Петр Порошенко шетелге қашты

13 наурыз, 08:41

Фото: eadaily.com

13 наурыз күні Украинаның экс-президенті Петр Порошенко жауап алуға шақырған Мемлекеттік тергеу бюросына келуі керек еді. Алайда оның адвокаты Порошенконың Украинадан кетіп қалғанын, сондықтан тергеуге келе алмайтынын мәлімдеген.

Алматы, NEGE. Бұл туралы Украинаның Strana.ua басылымына сілтеме жасап, iz.ru хабарлады. Ақпарға қарағанда, тергеу бюросының қандай тақырыпта жауап алатыны ашық айтылмаған көрінеді. Кейбір мәліметтер бойынша, тергеуші бұрынғы президентті қамауға алуды талап етпек болған.

7 наурызда Петр Порошенко өзіне қарсы қозғалған істердің бірінің жабылатынын мәлімдеген еді. Оның сөзінше, сот шешімі осыны талап етеді. Сондықтан Мемлекеттік тергеу бюросы жалған мәліметтерді жариялау туралы қылмыстық істі жабуға міндетті.

Еске сала кетейік, Порошенконың үстінен 10-нан астам қылмыстық іс қозғалды. Оған жемқорлық, сот билігіне ықпал ету, лауазымын асыра пайдалану және үкімет мүшелерін заңсыз тағайындау айыптары тағылған.

Бұған қоса, 2019 жылдың 10 желтоқсанында Украинаның Мемлекеттік бюросы Порошенкоға Минск келісімдеріне қол қою кезінде мемлекетке сатқындық жасау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұл айыптар дәлелденсе, экс-президент 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации