Балауса Ерғалина: Абайлаңыздар, сақтанып жүріңіздер

01 сәуір, 20:34

Фото:

«Keshyou» тобының экс-мүшелері қосылып ән шырқаған бейнежазба тыңдарманның оң бағасын алды.

Баян Мақсатқызы экс-кешьюліктердің басын қосып, кезекті челлендж ұйымдастырғаны белгілі. Продюсердің шәкірттері «Туған жер» әнін бірлесіп орындаған еді. Бұл идея музыкалық продюсер Бағым Мұхитденоваға тиесілі. Бүгінде бейнежазба әлеуметтік желі арқылы тарап, мыңнан аса қаралымға ие болды.

Балауса Ерғалина, «KeshYou» тобының әншісі:

Барлығымыз қуана-қуана келістік. Себебі «Туған жер» әні KeshYou тобының репертуарындағы орны ерекше туынды. Екіншіден, осындай ара-қатынасымызға сын түскен кезеңде бәріміз бірігіп, ауызбіршілігімізді, Отанға деген сүйіспеншілігімізді көрсететін уақыт деп ойлаймын.

Ержан Мұқатаев, «Алау» тобының мүшесі:

Бұған дейін де мұндай бейнежазбалар түсірген әртістер болды. Бірақ мұндай челлендж барша көрерменнің, халықтың көңіл-күйін көтеру мақсатында  жасалған. Өйткені қазір бір жерде жиналып бас қоса алмайды. Сондықтан осылай өнер көрсетуге тура келіп тұр. 

Карантинге байланысты «KeshYou»  тобының да жұмысы тоқтап тұр. Қазіргі таңда қыздар ата-аналарының жанында. Топ мүшелері қиын кезеңде қазақстандықтарға қолдау білдіріп, пайдалы кеңестерімен барынша бөлісіп жүр.
"Кейінге шегеріп жүрген кітаптарды оқып, киноларды көріп, онлайн курстарға, тренингтерге жазылып, өзін-өзі дамытуға үлкен бір мүмкіндік болып тұр деп ойлаймын. Өздеріңізге қарайлап жүріңіздер, абайлаңыздар! Сақтық шараларын сақтап, ең бастысы үйде болыңыздар" дейді Б.Ерғалина.

Қазіргі уақытта қазақстандықтар жаппай карантинді үйінде өткізуде. Өнер иелері уақытын үй шаруасына арнаса, Кәмшат Жолдыбаева спортпен шұғылданып, tiktokқа түрлі бейнеролик түсіріп жүр. Қыздар ұжымының бұрынғы әншісі Жұлдыз Өмірғали тігіншілік өнерін қайта қолға алыпты. Ұл-қызына арнап түрлі киім тігіп, көрпе құрауға да білек сыбана кіріскен. KeshYouдің экс-әншілері Сара Амангелді, Айдана Меденова, Жанар Дұғалова мен Назым Әбілдиналар әдетте әлеуметтік желіге жұлдызды өмірдің жарқын жақтарын жиі жүктейтін еді. Бүгінде қос бұрымды  үй шаруасын атқарып, ас бөлмесінен шықпайтын болған.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации