Қытай коронавирус симптомымен ерікті түрде қаралғандарға ақша береді

28 ақпан, 12:10

Фото: azattyg.org

Қытайдың Хубэй провинциясындағы Цяньцзянь қаласының әкімшілігі коронавирус симптомымен дәрігерге ерікті түрде қаралып, диагноз расталған жағдайда, оларға 10 мың юань (шамамен 1 426 доллар) төлеуге уәде берді. Бұл туралы Reuters хабарлады.

Алматы, NEGE. Бір миллионға жуық тұрғыны бар Цяньцзянь қаласы коронавирус таралған Ухань қаласынан 150 шақырым жерде орналасқан. Соңғы мәлімет бойынша, Цяньцзяньда коронавирус 197 адамнан табылған. Қала әкімшілігі ауру симптомы барларды дәрігерге қаралуға шақырды.

Хубэй провинциясында шамамен 65 мың адам коронавируспен аурыса, 2,6 мыңнан астам адам қаза тапты. Әлемде коронавирустан шамамен 2 800 адам көз жұмды, 80 мың адам осы ауруды жұқтырды.

Цяньцзянь билігі бұған дейін коронавирус анықталғандарға сыйақы берілмейтінін, дәрігерге өз еркімен қаралып, соның нәтижесінде диагнозы расталғандарға ғана мың юань берілетінін ескертті.

Хубэй провинциясындағы басқа да қалалар медициналық тексеруден өткендерге 500 юань көлемінде сыйақы ұсынып отыр. Ал Цзянси және Хэбэй провинцияларының билігі сыйақы көлемін 300-500 юань аралығында белгілеген.

Соңғы күндері коронавирус Қытайда емес, одан тыс жерлерде көп тарап жатыр.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации