Вирусолог: АҚШ-та 1,6 млн адам көз жұмуы мүмкін

25 наурыз, 10:23

Фото: iz.ru

Ұлыбританиядағы Кент университетінің вирусологы Джереми Россман аса қорқынышты болжам жасады. Оның айтуынша, бір жыл ішінде коронавирустан АҚШ-та 1,6 миллион, ал Ұлыбританияда  330 мың адам көз жұмуы мүмкін.

Алматы, NEGE. Бұл туралы The Conversation басылымына сілтеме жасап Известия газеті хабарлады.  

Маман өз болжамын COVID-19 вирусы мен 2009 жылы пайда болған H1N1 шошқа тұмауының таралуымен салыстырған.

Ғалым вирус жұқтырған бір адамның қанша адамға тарату ықтималдығына назар аударған. Шошқа тұмауында бұл көрсеткіш 1,5 болса, COVID-19 үшін 2,38 мен 3,28 аралығында бағаланған.

«Тіпті таралу жағдайы 2,38 болса да, COVID-19 бір жыл ішінде Америка Құрама Штаттарында 1,6 миллион, Ұлыбританияда 330 мың адамның ғұмырын жалмайды» дейді Джереми Россман.

Оның айтуынша, бір жыл ішінде вирус жұқтырғандардың саны АҚШ-та 287 миллионнан асады, олардың 11 миллионға жуығы ауруханаға жатқызуды қажет етеді, бұл жағдай басқа да аурулардан болатын өлімнің өсуіне әкеледі.

Американың Джонс Хопкинс университетінің мәліметтеріне қарағанда, 24 наурызда АҚШ-та коронавирус індетінен қайтыс болғандар саны 600 адамға жетіп, вирус жұқтырғандар 49 678 адамға ұлғайды.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации