Келесі кім? Коронавирус президенттерді айналдыра бастады

13 наурыз, 08:17

Фото: mega-u.ru

Филиппин президенті Родриго Дутерте мен Бразилия президенті Джейр Болсонару қауіпті індетке шалдығу мүмкіндігіне байланысты тексеруден өтіп жатыр.

Алматы, NEGE. Филиппин президентінің көмекшісі Бонг Гоның айтуынша, бұл шара – Дутерте індет жұқтырды дегенді білдірмейді. Алайда қоғаммен бұрынғыдай тығыз байланыста жұмыс істеу үшін президент өзінің сырқаттан аман екеніне сенімді болуы керек.

Мұндай тосын жағдай Филиппин үкімет мүшелерінің бірқатарынан коронавирус анықталған соң орын алды. Қазір онға жуық шенеунік карантинде жатыр. Оның ішінде сенаторлар, қала басшылары және Министрлер кабинетінің хатшысы Сальвадор Медиалдеа мен Қаржы министрі Карлос Домингез де бар.

Бразилия президенті Джейр Болсонару мен оның делегациясы АҚШ-қа жасаған сапарынан кейін коронавирустың бар-жоқтығын растайтын тестілеуден өтуге мәжбүр болған. G1 порталының хабарлауынша, лауазымды шенеуніктің бірінен қауіпті вирус табылған. Бразилия президенті өзі ғана емес, отбасымен тексеріліп жатыр. 65 жастағы президенттің 37 жастағы әйелі – Мишель және депутат ұлы – Эдуард Болсонар дәрігерлер бақылауында.

Естеріңізде болса, кеше Беларусь Президенті Александр Лукашенконың өзін нашар сезініп, есінен танып қалғаны және оның коронавирус жұқтырып алуы мүмкін екені хабарланған.

Қауіпті індеттен негізінен 70-тен жоғарғылар көз жұмып жатқанын ескерсек, төтеннен келген бұл сырқат билік басындағы шал-шауқандарға тым қатты келгелі тұр.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации