Қытай COVID-19 құрбандарын еске алды

04 сәуір, 12:45

Фото: inform.kz

 Бүгін Қытайда коронавирус пандемиясы салдарынан қайтыс болғандар мен адамдардың өмірін сақтап қалу үшін өз өмірін құрбан еткен дәрігерлерді еске алып, жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

Алматы, NEGE. Сенбі күні жергілікті уақытпен 10:00-де Қытай тұрғындары жаңа коронавирус құрбандарын 3 минут үнсіздікпен еске алды. Аза тұту белгісі ретінде автокөліктердің, пойыздар мен кемелердің сиренасы қосылды. Ел бойынша тулар төмен түсірілді, оның ішінде шетелдік елшілік маңы, бас консулдық және халықаралық ұйым өкілдіктеріндегі тулар да бар. Қоғамдық ойын-сауық шараларының бәрі тоқтатылды. ҚХР ведомстволары, ұлттық БАҚ мен қытайлық іздеу сайттары коронавирустың жаңа түрінен қайтыс болғандарға аза тұтып, ақ-қара түсті безендіруге көшті.

Өткен тәулікте құрлықтық Қытайда коронавирустан 4 адам қаза болды, вирус жұқтырғандар саны 19 адамға көбейді, 18 адам дертінен айықты, деп хабарлады ҚХР Денсаулық сақтау істері бойынша мемлекеттік комитет. «2020 жылдың 3 сәуірінде құрлықтық Қытайда коронавирустың белгісі жоқ 64 жаңа оқиға тіркелді, оның 26-сы сырттан әкелінген. Қазіргі уақытта 1030 ауру белгісі жоқ тасушы медицина қызметкерлерінің бақылауында», -делінген сенбі күні жарияланған мекеме бюллетенінде. Ресми мәлімет бойынша, құрлықтық Қытайда инфекция жұқтырғандардың жалпы саны 81,6 мың адамнан асты, олардың 76,7 мыңы емделіп шығып, 3326-ы өмірден өтті. Бұған дейін, 4 сәуір Қытайда жаңа коронавирус инфекциясынан қаза тапқандарды жалпыұлттық аза тұту күні екені хабарланған болатын.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации