Қытайдың «қырғи» дипломаттары жау шақыра бастады

23 мамыр, 10:54

Фото: DW

Қытайдың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяоның әлеуметтік желіде жазбалары ел жадынан өше қоймаған болар. Ол кезде жұрт елшінің айтқан сөздері эмоциялық толқудан немесе ішімдік кесірінен туындаған шығар деп тұспалдағандар да болған.

Шынтуайтында, жағдай мүлде басқаша екен. Жалғыз Чжан Сяо ғана емес, бүкіл әлемде әдетте сыпайы қытай дипломаттары бір күннің ішінде агрессивті мәлімдемелермен көзге түсе бастады. Мұның астарында не жатыр? Енді соған толығырақ тоқталып кеткен жөн.

Алдымен өзімізден бастайық. Қытайдың Қазақстандағы елшілігінің Twitter желісіндегі ресми аккаунты тіркелгеннен бастап жұмыстары жайлы есеп жазбалардан бөлек, эмоцияға толы посттар да жариялап келеді. Жазбаларды сынағандарды елшілік бұғаттап тастайды.

Наурыздың 14-і күні Чжан Сяо «коронавирус тарауының алдын алмаған» әлдебір ел туралы айыптау мәніндегі жазба қалдырды.

«Эпидемия енді тарай бастағанда сендер не істедіңдер? Геосаяси ойын ойнап, ішкі саяси мәселелерді айтып, Қытайға күйе жақтыңдар. Қытайлар барлық елге өмірінің өтеуімен ұтып берген уақытты бос жіберіп алдыңдар» деп жазады. […] «Кінәнің бәрін арта салатын құрбанды іздегенді қойыңдар. Сендерде маска, қолғап, тест пен қажетті құрал тапшы, қор нарығы да құлап жатыр. Бұл да Қытайдың кінәсі ме?», – деді елші.

Сөйтсек, әлеуметтік желілерде, газет беттерінде, тіпті келіссөз үстелі басында дөрекілік көрсету – бір кездері өте байсалды қытай дипломаттарының қазір әдетіне айналып үлгеріпті. Мәселен, Париждегі елші Лу Шэй ең агрессивті дипломат ретінде көзге түсіп отыр. Ол: «Қытай дипломаттары Батыспен күресуі керек. Көп елдер Қытайдың әлемнің шыңында тұрған шығыс державасы екенін білуі тиіс», – деп ашық айқасқа шақырып отыр. Экономикалық қуатын арттырған Бейжің жалтақтықты қойған секілді. Бұл мәселе қазір Батыс басылымдарының басты бетінен түспей тұр.

Ресейлік «НГ» сайты да бұл жайтқа баса назар аударған. «Уханьда эпидемияны АҚШ әскері әкелді». Бұл – қытай сыртқы саясаты ведомствосының өкілі Чжао Линцзянның мәлімдемесі. Бұл Вашингтон таққан айыптарға  жауап ретінде Бейжің жүргізіп отырған ақпараттың соғыстың үлгісі болып отыр», – дейді басылым.

Ақпараттық айқастың алдыңғы шебінде жас кадрлар тұр. Олар төраға Си Цзиньпиннің тапсырмаларын мүлтіксіз орындауға әзір. Қытай ұлтының дұшпандарына жауынгерлік рух көрсетуге ұмтылып жатыр. Сарапшылардың пікірінше, ел қуатының артуына кедергі келтіріп отырған Америкаға қатулы қытайлардың көңіл-күйімен астасып жатыр.

Қытай реформаларының сәулетшісі Дэн Сяопин мұрагерлеріне: «Қытайдың шынайы күшін көрсетпеңдер, жасырын ұстаңдар. Көлеңкеде болуға тырысыңдар, абай болыңдар», – деп өсиет қалдырған көрінеді. АҚШ-тың бұрыңғы мемлекеттік хатшысы Генри Киссинджер кезінде: «Қытай дипломатиясының сақтығы соншалықты, Вашингтонға Бейжіңнің діттегені не екенін аңғару оңайға түспейтін», – деп көрсеткен еді.

Қазір мұның бәрі енді артта қалғандай. Қазір Қытай СІМ-інде «қасқыр-дипломаттар» деп аталатын жаңа сипаттағы қызметкерлер отай салып жүр. Бұл атау бандиттерді жалаң қолымен жайрататын қытай арнайы жасағы жауынгерінің ерлігі бейнеленетін атыс-шабыс фильмінен алыныпты. Бұл киноқаһарман жастар арасында беделге ие. Сондықтан Қытайда дипломатиядағы осындай кейіпкерлердің табынушылары да аз емес көрінеді.

Чжао Лицзяннің әлеуметтік желілерде 600 мыңнан астам тіркелушісі бар екен. Бейжіңдегі ҚКП қалалық комитетінің өкілі Twitter-ге: «Кейбір америкалық саясаткерлерді дезинфекциядан өткізіп алу керек. Әйтпесе, олар вирус пен өтірікті көп таратып жатыр», – деп жазба қалдырған.

Financial Times басылымының пікірінше, Батыс елдерімен қарым-қатынаста Бейжіңнің жаңа әдісті ұстануы дәстүрлі дипломатиядан бас тартумен пара-пар. «Коронавирус Қытайда пайда болды», – деген айыптауларға Бейжің эмиссарлары соңғы екі айда сыпайы жауап берудің орнына қоқан-лоққыға көшкен.

WION интернет-сайты таратқан мәліметке қарағанда, Австралия Уханьда вирустың қалай пайда болғанын тексеруді талап еткен кезде, Қытайдың Австралиядағы елшісі Чэн Цзиньгуй Канберра үкіметіне: «Қытай азаматтары австралиялық тауарларға – шараптан бастап сиыр етіне дейін бойкот жасайтын болады», – деп қыр көрсеткен. Қытай артынша сөзден іске көшкен. Австралияның мал союмен айналысатын төрт мекемесінен сиыр етін сатып алуды мүлде доғарыпты. Сосын, арпаға баж салығын да өсіріп жіберген. Осылайша, Бейжіңнің жанды жерді нысанаға алғаны байқалды. Австралияның ауыл шаруашылығы саласы әбігерге түсті. Өйткені, бұл елдің экспортының бақандай 30%-ы Қытайға тиесілі.

АҚШ-тың Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының сарапшысы Джуд Бланшеттің тұжырымдауынша, мұндай шабуылдаушы бағыттың себебі – «Қытай аяқтан тұрып келеді, ал Батыс әлсіреп барады» деген сенімде. Қытай басшылығы мен сарапшылары: «АҚШ Қытайға қатысты дұшпандық бағытын өзгертпейді және онысын одақтастарына таңатын болады», – деген тұжырымға келіп отыр.

Бұған АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі қауіпсіздік туралы құжаттарда Қытайды қарсылас ретінде атай бастағаны дәлел. Батыс Қытайды қатты сын тезіне алып отыр. Бұған Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында мұсылмандарды қайта тәрбиелеу лагерлерін құруы, Гонконгта автономияны қорғауды мақсат еткен жаппай қарсылық та түрткі болды. Ал пандемия – жығылғанға жұдырық.

Сондықтан, Бейжіңдегі Carnegie-Tsinghua Center for Global Policy тресінің аға ғылыми қызметкері Чжао Туннің пікірінше, қытай басшылығы Батыспен қарым-қатынаста ұлттық мүддені қорғау үшін мәжбүрлеу тәсілін жиі қолдануға бейіл бола бастаған.

Германияның Маршалл қорының қызметкері Марика Олберг: «Бұрын қытайлар бізбен қатынаста өзара түсінушілікке мән беретін. Енді біз Еуропада Қытайдан келіп жатқан деструктивті сипаттағы жолдауларды оқып отырмыз», – дейді.

Бірақ бұл саясаттың нәтижесі Бейжіңнің күткеніндей болмай шыққан. Британия мен Чехия телекоммуникациялық желілер салуда және басқа да инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруда қытайлық мемлекеттік компаниялардың қатысуы ережелерін барынша қатаңдатқан. АҚШ Конгресі америкалық биржаларда қытайлық фирмалардың листингіне тыйым салу туралы билль енгізді. «Оңтүстік Қытай» Telegram-каналы таратқан дерекке қарағанда, осы тыйымға 600 қытайлық компания ілігіп отыр.

Diplomat журналының мәліметінше, Қытайдың дипломатиялық ведомствосында бәрі бірдей текетірес дипломатиясын құптап отырмаған секілді. Қытайдың АҚШ-тағы елшісі Цуй Тянькай СІМ-дегі «жас қасқырлардың» жау шақырған мәлімдемелерінің тігісін жатқызып бағуда. Дипломатия қызметінің ардагері Фу Ин: «Қытай дипломаттары байыптылық, шыдамдылық және ашықтық қағидаттарын ұстануы тиіс» деген пікірде.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации