Алып шаһарда күмбірлеген күй, әуелеген ән кеші өтті

05 наурыз, 13:00

Фото: google.com

Күллі қазақ елі хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойын Республика көлемінде атап өтуде. Қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаған ұлы ақынның шығармаларын насихаттау мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Дүбірлі тойды атап өтуден өнердің қара шаңырағы саналатын Құрманғазы атындағы қазақ Ұлттық  концерваториясы да қалыс қалмады.

Құрманғазы атындағы қазақ Ұлттық  концерваториясы ұлы ақынның мерейтойына орай «Ғасырлар үні» атты кеш ұйымдастырды. Айтулы шараға жиналған жұрттың қарасында шек болмады. Даңғаза музыкадан шаршап, ұлттық өнерге сусап жүрген тыңдарман бұл күнді асыға күткені рас. Кеш барысында ұлы ақынның «Ерекше естен кетпес қызық қайда?» өлеңіне жазылған жаңа әннің тұсауы кесілді. Абай әндерінің қоры тағы бір туындымен толықты.    

Қуаныш Жұмағали, сазгер: Жастарға Абайдың өлеңдерін дәріптеуді жөн көрдік. Осындай кештерден көрермен рух алады. Жаңа шығармаларым бар. Абайдың сөзіне жазған ән күйім бар. Еркін Шүкіман деген әншіміз орындады. Одан бөлек «Құлансаз» ансамблі мен қара шаңырақтың студенттері өнер көрсетті. Біз дәстүрлі өнерді насихаттаудан жалыққан емеспіз.

Жастардың  рухын көтеру үшін жаһанданудың қалтарысында қалып бара жатқан  дәстүрлі өнерді жандандыру - өнерді шексіз сүйген  алдыңғы буынның басты мақсаты.  Қара домбырамен ән шырқап, күй тартып жүрген Айгүл Қосанова дәстүрлі өнерге әлемдегі ешқандай өнер түрі тең келмейді дейді.

Айгүл Қосанова, дәстүрлі әнші: Өнер ордасының барлық жастары осы жерде. Себебі консерватория қазақ өнерінің алтын қара шаңырағы. Еліміздің әр жерінен келген жастар мұндай кештен қапы қалмайды. Дәстүрлі музыкамыз өлмейді. Қаншама ғасырдан бері келе жатыр. Әлі де ғұмыры жалғаса бермек. Біздің алдымыздағы аға әпкелеріміз бізге бұл өнерді аманаттап кетті. Біз де соңымыздан ерген жастарға үйретеміз, өнерге баулимыз.

Абай Құнанбаевтың шығармашылығына арналған кеш көрерменге ерекше әсер сыйлағандай. Бабалар аманатын арқалаған өнер иелерінің жырлаған әр туындысы халық жүрегінің төрінен орын алды деп сенеміз!

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации