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2010 жылы жарық көрген «Еуразия жүрегінде» атты еңбегінің 118-бетін­де: «Ортағасырлық Бозоқ қаласын Ақмоланың тікелей атасы, ал оның соң­ғы ұрпағы қазіргі Қазақ­станның елор­дасы Астана деп есеп­теуге болады» деген өзекжарды тұжы­рымын айтып: «1820 жылы Ресей импера­торлық «Сибирский вестник» журналында орыс кен инженері Иван Шангиннің күнделігі жарияланды. Осы күнделік беттерінде Шангин Бас штаб тапсырмасы бойынша 1816 жылы Есіл-Нұра бойын зерттеп, Бозоқ көлінің жағасында көне қалашық орны барын баяндаған. Осы дерекке сүйене отырып мен Астана төңірегінің археологиялық картасын жасауға бастама көтердім... Сонымен 180 жылдан кейін, 1999 жылы осы жұмысты атқаруды зор құлшы­ныс­пен қолға алған академик Кемел Ақы­шев бастаған археологиялық экс­педи­ция қазіргі Астанадан он бес ша­қы­рым жерде жатқан қаланы қазуға кіріс­ті. Кейін анықталғандай, қаланың нағыз атауы Бозоқ екен. Ғалымдар қала­ның гүлденуі Х-ХІІ ғасырларға келе­тінін анықтады. Бұл олжаның құндылығы – орта және одан ерте көне ғасырларда дала өлкесі өз қалалары мен қоныстары болған көшпелі мәдениеттің нағыз қайнары және ошағы екендігін дәлелдеп отыр» деп жазған екен.Нысанға 1999 жылдан бас­тап тұрақты зерттеу жүргізіп келе жатқан Есіл стационарлық археоло­гиялық экспедициясының жетекшісі Марал Хабдулинаның қорытынды есебіне қарағанда, Бозоқ ескерткіші хроно­ло­гия­лық тұрғыдан түрлі нысан­дар кешенінен тұрады: ежелгі түрік ғибадат­ханасы, ортағасырлық қалашық, Алтын Орда кезеңінің қо­рымы, стационарлық тұрғын үйлер, өндіріс орындары, қазақтардың қыстауы және суару жүйесі т.б. Сонымен қатар қалашық материалдары төрт орта­ғасырлық мемлекеттік құрылымның тари­хын көрсетеді: Түрік қағанаты, Қып­шақ хандығы, Алтын Орда және Қазақ хандығы. Яғни қалашық VII-IX ғасырлардан XVI-XVII ғасырларға дейін ежелгі түркілердің киелі орны, одан кейін керуен саудасын бақылайтын қыпшақтардың қонысы болды деген болжам бар. Қыпшақ дәуірінде бұл жерде егіншілік ісі өркендегені байқалады. Оған дәлел – стационарлық, өндірістік және ирригациялық құрылыстардың қал­дықтары, тұрмыстық заттар, қару-жарақ, әшекейлер, монеталар тағы басқа Ал XIV ғасырда қалашық Нұра-Есіл аймағы­ның исламданған элитасының рухани орталығына айналып, діни-мемориалдық кешен қалыптасыпты. XVIII-XIX ғасыр­лар­да мұнда қазақтың шаруашылық нысандары (қыстаулар) орналасқан көрінеді.

Бозоқ қалашығының ерекшелігі – далалық қала мәдениетінің үлгісі ретіне танылуы және бұдан мыңдаған жыл бұрын пайда болған ерекше тарихи ес­керткіш ретінде сақталуы. Ескерт­кіш­ке жүргізілген археологиялық зерттеулер қалашық құрылысының тарихи хро­нологиясын анықтады. Ондағы қо­ры­тынды бойынша «VI ғасырда ежел­гі түркілер қуатты әскери мемлекет құ­рып, Өтукен даласынан батысқа қарай Ду­най­ға көшкен кезде VII ғасырда бұл терри­торияны игерген» деген ғылыми болжам айтылуда.

Қазіргі таңда бұл істің атқарылу барысы және белгіленген жоспарымен танысу мақсатында «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорық директоры Сәуле Бөрібаеваға жолыққанымызда:

 – Тәуелсіздік жылдарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған ауқымды істің бірі – 2004 жылдан бастап Қазақстан аумағында тарихи және мәдени ескерткіштер мен ны­сандарды қалпына келтіруге бағыт­талған «Мәдени мұра» мемле­кеттік бағдарламасы. Осы бағдарлама негізін­де 2004 жылы Бозоқ қалашығында шетел­дік сарапшылардың қатысуымен халық­аралық ғылыми форум өтті. Форум­ның қорытындысы бойынша қарар қабылданды және қалашықтың ғы­лыми және мәдени маңызы туралы сарап­тамалық пікірге қол қойылды. Сөйтіп алғаш рет ескеркіш материалдары Еуразияның ғылыми археологиялық кеңістігіне енді. Сөйтіп 2006 жылы «Бозоқ» археологиялық ескерткіші негі­зінде Ұлттық табиғи-тарихи саябағын, нақтырақ айтқанда аспанасты музейін құру жоспарланған болатын, – дейді Сәуле Бөкейханқызы.

Бұйыртса, алдағы жылдары ин­нова­циялық жоба ретінде іске қосылатын Бозоқ қалашығы еліміздің туристік картасында тартымды мәдени инфрақұрылым ретінде танымал болады. Нәтижесінде, Бозоқ мәдениеті – елорданың туристік брендіне айналады.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации