Путин Си Цзиньпинді әлем әміршісі деп тани ма?

29 маусым, 21:25

Фото: mk.ru

«Путин беделімді көтеремін деген әрекеттерімен Қытайды әлемдік үстемдікке жеткізуге қолайлы жағдай жасап отыр». Financial Times басылымының шолушысы Филип Стивенс осындай пікір білдіріпті.

Оның пікірінше, Владимир Путин тағында тағы 15 жыл отыруды көздейді. «Бұл осы уақыт ішінде Батысқа жұдырығын түюмен өткізуі мүмкін немесе қырғи-қабақ соғыстың шылауын қағып, досы әрі одақтасы Қытайдың Ресейге түбі қауіп төндіретінін мойындауы қажет», – деп тұжырым жасайды. Сөзінің жаны бар әрі қисынды.

Сарапшының пайымдауынша, осы күнге дейінгі Путиннің сыртқы саясаты стратегиядан гөрі тактикаға құрылып келді. Бұл саясаттың мақсаты – абырой-беделін ұстап тұру. Путин шетелде Ресейдің қадірін көтеруді көксеп, ел ішінде осы ұстанымды бекітуге ұмтылды. Ол жұрттың «Ресейді АҚШ-тың деңгейлес қарсыласы ретінде» мойындағанын аңсады. АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама «Ресейдің рөлі «аймақтық держава» деңгейіне дейін түсіп кеткен» деп, абайсызда айтып қалған сөзі бар. Бұл оның шымбайына қатты батқан секілді. Кремль бұған жауап ретінде дөң-айбат шегіп, стратегиялық мүдделерін құрбандыққа шалып жіберген. Қарымта қадамдарының құны тым қымбатқа түскен. Ресей лажсыз Бейжіңнің кіші әріптесі рөлін місе тұтып отыр. 

«Ресей көшбасшысы соңғы екі онжылдықта Батысқа қарсы дақпыртты күрес жүргізді. Оның таным-түсінігі қырғи-қабақ соғыс кезінде қалыптасты. Кеңес одағының Батыс алдында тізе бүккеніне әлі күнге дейін көндіге алмай келеді. Оның түсінігінше, АҚШ бастаған НАТО альянсы – әлі күнге дейін жау. Кремльдің көксегені – Вашингтонның құрметпен қарағанына қол жеткізу, Берлин қабырғасы құлағанға дейінгі Ресейдің абыройын қайтару», – деп жазады басылым.

Covid-19 пандемиясы әлемдік экономиканы әлсіреткені рас. Ал Ресейге күшті соққы болып тиді. Financial Times-тің бағалауынша, мұнай бағасының қатты құлдырауы Путин режимін экономикалық ілкімділіктен айырды. Халықаралық аренада авантюризмді қаржыландыратын қаражаттан қақты. Путиннің Украинадағы реваншизмі және Сирия мен Ливиядағы оппортунистік интервенциясы көтере алмайтын шоқпарды беліне байлаумен пара-пар іске айналып барады.

Ресей президентінің үкілі үміті біреу ғана. Ол, әрине, АҚШ-та биыл өтететін сайлауда Дональд Трамптың жеңісі.

«Путин «Трамп НАТО-ны ішінен ірітеді» деп ойлауы да бек мүмкін. Трамп қараша айында жеңе ме, жоқ па, бәрібір НАТО-ның ғұмыры бұл АҚШ президенттің ғұмырынан ұзақ болады. Мәскеуде стратегиялық тұрғыдан ойлана алатын көшбасшы: «Ресей неге бұл альянсқа қатер деп қарауы керек?» деген сұраққа жауап бере алуы керек. Путинге Шығысқа көз тастап, Қытай басшысы Си Цзиньпиннің күннен-күнге адуынды болып келе жатқан сыртқы саясатына ден қойғаны ләзім», – деп сақтандырады америкалық басылым.  

Сарапшы, бір жағынан алып қарағанда, қазіргі Қытай-Ресей одағы өзін-өзі ақтайтынын жоққа шығармайды. Екі ұлт та соғыстан кейінгі АҚШ құрған әлемдік тәртіппен келіспейді. Батыс құндылықтарынан тамыр алатын жүйе ережелерін қабылдамайды. Екі елде күштілердің ықпал аймағын басып алатын вестфальдік тәртіпті қалайды.

«Сиге келсек, ол үшін пайда шаш етектен. Мәскеу Қытай экономикасының өсімін қолдауға қажетті мұнай мен газды жеткізіп беріп отыр. Бейжің Тынық мұхитта АҚШ-пен теңіздегі үстемдікке таласып жатыр. Бұл стратегиялық кепілдік береді. Ал болашақта Ресейдің аз қоныстанған Сібірі экономикалық тұрғыдан кеңеюге мүмкіндік береді. Путиннің Украина мен Таяу Шығыстағы қақтығыстарға араласуы Шығыс Азиядағы Қытай экспансионизмінен АҚШ-тың назарын бұрып отыр», – деп баға береді Филип Стивенс.

Оның пікірінше, Ресей үшін мұндай серіктестіктің артықшылығы айқын емес. Рас, Путин батыс либерализмін айыптайтын серік тапты. Мұның бағасы сол, Бейжіңнің «Белдеу және жолдар» бастамасының Орталық Азияда Ресейдің ықпалын қалай жойып жатқанына қол қусырып қарап отыр. Сидің Еуропаға апаратын Солтүстік теңіздегі теңіз жолын ашу жоспары Арктикадағы Ресей мүддесіне нұқсан келтіреді. Кеңінен алып қарағанда, Шығыс және Орталық Еуропада Қытай ықпалының күшеюі стратегиялық қоршауға түсу жөнінде алаңдаушылық тудыруы тиіс.

«Тағы 15 жыл билікті ұстап тұрғысы келген басшы стратегияға да көңіл бөлгені жөн. Ресей үшін қауіп-қатер Батыстан емес, Шығыстан төнуі ықтимал», – деп ескертеді сарапшы.

Кеңес одағын көрден шығаруды көксеген көрші елдің президенті өз әрекеттерінің Қытайды әлемдік үстемдікке бір табан жақындатып отырғанын түсіне алды ма? Әлде басқа басар тауы қалмаған соң, Қытайдың шашпауын көтеруден басқа лажы қалмады ма? Әйтеуір, елінің байырғы беделін көтеремін деп салынған санкциялардың салмағынан белін үзіп алуға шақ тұр. Ел ішінде билікке қарсылық күн сайын күшейіп барады. Ұзақ уақыт Путиннен шаршаған орыс қоғамы билігін тағы 15 жылға созуға мүмкіндік бере ме, жоқ па? Бүгінгі күннің басты сауалы осы.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации