Беларусьте ұсталған ресейлік содырлар арасында қазақ бар ма?

31 шілде, 13:49

Фото: segodnya.ua

Беларусьтің сақшылары Минск маңынан Ресейдің Вагнер атты жекеменшік әскери компаниясының 32 содырын ұстағанын мәлімдеді. Іле-шала Беларусь президенті Қауіпсіздік кеңесінің мүшелерімен жедел кеңес өткізді. «Түндегі төтенше оқиға жайлы сөйлесу үшін шақырдым. Мұны басқаша дей алмайсың», – деді Беларусь президенті.

Арақ ішпегені күдік тудырған

Содырлар түскен қонақ үйдің әкімшісі олардан қатты секем алған. Қарапайым ресейлік туристерден өзгешелігі, олар бірдей әскери стильдегі киім киген. Және ішімдік ішуден, көңіл-көтеру орындарынан мүлде бойын аулақ ұстаған. Өздеріне назар аудартпауға барынша тырысқан. Олар шағын топ құрып, санаторийдің айналасын, жақын аймақтарды аралап, мұқият зерттеуге кіріскен.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, Беларуське 200-ден аса содыр жасырынып кірген көрінеді. Мақсаттары – сайлау кезінде бүлік шығару.

«Ресейліктердің реакциясын бақылап отырмын. Олар әзірдің өзінде ақтала бастады. Сөздеріне қарасақ, содырларды біздің өзіміз шақырып әкеліппіз. Қайтсін, қара ниеттерін бірдеңе етіп ақтау керек қой, енді. Бұлар Ресей азаматтары болса, дереу Ресейдің тиісті органдарына хабарласу керек. Не болып жатқанын түсіндіріп берсін», – деді А.Лукашенко.

Айтпақшы, сонымен қатар, Беларусте Ресейдің саяси технологы Виталий Шкляров та тұтқындалды. Осы елдің арнайы қызмет өкілдерінің айтуынша, ол әртүрлі әлеуметтік желлелердегі әкімгерлер тобымен кездесіп, астыртын кеңес өткізіпті.

Содырлардың тізімі

Ұсталған Ресейлік содырлардың тізімі жария болды. Тізім төмендегідей:

1. Милаев Арем Викторович, 01.02.1981 жылы туған;

2. Бахтигараев Тахир Минигаянович, 18.04.1980 жылы туған;

3. Алтухов Александр Викторович, 18.04.1980 жылы туған;

4. Ли Владимир Александрович, 26.07.1989 жылы туған;

5. Кожевников Андрей Юрьевич, 16.01.1980 жылы туған;

6. Сапронов Алексей Владимирович, 08.07.1978 жылы туған;

7. Щербаков Сергей Владимирович, 21.07.1981 жылы туған;

8. Волгин Алексей Владимирович, 21.06.1975 жылы туған;

9. Дрига Олег Игоревич, 03.06.1986 жылы туған;

10. Павленко Сергей Григорьевич, 25.06.1976 жылы туған;

11. Руденко Александр Святославович, 26.12.1984 жылы туған;

12. Харитонов Денис Юрьевич, 16.03.1980 жылы туған;

13. Сидоров Сергей Александрович, 01.01.1972 жылы туған;

14. Кошман Максим Ярославович, 06.09.1981 жылы туған,

15. Бубнов Сергей Геннадьевич, 08.01.1971 жылы туған;

16. Нижник Павел Александрович, 24.06.1987 жылы туған;

17. Селихов Владимир Иванович, 04.10.1986 жылы туған;

18. Фетисов Геннадий Евгеньевич, 22.10.1986 жылы туған;

19. Фомин Михаил Николаевич, 07.03.1973 жылы туған,

20. Екимов Владимир Сергеевич, 19.10.1973 жылы туған;

21. Каримов Ринат, 15.08.1984 жылы туған;

22. Шубин Александр, 15.01.1996 жылы туған;

23. Шеломенцев Игорь, 18.08.1975 жылы туған;

24. Маслов Сергей Алексеевич, 29.09.1988 жылы туған;

25. Зайдулен Рустем, 06.10.1974 жылы туған;

26. Токаренко Андрей Викторович, 24.01.1965 жылы туған;

27. Сердюков Андрей Викторович, 16.08.1975 жылы туған;

28. Сергеев Федор Михайлович, 17.05.1987 жылы туған;

29. Танов Рафик Кабулович, 30.04.1975 жылы туған;

30. Зяблицев Евгений Сергеевич, 23.11.1992 жылы туған;

31. Самарин Павел Львович, 11.11.1981 жылы туған;

32. Бакунович Андрей Петрович, 30.12.1977 жылы туған;

33. Шацкий Артем, 30.07.1982 жылы туған.

Беларусь те «біздікі» ме?

Бұлардың дені Сирия мен Донбасста қан төккен. Арасында аты-жөні орыстан гөрі қазаққа жақын адамдарды байқаған боларсыз. Соның бірі – 1975 жылы туылған Рафик Қабылұлы Таңов. "Эксклюзив" сайтының жазуынша, оның Ресейде – үш, Қазақстанда бір фирмасы бар екен. «Каспи Нюьс Старт» фирмасының филиалы Ақтау қаласында орналасқан. Бұл фирмалардың немен айналысатыны жұмбақ әзірге. Сонымен қатар Рафик Таңов Бекет Атаның өмір жолына арналған «Қазақ руының жолы» атты кітаптың тең авторы болып шықты.

Р.Таңов

Рафик Таңов ШЫҰ іскерлер клубының төрағасы болған. ШЫҰ ресми сайтында жазба да қалдырған көрінеді. Алайда онысы кейін алынып тасталған. Украинаның «Миротворец» атты сайтында оның аты-жөні елдің қас дұшпандарының тізіміне кірген. Онда Ресей Бас барлау басқармасының штаттан тыс қызметкері және «Вагнер» мүшесі деп көрсетілген. Бұл қазақстандық Рафик Таңов па, әлде мүлдем басқа адам ба, мұның жауабын құзырлы органдардан күтеміз. Нақты жауап болмаған күнде түрлі болжамдарға жол ашылатыны, халықаралық дау туатыны басы ашық жайт.

Қатқыл әңгімелердің жаңғырығы емес пе?

Соңғы кездері Путиннің Беларусьті Ресейдің құрамына басыбүтін қосуды көздеп, Беларусь әріптесі Лукашенкомен ұзақ келіссөз өткізгені белгілі. Онысы қара күзден көктем шыққанша созылды. Бірақ Кремльдің талаптарына Лукашенко қасқайып қарсы тұрып баққан. Екі басшының қызылкеңірдек айтысып, сөзге келіп қалғаны, «Лукашенконың осы келіссөздерден кейін ләм-мим демей, томсырайып, ешкімге қош айтыспай ұшып кеткені» жайында Nege.kz бірнеше мәрте жазған. Келіссөздер барысын қалт жібермей, сараптауға ұмтылдық.

Лукашенко мен Путин

Вагнер баскесерлері осы қатқыл әңгімелердің жаңғырығы емес пе? Мұнайды батыстан алып, Вашингтонмен әмпей-жәмпәй болып кетті деген Ресейдің өкпесі жиі айтылып жүр соңғы кездері. Тізгінге көне бермейтін Лукашенкодан гөрі, Мәскеу не айтса да, ләппай тақсыр деп отыратын үміткерді үкілеп отыр ма?

Жалпы, Вагнер содырлары Беларусьте не істеп жүр? Бүгінгі күннің басты сауалы – осы.

Бөріхан Нұрмұхамет, саясаттанушы:

Бұл жерде қолдан жасалған бірдеңе бар

– Мәскеудегі мүйізі қарағайдай сарапшылардың өзі «бұл не, өзі?» – деп таңырқап отыр. Шындығында да, адам түсініп болмайтын қым-қуыт оқиға. Жұрт сан-саққа жүгіртіп жатыр. Біреулер мұны Лукашенконың президенттік сайлау алдындағы өзі ойлап тапқан PR қадамы дейді. Әйтеуір, жасанды нәрсе секілді көрінеді. Бұл жерде кесімді сөз айту қиын. Мейлі, бұл топ Беларусь арқылы Африкаға немесе басқа елдерге аттанғалы отыр дейік. Бірақ Беларусьтен ол жаққа ұшатын ұшақ бар ма өзі? Қазір карантин кезінде ешқандай мемлекетке ұшып бара алмайсың. Беларусь пен Африкаға кемемен де жүзіп бара алмайсың. Ешқандай теңіз жолы жоқ.

Беларуське, Лукашенкоға қарсы осындай қадамға барады деп ешқашан ойлаған емеспін. Беларусьті тізгіндеу үшін басқа амал-айла жетіп артылады. Егер бұл рас болса, бұл – ақымақ адамдардың әрекеті. Тағы қайталап айтайын, бұл жерде қолдан жасалған бірдеңе бар.

Расул Жұмалы, саясаттанушы:

Екі ел билігі ұпайын түгелдегісі келуі мүмкін

– Көп нәрсе анық емес. Түрлі нұсқалар бар. Соның бірі – бұл топ Украинаға қарсы қастандық жасауға жіберілген болуы мүмкін. Менің жорамалымша, Лукашенконың бірден-бір қолдаушысы – Путиндік Ресей. Лукашенкоға қарсы әрекет жасау, жағдайды ушықтыру Путиннің немесе оның төңірегіндегі адамдардың (соның ішінде Вагнердің қожайыны да бар) мүддесіне сай келмейді. Бұл нұсқа менің көңілімнен шыға қоймайды. Вагнер содырлары Украинаның Шығысына – Донбас пен Луганскіге тек қана Ресей шекарасымен ғана емес, Беларусь арқылы да өтуді көздеген секілді. Украинаға, Эстонияға және басқа да мемлекеттерге жол жүріп бара жатқан әскер болуы да мүмкін.

Оларды неліктен ұстады? Бұл сайлау алдындағы Лукашенконың айла-амалы болуы мүмкін. «Сырттан қауіп күшейді» дегенді сылтау ете отырып, оппозицияны тізгіндемек. Бұл Ресеймен келісіп жасалған әрекет болуы да ықтимал.

Екінші нұсқа, Вагнер содырлары Африкада, Сирияда көптеген заңсыз әрекеттер жасау үшін өте қомақты қаржы алды. Путиндік Ресей Вагнер содырларына көп қаражат қарыз боп қалды. Осылай ұстату арқылы оларды ойыннан шығарып, есеп айырысқысы келген шығар. Яғни, бұл – берешегін бермеудің бір амалы. Сирияда да, Ливияда да осыған ұқсас жағдайлар болған. Үшінші тараптың күшімен оларды өлтірген. Бәлкім, ақша төлемес үшін осындай құйтырқы қадамдарға баруы мүмкін. Ресей мен  Беларусь бірлесе отырып, өз ұпайларын түгендегісі келген тәрізді. Бірі – ақша үнемдеуді, ал бірі – оппозицияға қысымды күшейтуді көздейді. Әзірше, көп нәрсе бұлыңғыр. Уақыт көрсете жатыр.

Мақсат Жақау, аймақтанушы:

Бұл мәселені жылы жауып қоюы да ықтимал

– Әзірге құқық қорғау органдары нақты шешім шығарған жоқ. Бір белгілі жайт, олардың Ресей азаматтары екені, бір қонақ үйден – екінші қонақ үйге, санаторийлерге көшіп, сыр білдірмей жүргені ғана белгілі. Ресей бұған қатысты әлі ақпарат берген жоқ.

Іс насырға шапса, Ресей тарапынан өзге елдің ішкі ісіне қол сұғуы, әрине, үлкен қателік. Өйткені, Беларусь – Кремльдің ең жақын серіктесі. Лукашкенконың да амбициялық саяси ұстанымдары бар. Керек болса, қарымта жауап қайтаруға да барады. Бірақ дипломатиялық тәсілдермен бұл мәселені жылы жауып қоюы да ықтимал.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации