Пандемиядан соң жаңа «қырғи-қабақ соғыс» бастала ма?

13 мамыр, 10:43

Фото: foreignpolicy.com

Коронавирустан кейін әлемде биполярлы тәртіптің құлағы қылтиып көрінеді. Жаңа «қырғи-қабақ» соғыс қарқын алады. АҚШ-тың Ресейге салған санкциялары мен Қытаймен жүргізіп жатқан сауда соғысы бұл екі елді жақындасуға, күш біріктіруге мәжбүрлейді. Батысқа қарсы құрылған блокта Ресейдің Қытайға тәуелділігі артып, екінші орында ойнауды місе тұтады. АҚШ-тың The Diplomat басылымы пандемиядан кейінгі әлем жайында осындай ғылыми болжам жасапты. Авторы – Мәскеуде кандидаттық диссертация қорғаған Гонконг Білім беру университетінің ғылыми қызметкері  Ка-Хо Вонг.

Ол Ресей мен АҚШ қатынасындағы соңғы күндері байқалып отырған жылымыққа тоқталады. «Бұдан Қытай секем алуы керек пе?» деген мәселені қаузайды. Оның тұжырымынша, Сovid-19 Қытай мен Ресейдің арасында біршама сызат түсіргенімен, бұл жалпы алғанда екі ел арасындағы ынтымастыққа селкеу түсірмейді. «Екі ел бір-біріне сенімсіздікпен қарайтыны ақиқат. Бірақ Қытай Ресейге экономикалық және технологиялық дамуы үшін керек», – дейді ол.

Рас, әлем ұдайы өзгеріс үстінде. Кешегі ауызын айға білеген империялар бүгін жоқ. Орнын басқа халықтар басады. Ықылым заманнан бері солай. Қалай десек те, пандемияның есеп нүктесі болып қалатын түрі бар. Сондықтан «Бұдан соң әлем қалай өзгереді?» деген сауалға жауап ізделіп жатыр. Ка-Хо Вонгтің жорамалы – назар аудартарлық үшінші болжам.

Мұның алдында, Францияның Еуропа істері жөніндегі бұрынғы мемлекеттік хатшысы, НАТО-ның парламенттік ассамблеясының президенті Пьер Лелуш әлемдік үрдіске баға бере отырып, елді елең еткізетіндей «көріпкелдік» жасаған еді. Ол Қытайдың әлемдік үстемдікке қол жеткізуге шақ тұрғанын айтқан. Оның пікірінше, covid-19 Еуропа мен АҚШ-ты бұрынғы қуатынан айырмақ. Тіпті, НАТО және ЕО секілді одақтардың шаңырағы ортасына түсуі ғажап емес. АҚШ пен Еуроодақ жедел шаралар жасамаса, пандемия әлемдегі күштердің теңгерімін түбегейлі өзгертіп жібермек.

Әйтеуір екі болжамда да Қытайдың қуаты жайлы айтылады. Батысқа қарсы блок құрылатын болса, біздің еліміз қайтпек? Бейтарап саясат ұстануға ерік-жігері жете ме? Әрине, Ресеймен ҰҚШҰ, Еуразиялық одақ арқылы, Қытаймен ШЫҰ және қомақты инвестициялары арқылы байланған Қазақстанның қай таразының басында боларын болжау аса қиын емес.

Геосаясатты былай қойғанда, түрлі салалар, яғни, экономикадан бастап, медицинаға дейін түбегейлі өзгереді деушілер де табылды. Бұл болжамға сенсек, бұдан былай денсаулық сақтау жүйесі, бизнес ландшафт және ойын ережелері мүлде басқаша құрылмақ. Бір сөзбен айтқанда, әлем адам танымастай өзгермек. Бұған арнайы құралдармен әзер көрінетін құртақандай вирус себепкер болмақ.

Ка-Хо Вонгтің болжамына қайта оралсақ, ол мұны неге сүйеніп айтып отыр? Енді осыған біршама тоқталып өткен жөн.

Коронавирус пандемиясы Ресейге АҚШ-пен қарым-қатынасын қайта жақсартуға мүмкіндік беріп отыр. Мәскеу мен Вашингтон бір-біріне медициналық жәрдем беріп, мұнай келісімін жасады. Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ынтымақтастықты жадыда ұстау жөнінде бірлескен мәлімдеме жасаған.

Кеңес одағы ыдыраған соң Ресей мен АҚШ қарым-қатынасын жөнге түсіруге бірнеше мәрте ұмтылған. Бірақ бәрі нәтижесіз аяқтала берген. Бұл сәтсіздіктер екі ел арасындағы жүйелі қайшылықтарды көрсетеді. Ресей мен АҚШ қырғи-қабақ соғысынан кейінгі әлемдік тәртіпті әртүрлі көреді. АҚШ өзін әлемнің қожасы көрсе, Ресей Батыспен тең дәрежеде сөйлескісі келеді. Ресей Шығыс Еуропа мен посткеңестік кеңістікте ықпалын сақтап қалуға ұмтылып келеді. Ал АҚШ Тәуелсіз елдерге Ресейдің ықпалын мойындаудан бас тартып отыр.

Ресей батыстың технологиясына қол жеткізе алмай отыр. Сондықтан аспан асты елінің технологиясына зәру. Бағасы арзан қытай өнімдері ресейлік өндірісті де, батыс технологиялық компанияларын да ығыстырып шығарды. Нәтижесінде, ресейлік МТС компаниясы «Хуавэймен» (Huawei) 5G инфрақұрылымын салу жөнінде келісім жасады. Ресей адамның бет-жүзін танитын жаппай бақылау жүйесін пайдалануға әзір. Сондықтан Қытайдың «Хиквижн» (Hikvision) компаниясымен ынтымақтасты кеңейтпек.

Ресей АҚШ-қа қарсы тұруы үшін Қытаймен күш біріктіреді. Коронавирус Қытай мен АҚШ  арасын ушықтырып жіберді. Вашингтон болса, Қытайды басты қарсыласы ретінде танып отыр. Жаңа «қырғи-қабақ» соғыста Ресей Қытай блогына кіші серіктес ретінде қосылмақ. Ресей сарапшыларының пікірінше, халықаралық мәселелерді шешу барысында Қытай Ресейді керек етеді. Сондықтан Ресей мүддесімен санасатын болады. Қытайға тәуелділігі күшейе беретінін ескеріп, Ресей екінші скрипканы абайлап ойнауға тырысады.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации