Путин мен Ердоған «ентігін басып алуға» келісті

07 наурыз, 08:58

Фото: m.day.kyiv.ua

Түркия президенті Ережеп Тайып Ердоған мен Ресей президенті Владимир Путин Мәскеуде кездесіп, Сирия жерінде бір-біріне оқ атпауға уәде берді. Осылайша, жабулы қазанды жабулы күйінде қалдырды. Бірақ өктемшіл екі серке Сирия мәселесінде дұшпан күйінде тарқасты. Мүдделері мүлде қарама-қайшы екі тараптың арасындағы бұл мәміле қашанға дейін созылады? Әскери қақтығыстан бүгін тыйылғанымен, ертеңгі күні не күтіп тұр? Бүгінгі күннің басты сауалы – осы.

Бұл кездесуде қол жеткізген жайттар мыналар: біріншіден, бүгіннен бастап Идлиб оқ атылмау режиміне көшеді, 15 наурыздан бастап М-4 тасжолы аймағын Ресей мен Түркия бірігіп торуылдап күзетпек. Осылайша, екі президент Батыстың көмегінсіз келісімге келе алатынын да өз ұпайларына жазды. Путин де, Ердоған да бұл кездесуде жағдайдың басқаша екенін іштері сезсе де, өзінің «дипломатиялық жеңісі» деп бағалары сөзсіз.

Ресей түріктердің жыл басынан бақылап келген Сирия аймағының шағын бір бөлігінің қолдарына өткеніне, түрік әскері бекеттерінің жолы жабылғанына, Анкара бақылап келген тас жолға қол жеткізгеніне масаттанады. Ердоған болса, атысты тоқтатып, терең тыныстауға мүмкіндік алғанына разы.

Шындығында, қақтығыстар уақытша тоқтады. Мұны Путин де, Ердоған да жақсы біледі. Кездесу кезінде тараптардың қайшылығы түбегейлі жойылған жоқ. Сөз саптауларынан да, оқиғаға баға беруінен де, қатқыл мәлімдемелерінен де бұл анық көрінді. Мәскеу Идлибтегі содырларға еркіндік берді деп Ердоғанды айыптайды. Анкара болса, Сирияның солтүстігін өзінің ықпал аймағы деп біледі. Башар Асадты тоқтатып қана қоймай, «Сирия билігінен қашқан бейбіт тұрғындарды да қорғаймыз» деп отыр.

Сириядағы Ресей әскері, rg.ru  

Путин мен Ердоған бұған дейін де түрлі келісім жасаған. Бірақ оның орындалуына қатысты дау көп. Анкара мен Мәскеудің келісімдерді мүлтіксіз орындауы былай тұрсын, өздерінің ыңғайына, мүддесіне қарай бұра тартып әрекет жасап келген.

Анкара Дамаскке қарсы күресіп жатқан қарулы құрылымдарды қолдаудан бас тартқан жоқ. Тартпайды да. Идлибке әскерін төгуді жалғастыра бермек. Мәскеуде айтылған мәлімдемелерге қарағанда, Түркия Сирия режиміне қарсы күрес жүргізе береді. Ал Башар Асадтың Түркиямен ымыраға келуге, әскерін Идлибтен әкетуге еш құлқы жоқ. Керісінше, «Идлибтегі дұшпандарымыздың көзін құртамыз» деп құлшынып отыр. Ресей де Сирия әскерін әрі қарай қолдай береді.

Қазір Сирияның солтүстігінде Асадқа қарсы соғысып жатқан күш – Сирия ұлттық армиясы. Оппозиция үкіметі Анкарамен бірге осы әскерді басқарып отыр. Мәскеу мен Шам бұл үкіметті мойындамайды. Оны АҚШ пен Еуропа елдері қолдайды. Бұл әскер ең заманауи қару-жарақтармен жабдықталған.

Осылайша, тікелей әскери қақтығыстан айналып өткенімен, бұл екі автократ гибридті соғыстың жалғасатынын жақсы біледі. Осыған мүдделі де. Әзірге бұдан әрі жоспар құруға, ойластыруға уақыт керек. Үзіліс қажет. Путин мен Ердоған «ентігін басып алуға» ғана қол жеткізіп отыр.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации