Иран Кек туын көтерді

05 қаңтар, 19:08

Фото: nege.kz

Иран ислам республикасының көрнекті өкілі, генерал Қасым Сулейманидің қазасына орай үш тәуліктік аза тұту күнін жариялап, әлемнің түкпір-түкпіріндегі Иран елінің елшіліктерінде мемлекеттік ту түсірілді. Соның ішінде, Алматы қаласында орналасқан консулдығында да Иран туы төмен түсірулі тұр.

Аятолла Әли Хамейниден кейінгі екінші ұлттық тұлғаның өлімі иран жұрты үшін де, халықаралық қауымдастық үшін де геосаясатқа орасан нұқсан келтірер ауыр соққы болғаны рас. Жұма күнгі әуе соққысынан кейін, бүкіл иран даласы дүрк көтеріліп, АҚШ-тың саяси соққысына наразылығын танытып қана қоймай, аза тұтумен қатар, қайткенде Америкаға қарымта шабуылмен жауап береміз деп ант ішіп, шииттер үшін қасиетті қала Кумдағы Джамкаран мешітінің төбесіне қызыл ту – Кек туы көтерілді. Қызылбастардың салты бойынша бұл – міндетті түрде қанды кек қайтаруды білдіретін рәміз.

Иран шенеуніктері мен әскерилері бұған дейін де Сулейманидің өлімі үшін америкалықтардан кек алатынын айтқан. Керман провинциясындағы әскери базаны басқаратын Голамали Абухамзе деген генералы Американың маңызды нысандары мен Парсы шығанағындағы кемелерін де атқылауға дайын екенін жеткізген. Абухамзенің айтуынша, Иранның қарулы күштері дәл қазір АҚШ-тың маңызды 35 нысаны мен Тель-Авивті нысанаға алып отыр.

4 қаңтар күні Иран үкіметі Сулейманидің өлімін «Американың тікелей Иранға жасаған әскери шабуылы» деп қабылдап, өз тарапынан қорғануға және қарсы соққы беруге құқылы екенін айтып, БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне ресми хат та жолдап үлгерді. Иран Сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зариф АҚШ президенті Дональд Трамптың тікелей тапсырмасымен жасалған бұл операцияны «Иранға жасалған терроризм» деп айыптады.

 

62 жастағы Қасым Сулеймани – әл-Құдыс айырықша әскери күші Таяу Шығыста жүргізген арнайы операцияларды басқарған ұлт қаһарманы. Сулеймани мен Құдыс Күш террористерінің мойнында жүздеген жауынгеріміздің қаны бар деп есептейтін Америка билігі Иран генералын өлтірген жұма күні түстен кейін мәлімдеме жасап, Дональд Трамп өзінің бұйрығын «ол Ирактағы АҚШ әскерилері мен шенеуніктеріне сұмдық шабуыл жасауға бел буды және біз соғыстың алдын алып, террорлық әрекетті тоқтату үшін ғана шара қолдандық» деп түсіндірген. Ақ үй басшысының бұл сөзіне Аятолла Хаменей «қылмыскерлерді қанды кек күтіп тұрғанын», Трамптың бұл әрекеті үшін АҚШ пен Израилге қарсы қимылдардың үдей түсетінін жеткізді.

Президент Трамп өзінің Твиттер парақшасында Иранның шабуылдамақ боп отырған 35 нысаны жөніндегі мәлімдемесін сынап, АҚШ та 52 ирандық стратегиялық нысандарға шабуыл жасауға дайын екенін ескертуде. «52 нысан – 1979 жылы Тегерандағы АҚШ елшілігінде тұтқынға түскен 52 америкалықты бейнелейді. Ол нысандардың кейбіреуі Иран билігі мен халқы үшін өте жоғары дәрежедегі мәдени және рухани құндылық болса, кейбірі стратегиялық маңызды нүктелер. Егер бізге шабуыл жасалса, онда өте әбжіл әрі тым жылдам тиетін ауыртпалыққа душар болады» деп жазды.

Трамптың твит-мәлімдемесінен кейін, өздерін «Иран киберқауіпсіздік хакерлер тобы» деп таныстырған хакерлер тобы АҚШ үкіметтік агенттігінің сайтын бұзып кіріп, оған «Біз қуғындалған Палестина халқын, қуғындалған Йемен халқын, Сирия үкіметі мен халқын, Ирак үкіметі мен халқын, қуғындалған Бахрейн халқын және Ливан мен Палестинаның нағыз моджахеттерін қолдауды тоқтатпаймыз!» деген ұран жазып, соққы алған Трамптың аузынан қаны ағып тұрған суретін жариялаған. Және сөз соңында «Бұл Иранның кибер-мүмкіндігінің кішкене көрінісі ғана» деп ескерту жасапты.

Иран жұртынан өзге, дәл қазір Сүлейманимен бірге әуе соққысында көз жұмған Әбу Махди әл-Мухандис деп аталатын әскери қолбасшыларын жоқтап, ирактықтар да аза тұтуда. Әл-Мухандис Иранның қолдауымен әскери қимылдар жасап жүрген «Хатболла» деген шииттік әскери-бақылау тобын басқарған. Бұл топ «Ирактың қауіпсіздік күштерін жексенбінің кешінен бастап америкалық базалар орналасқан жерлерге кемі 1000 метрден артық жақындамауын» ескертті.

Осы жағдайлардан кейін АҚШ үкіметі Таяу Шығысқа 3000 жауынгерін аттандырып, өз азаматтарының Ирак жерінен жедел шығуын тапсырған. Ақ үй де өз кезегінде 1973 жылы қабылданған заңға сәйкес қауіпті аймаққа қарулы күш енгізерде және соғыс қимылдары басталар алдында 48 сағат бұрын Конгреске жасалатын ресми ескертуін жолдап, тастүйін отыр.

Қанат Ескендір

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации