Тәжтажал. Әлем тығырыққа тірелді ме?

22 наурыз, 13:32

Фото: racurs.ua

Әлемге белгілі ақпарат құралдары дүниежүзін шарпыған қауіпті індетке қатысты мәліметтерді жариялап үлгермей жатқандай. Себебі деректер күн сайын емес, сағат сайын өзгеруде. «Nege» порталы ресми деректерге сүйене отырып, 22 наурыз күнгі жағдайға шолу жасады.

 

Таиландта рекордтық көрсеткіш

Бір күн ішінде 188 адам коронавирус инфекциясымен тіркелген. Бұл туралы күн сайын өтетін Таиланд Денсаулық министрлігінің баспасөз мәслихатында айтылды. Министр Тхависин Висануйотхинның сөзіне қарағанда, қазір індет жұқтырғандар саны – 599. Олардың дені «Лумпхини Раминтра» стадионында өткен бокс кешінде коронавирус жұқтырған. Сондықтан да болуы керек, карантинге жатқызылғандардың көбі жастар екен.

 

Армения алаңдап отыр

Арменияда індет жұқтырғандар саны 190-ға жетті. Армения Денсаулық сақтау министрлігінің індетті бақылау және алдын алу Ұлттық орталығының хабарына қарағанда, сырқаттар саны күні кеше 160 болған. Олардың екеуі айығып шықса, қалғандары әлі де дәрігерлер бақылауында.

 

Өзбекстанда індет жұқтырғандар 40-тан асты

Өзбекстанда да вирус жұқтырғандар саны күн сайын көбейіп келді. 22 наурыз күні олардың саны 42-ге жетті. Бұл елге де қауіпті вирусты сырттан келгендер таратқан. Алғаш 15 наурыз күні Франциядан келген әйел адамнан коронавирус анықталған еді. Өзбекстан Денсаулық министрлігінің Telegram желісіндегі мәліметіне қарағанда, соңғы тіркелген адам Швейцариядан оралған.

 

Италияда бір күнде 793 адам көз жұмды

Бұл – қауіпті індет таралғалы бергі аса қорқынышты әрі рекордтық көрсеткіш. 800-ге жуық науқастың бір тәулікте көз жұмуы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын да алаңдатып отыр. Осы ұйымның дерегінше, бір тәулікте әлем бойынша 32 мың адам індет жұқтырған.

 

АҚШ үштікке енді

Джонс Хопкинс университетінің ғалымдары «АҚШ індет жұқтырғандар саны бойынша Қытай мен Италиядан кейінгі үштікке енді» деп дабыл қақты. 21 наурыз күнгі есеп бойынша, АҚШ-та 25 493 адам індет жұқтырып, оның 307-сі көз жұмған. Дегенмен АҚШ науқастар саны бойынша Испаниядан 100 адамға жоғары тұрғанымен, кісі өлімі бойынша, Испания алда. Бұл елде 1,3 мың адам коронавирустан қайтыс болған.   

 

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации