Корона вирус па, бизнес пе?

18 наурыз, 12:01

Фото: instagram.com

Осы күні өзін жайсыз сезінгендердің көбі вирус жұқтырып алмадым ба деп ойлайтынды шығарды. ​

Алматы, NEGE. Қоғамдық көлік пен адам жиі жиналатын орындарды былай қойғанда көшеде медициналық маскамен жүргендер көбейіп келеді. Сол жібектей жұп-жұқа маска адам қолы жетпейтін, таптырмайтын бұйым болатынын кім білген?! Миллиондап сатып жатқандар тиынның астында көміліп қалған шығар. Өйткені бірнеше ай бұрын 15-20 теңгеге өтпей тұрған бір қарыс медициналық маска осы күні 150 теңгеден кемі жоқ. Онда да табылса. 

Енді есептейік, 15 теңге болған бұйым он есе қымбаттап 150 теңгеге жетті. Орталықта орналасқан бір дәріхана миллион демей-ақ 1 айда 10 мың маска сатты делік. Бұрын түскен жалпы сомма 150 мың теңге болса, ендігісі 1,5 миллион. Салық комитеті шам алып бұл бизнес өкілдерін тексеру керектей. Төтенше жағдайда салық рақымшылығы орнауы мүмкін, бірақ, дәріхана мен өндірушіден жеткізген делдал халыққа рахымшыл болмағанын неге ескермеске?! 

Негізгі айтпағымыз маска емес еді. Корона деп ен салған covid-19 пандемиясының бір бағыты бизнес пе дейміз. Себебі вирусты анықтауға арналған тест бағасы 30-60 доллар және оның құны елге байланысты әртүрлі.

Ең төменгі есеппен Қазақстанда 30 АҚШ доллары деп алсақ, теңге құнсызданып долларға шаққанда 440 болған бүгінгі баға 13 200 теңге екен. Яғни әр адамның вирус жұқтырған, жұқтырмағанын ғана білу үшін сондай қаржы керек. Вакцина мен вирусқа қарсы дәрі шығып жатса бағаның арзан болмайтынын аңғаруға болады. 

«Бүгінгі таңда ДДСҰ вирусты анықтаудың арзандау нұсқаларын қарастырып жатыр», – дейді ұйымның еуропалық бюросының координаторы Дорит Нитзан. Оның айтуынша, қолданысқа енгізуден бұрын олардың барлығы верификациядан өтуі тиіс.

Әлемдегі талай алпауыт компанияға ойсырата соққы берген коронавирус қалай айтсақ та осал емес. Иммунитеттің төмендігін пайдаланып организмге алшаңдай басып кіргені де бір белгі. Ендігі жерде адамзат баласы таңдап ішіп, талғап жемесе қиын...

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации