Карантин тәртібін бұзғандар азаматтығынан айрылады

29 наурыз, 11:48

Фото: interfax.ru

Сингапурда үй карантинін өрескел бұзған адам азаматтығынан айрылды. Бұл халықты қатаң тәртіпке шақырған мемлекеттегі алғашқы оқиға.

Алматы, NEGE. «Ол шетелден келген соң 14 күн бойы қоғамнан оқшауланып, өз үйінде отыруы керек еді. Бірақ тәртіпті өрескел бұзды да, қатаң жазаға ілікті» деп хабарлады ТАСС Сингапурдың иммиграция және бақылау департаментіне сілтеме жасап.

53 жастағы Гуо Илья Виктор пароммен Индонезиядан Сингапурға келген екен. Ол екі апталық карантин ережесін сақтамаған. Сол күні қайтадан Индонезияның Батам аралына кетіп, ескерту алған. Соған қарамастан, 24 наурызда Сингапурға қайта кіруге тырысыпты.

Үкімет қасақана жасалған заңсыздықтың ауырлығын ескере отырып, оны азаматтығынан айыру туралы шешім қабылған.

Елде карантинді бұзғандарға 10 000 сингапур доллары (7000 АҚШ доллары) көлемінде айыппұл салынады және алты айға дейін бас бостандығынан айырылады. Егер тәртіп бұзған адам шетелдік болса,  жазасын өтегеннен кейін елден шығарылады.

23 наурыздан бастап билік Сингапурде тұрақты тұруға рұқсаты жоқ шетелдіктер үшін шекараны тарс жапты. Бүгінгі күнге дейін 800-ден астам адам індет жұқтырса, оның 200-ге жуығы сауыққан. Коронавирустық инфекцияның алғашқы жағдайы Сингапурде 23 қаңтарда тіркелді, одан бері 2 адам қайтыс болды.

Сингапур үкіметі коронавирустың өршуі кем дегенде жыл соңына дейін жалғасады деп санайды. Бұл туралы 11 наурызда премьер-министрдің орынбасары Хенг Свит Кит айтқан еді.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации