Еуроодаққа да соққы боп тиді

05 сәуір, 10:25

Фото: inform.kz

«Еуроодақ миграциялық дағдарыс пен «Брекситтен» өтті, дегенмен, мамандар коронавирус салдары одан да қиынға соғады деп болжап отыр», деп хабарлайды The Guardian.

Алматы, NEGE. Италияның бұрынғы премьер-министрі Энрико Летта Еуроодақтың жаһандық пандемия кесірінен үлкен қауіпке тап болып отырғанын айтты. Басылымның жазуынша, бұған еуропеизмнің соңғы он жылда айтарлықтай әлсірегені әсер еткен. «Қазіргі стратегия бойынша мемлекеттер «Алдымен Италия», «Алдымен Германия», «Алдымен Бельгия» деп ұрандатып кетті. Дегенмен, жаһандық індет кезінде Еуропаға біртұтастық керек. Әйтпесе, Еуроодақ құрдымға кетеді», - дейді ол.

Еуроодақтың бұрынғы сыртқы саясат комиссары Натали Точчи де бұл жағдай Еуроодақтың ақыры болуы мүмкін екенін болжап отыр. «Еуропа басында «менің мүддем маңызды» деген реакция танытты. Кейін кейбір мемлекеттер медициналық құрылғылар экспортына тыйым салып, кедендік бақылау енгізгеннен кейін, бұл Еуропаның басқа мемлекеттеріне қиынға соқты. Германия, Австрия, Люксембург ең көп зардап шеккен мемлекеттердің азаматтарын емдеу үшін ауруханаларын беретін болды. Франция мен Германия Италияға маска жіберді. Дегенмен, мемлекеттер экономикаға қалай көмектесу керек деген мәселеге келгенде әлі де ортақ шешімге келе алмай отыр», - деп жазады автор.

Оның айтуынша, бұрынғы дағдарыстар мемлекеттер арасындағы өзара сенімге селкеу түсірген. Бұл жалпы жүйеге әсер етіп, үлкен проблема туындаған. «Еуропа коронавирустың экономикалық салдары туралы мәселеге келгенде екі лагерьге бөлінген. Франция, Италия, Испания мен тағы бірнеше мемлекет еуроаймақтың қарызын ортақ қылып, коронаоблигация шығаруды қолдайды. Ал Германия, Австрия мен Нидерланды бұл идеяны қолдамай отыр. Өткен аптада өткен саммитте бұл мәселе қаржы министрлерінің құзырына берілді», - деп жазады басылым.

 

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации