Туризм қауіпті болған кез

11 наурыз, 14:52

Фото: nege.kz

О заманда бұ заман, жаһан кезіп саяхаттау қауіпті болады деп кім ойлаған?! Әсіресе, бар мүмкіндік дамыған біздің ғасырда. Қазір дәл осы туризм әлемді тақырға отырғызып, байды пақырға айналдырып, кедейді тақымға басып кетуі мүмкін.

Осыдан тура бір жыл бұрын бауырлас Түркия доллардан саналы түрде бас тартып, еуроға көшті. Осылайша АҚШ-пен болған талай жылдық саяси-экономикалық қырқысқа үтір қойылып тұр.

Бір Түркия қырын қарады деп Трамп үкіметі де опық жей қоймады. Сондағы сарапшылардың дені «еуроға көшкен Түркияның туризмі тығырыққа тірелді, жан бағып отырған миллиондаған түрік үшін қиын кезең басталды» деп атойлаған.

Доллармен есеп-қисап жасасқан түріктер еуроны да жатсынған жоқ.

Бас-аяғы бірнеше айда туристерге тиімді шарттарын жеткізіп, тіпті, туризм бұрынғыдан да жандана түсті. Бұған дәлел 2019 жылы Ердоған елі туристік салада рекорд орнатты. Бір жылда 14 пайызға көбейген туристердің жалпы саны 52 млн адамға жетті. Әлем бойынша үздік 10 туристік елдің қатарына енген Түркия енді 2023 жылы қонақтар санын 75 млн жеткізіп, Қытай мен Италияны басып озбақ ниетте.

Дәл осы Түркияның тым пысықтығы басқа-басқа, бізге қауіпті болып отыр. Неге?

Бүгін таңсәріде жаһандық БАҚ қытайлық вирустың Осман жеріне жеткенін жарыса жазды. ТР Денсаулық сақтау министрі Фахреттин Қожа: «Коронавирус жұқтырды деген күдік бойынша еліміздің азаматына тест жасалды, тест оң нәтиже көрсетті», – деп хабарлады.

Аталған вирус іргемізден табылса да, бізді айналып өтіп мұхиттың арғы жағындағы алыс Американы, есік пен төрдей жерде тұрған Еуропаны жайлап алды. Енді бауырлас Түркияның да шекарасына тайраңдап кірді.

Өзімізше «тегі қытайлық, атауы ресейлік, жұғу сапасы таза италиялық вирус қазақша антивирустан үркіп жүр» деп әзілдегеніміз бар.

Солай дегенімізше, бас санитар Жандарбек Бекшин «көп күткен қонақ та келіп қалды» деп мәлімдеді. Бақсақ, Бекшиннің бір білгені бар сыңайлы. Өйткені күні кеше Фахреттин Қожа да өз елінде өткен брифингте Түркияда анықталған коронавирус оқиғасы жоқтығын, алайда болуы мүмкін екенін айтқан. Араға сағат салып ықтимал дегені нақты дерекке айналды. Бекшин «11-16 наурызда келіп қалады» деді. Бүгін Алматыда жоспарланған баспасөз мәслихаты өтпей қалды.

Түркияда вирус жұқтырған ер адам жақында ғана Еуропадан саяхаттан оралған. Министр Қожа қазіргі уақытта пациент карантинге жатқызылғанын айтты. Оның денсаулық жағдайы қанағаттанарлық деңгейде деп бағалапты. Нақты емі жоқ вирус жұқтырған адамның қанағаттанарлық деңгейде болғаны түсініксіз.

Қош, сонымен туризмнің қаупі – жұқпалы ауруларды қысқа мерзім ішінде дүниенің қиыр-қиырына тарату.

Оның неге Қытайдан табылғаны да түсінікті. Өйткені қытай жыл сайын 60 миллионнан астам турист қабылдайды. Бір жағы әлемдік импорттың шамамен тең жартысы осы елге тиесілі. Соңғы жұмада италиялық азаматтар жаппай вирус жұқтырып жатыр. Қайтыс болғандар саны да мыңға жетіп қалды. Жұқтырған 10 мың адам тағы бір аптада еселену қаупі бар.

Қытай мен Италиядан кейінгі турист көп қабылдайтын ел – Түркия. Өткен жылғы дерек қолға түспеді, бірақ, доллар дүркіреп тұрған 2018 жылы 104 мыңға жуық қазақстандық Түркияға сапарлап барған. Осы жылы да қаңтар мен ақпанның аязында Қазақстаннан түрік еліне аз адам барған жоқ. Сонда жүргені, қазір әуежайдан ұшып барып, келіп жатқаны қанша?! Бекшин, әсілі, осыны меңзеген болар.

Коронавирус картасына мұқият қарасақ, туризм саласы дамыған елдерде вирус жұқтырғандар тым көп. Дүниені алақанына салғысы келетіндердің біраздан қарусыз соғыс жүргізіп жатқанын еске алғанда, туризм соғыстың баламасы ұқсап көрінеді. Туризмнің басты қаупі осыда. Бұдан шығатын қорытынды, коронавирус жәй ғана құрал немесе қару болуы мүмкін. Бар қауіп туризмде. Ал біз вирусты кінәлаймыз. Неге?

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации