Аян Өтепберген: болашақ жарымды әлі кездестірген жоқпын

26 наурыз, 16:02

Фото: google.com

Аян Өтепберген енді әншілікке бет бұрды. Осы уақытқа дейін актер ретінде танылып келген ол енді өзін жаңа қырынан сынап көрмек.

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері өткен жылы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері атанды. Аян Отандық кинотуындыда басты рөлді сомдап, өнерсүйер қауымның көзайымына айналды.  «Жау жүрек мың бала», «Рэкетир 2», «Қазақ хандығы», «Тайталас», «Зеркала», «Томирис» сынды фильмде басты рөлдің бірін  сомдаған ол бүгінде әншілікті қолға алып, бірнеше жаңа ән туындыны тыңдармандарына ұсынбақ ниетте.   

Аян Өтепберген, актер:  Екі саланы да қатар алып жүремін деп шештім. Әншілік те, актерлік те өнер. Музыкалық аспапта ойнағанды жақсы көремін. Осы жылы шығармашылығымды әнге арнасам деп ниеттеніп жүрмін. Бір, екі жаңа әнімді тыңдарманға ұсындым. Бағасы әзірге жаман емес. Негізі бойында дарын болмаса нәтижие болмайды емес пе? Ал менің бойымда әншілік қабілетім бар. Қазіргі таңда  тағы жаңа ән жазып жүрмін.

Музыкалық драма факультетін тәмамдаған Аян «кәсіби әнші болмасам да, музыкадан біраз хабарым бар», - дейді.

Аян Өтепберген, актер:  Өзім шығарамын әндерді, әндердің сөздерін де өзім жазамын. Кейбір кезде музыкалық гитарада сүйемелдеу қажет болса, гитараны да өзім ойнаймын.

Бүгінде Өтепберген музыкант ретінде «Секіре алмайтын шегіртке», «Дежавю» және «Ты еще не спишь» сынды тректерін ұсынды. Актер әндерінің барлығын өзінің қиялындағы аруға арнайтын көрінеді.

Аян Өтепберген, актер:  Кез келген жанның музасы болады. Сол арқылы ол шабыттанады. Соған ән арнайсың, соған ән шығарасың.  Менің де музам бар. Оны ойымнан құрастырып алдым.

Ал Аянның мұндай әрекетіне сүйген аруының жоқтығы себеп болса керек. «Дәл осы жылы үйленемін», - деп былтыр уәде берген актер, өмірлік жары болатын жанды әлі күнге дейін кездестірмегенін айтады.

Аян Өтепберген, актер:  Кейбір кезде көп нәрсені асығыстықпен айтып қоямыз. Сондықтан алдағы уақытта бұйырып жатса әрине үйленеміз. Бұйырмаса үйленбейміз дегендей. Бастысы ниет бар үйленуге. Бірақ болашақ жарымды әлі кездестірген жоқпын.

Қазіргі уақытта Аян жанкүйерлерін жеке өміріне қарағанда, әзірге шығармашылық жаңалықтарымен қуантып жүр. «Алда талай тың тректердің тұсауы кесіледі»,- дейді ол.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации