Пандемия Қытайды әлемдік үстемдікке әкеле ме?

03 сәуір, 10:43

Фото: Reuters

Францияның Еуропа істері жөніндегі бұрынғы мемлекеттік хатшысы, НАТО-ның парламенттік ассамблеясының президенті Пьер Лелуш Le Figaro басылымына берген сұхбатында Еуропадағы қазіргі ахуалды суреттеп, әлемдік үрдіске баға берген. Оған сенсек, Қытай әлемдік үстемдікке ие болудың алдында тұр. Еуропа мен АҚШ бұрынғы қуатынан айырылатын көрінеді. Тіпті, НАТО және ЕС секілді одақтардың шаңырағы ортасына түсуі ғажап емес. Пандемия әлемдегі күштердің теңгерімін түбегейлі өзгертпек.

Қазір Қытай өзінде орналасқан өндіріс орындарын жаппай сатып алып жатыр. Аспан асты елінде орналасқан зауыт, фабрикалардың қожайындары негізінен еуропалықтар мен америкалықтар болатын. «Індеттің кесірінен олардың акцияларын тиынға сата бастағаны Қытайдың қуатын арттырып жібереді» деп батыс сарапшыларының дабыл қағып отырғаны бүгін ғана емес.

«1945 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс Америка Құрама Штаттарын әлемдік үстемдіктің шыңына шығарғаны секілді, ғаламдық пандемия да Қытайдың құдыретін арттырады. Ал батыстық бәсекелестерін әлсіретіп жатыр. Америка мен Еуропа ұйқысынан оянып, бірге алға жылжымаса, бізді осындай үрдіс күтіп тұр» – дейді француз саясаткері.

Си Цзинпин мен Дональд Трамп. Alex Brandon/AP

Расында да, Еуропамен салыстырғанда Азия елдері – Оңтүстік Корея, Тайвань, Сингапур, Гонконг коронавирус алдында тізе бүкпеді. Дер кезінде ұтымды тәсілдерді пайдаланып, қауіптің бетін қайтарып үлгерді. Бар мәселені милитарлық жолмен шешетін Қытай секілді авторитарлық елдер де эпидемияға сақадай-сай әзір болды.

Ал Батыс жаһандық індеттің алдында қорғансыз қалғандай күй кешіп отыр. «Батыс қазіргі жағдайда есеңгіреп қалды. Оның ішінде АҚШ-та бар. Итальяндықтар тағдыр тәлкегіне түсті. Еуропалық елдердің бәрі дәрі-дәрмектерді экспортқа шығаруға тыйым салып жатыр. Чех үкіметі Италияға арналған Қытай маскаларын ұрлауға дейін барды», – дейді сарапшы.

Пьер Лелуш Еуроодаққа дағдарыстан шығу үшін мүше-мемлекеттердің қарызын өзара бөлісу басты сынақ болатын болжайды. Өйткені, қарыз көлемі тым қомақты. Әңгіме жеке мемлекеттердің қарызы емес, коронабондтар жөніндегі идея, Еуроодақтың ортақ облигациялары туралы болып отыр.

«Өткен аптада мемлекет басшылары мен үкіметтер саммитінде Германия, Аустрия, Голландия және Финляндия бұдан үзілді-кесілді бас тартты. Оңтүстік Еуропа, әсіресе, Италия үшін бұл сатқындық жасаумен пара-пар іс болды. Еуропа бұл институттың болашағы туралы ойлануы керек. Өйткені, одан түбі ештеңе де қалмайтын түрі бар. Эпидемиядан кейін Еуроодақтың бөлшектенуі ғажап емес. Біз қазір шешуші кезеңді бастан өткеріп отырмыз», – дейді Пьер Лелуш.

Бұл тұжырымды әрі қарай тарқату үшін, Еуропаның қазіргі ахуалына тоқталады. Оның ойынша, бүкіл әлем, соның ішінде еуропалықтар да, коммерциялық тұрғыдан эгоистік, протекционистік, бей-берекет, арсыз Американы көріп отыр. Америка бәрін көзге ілмейді. Италия секілді зор бәлеге тап болған одақтасына жәрдем беру ойына да кіріп шығар емес. Ал Италия болса, Батыстың басты қарсыластары – Қытай мен Ресейге алақан жайып отыр. Еуропа бұл дағдарыстан әлсіреп шығады. Азаматтар ұлттық артықшылықтарын қалпына келтіруді талап етеді. Әсіресе, шекара мен денсаулық сақтау саласында.

«Біз қазір дағдарысқа ұрынып отырғанымыз жоқ. Бұл – нағыз апат. Тарихи сілкініс. Алып мемлекеттер арасындағы күштердің теңгерімі мен құралдары қайта бөліске салынады», – дейді француз саясаткері.

Оның болжамынша, НАТО және ЕО секілді дәстүрлі альянстарға қарсы сауалдар көтеріледі. Халықтар үкіметтерінен ұлттық шекараға қайта оралуды талап ете бастайды. НАТО поляктар мен Балтық елдеріне медеу болудан басқаға жарамайтын қауқарсыз ұйымға айналады. Өйткені, Америка Құрама Штаттары Еуропада қалуға аса мүдделі емес. Оның ХХІ ғасырдағы ұлы шайқасы Қытайға қарсы болмақ. «НАТО-ға келсек, тағдырдың тәлкегі деген осы, оның өмір сүруі Владимир Путиннің тактикалық әзірлігіне байланысты болмақ».

«Қытай қазірдің өзінде ұтып жатыр. Бұл ел вирусты бүкіл әлемге таратқаннан соң, өзін ғаламдық деңгейдегі үлгі ретінде көрсете алды. Бейжің күшейіп отыр. Ғаламдық үстемдікке ұмтылысын жылдамдата түсетін өтімді активтері, өнеркәсіптік өндірісі бар. Оған әлсіреген, қарызға батқан АҚШ пен Еуропа қарсы тұрмақ. Батыс жаппай қаржылық дағдарыс алдында тұр. Бұл экономиканы тұралатып тастайды», – дейді Пьер Лелуш.

Сіз не дейсіз?

Петр Своик, саясаткер: Болжам шындыққа жақын

– Коронавирус өз бетінше өмір сүріп жатқан жеке құбылыс емес. Әлемді қайта бөліске салуға түрткі болып отыр. Сондықтан мұндай болжам шындыққа жақын деп ойлаймын.

Дос Көшім, саясаткер: Бұл – сынақ кезеңі

– Пандемия кейбір елдерді әлсіретіп тастауы мүмкін. Бұл – сынақ кезеңі. Мемлекеттердің экономикалық қуаты, жаңғыру мәселесі сын тезіне түседі. Әр елдің сақтап отырған қаржылық мүмкіндіктері бар. Экономиканы қалай өзгерту керек, бұдан әрі қалай даму керек деген мәселелер қазір барлық мемлекеттерді алаңдатып отыр. Сондықтан қандай да бір өзгеріс болатыны анық. Пандемия аяқталған соң, бұл мәселе анық көрініс береді. Қайта жаңғыру кезінде көшбасшы мемлекеттерге сынақ болады. Дәл қазіргі кезеңде болжам жасау – субъективті дүние.

Әзімбай Ғали, саясаттанушы: Атлантикалық, Еуропалық альянс жеңілмейді

– Әр сарапшы бірнеше сценарий жасайды. Оның ішінде, қолайлы, қолайсыз, орташа, апаттық болжамдар да болады. Біз де кезінде осындай түрлі болжам жасағанбыз. Бұл – соның бір нұсқасы. Өз басым, бұған сенбеймін. Керісінше, Батыс елдерінің бірлестігі күшейіп жатыр. Атлантикалық, Еуропалық альянс жеңілмейді. Оларды нарықтық, демократиялық құндылықтар біріктіріп отыр. Қытай болса, әкімшілік жүйеге түсіп, жылдан жылға құлдырап барады. Коронавирус әсері Қытайдағы әкімшілік-авторитарлық, тоталитарлық жүйені нығайта түседі.

Андрей Чеботарев, саясаттанушы: Бұл – уақытша құбылыс

– Менің ойымша, жағдай бұған дейін жетпейді. Мұны уақытша құбылыс деп білемін. Әрине, әлемдегі ахуалдың экономикаға да, әскери салаға да ықпалы бар. Соның ішінде, НАТО-да қалыс қалмайды. Бұған дейінгі  экономикалық кризистер де уақытша болған. Мәселен, 2009 жылғы қаржылық дағдарысты алайық.  Бұл да сондай уақытша құбылыс.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации