Беларусь пен Ресей соғыса ма?

05 тамыз, 16:59

Фото: ТАСС

Төрт күннен соң Беларусьте президент сайлауы өтпек. Соңғы кездері Батька түн ортасында шошып оянып, түрлі-түсті төңкеріс туралы қорқынышты түс көріп жүргені анық. ТМД елдеріндегі оқиғалардан бір ерекшелігі, бұл жолғы төңкеріс – «ақ, көк, қызыл», яғни Ресейдің үш жолақты туымен түстес келетін тәрізді. Беларусь халқы: «Біздің президентіміз сіздерге қатты ұнайтын болса, қолыңыздан қақпаймыз, әкете беріңіздер. Біз шаршадық!» дейді. Елдің басты қалаларында толқу күннен-күнге күшейіп барады.

Лукашенко тағын ұрыссыз бермейтін адамның санатынан секілді. Әйтеуір, екі майданда қатар атой салуға дайындалып жатыр. Сансыз арнайы жасақ құрып, «бас» десе, жас-кәріге, еркек-ұрғашыға қарамай талауға әзір «төбеттерін» күні бұрын сайлап қойған. Бір жыл бойы оқшаулап, жан баласымен араластырмай ұстап, «президентке ғана қызмет етеміз» деген сөзді санасына сына қағып кіргізген. Бұл жасақтың таза мәңгүрттерден тұратыны соңғы кездері жиі сөз болып жүр.

Александр Лукашенконы қазір қалпақпен ұрып алатын оппозиция серкелерінен бұрын, азулы ағайынының азары қатты мазалап тұр. Тұтқындалған 33 ресейлік содырдан бөлек, елдің оңтүстігіне тағы да жаңа отряд жіберілгенін мәлімдеді. Сайлауалды бағдарламасын жария еткенде, Лукашенко тыныштығымен даңқы шыққан Беларусь еліне қауіп-қатер төніп тұрғанын айтты.

«Рас, әзірге қырғын соғыс жоқ. Атыс естілмейді. Минск орталығында қанды сойқан салуға ұмтылыс барлығы әзірдің өзінде көрініп тұр. Бізде, біртұтас қоғамда түрлі түсті төңкеріс жасамақ болып шешіпті. Онысы бола қоймас», – деді Лукашенко.

Батьканың бір жақсы жері бар. Көп саясаткерлер секілді көлгірсуді білмейді. Ол ресейлік содырлар жайлы Ресейдің айтқан нұсқасын тас-талқан етті.

«Ресейліктердің берген куәліктері Мәскеудің «Беларусь арқылы үшінші елдерге ұшпақ болған» деген сөзін толық жоққа шығарып отыр. «Күтіңдер» деген бұйрық болған. Ал Ыстамбұлға алынған билеттер – жай аңыз ғана. Ыстамбұлға немесе Африка елдеріне Беларусь арқылы ұшу неге керек? Новороссийсктен, Қырымнан да ұша беруге болар еді, әрі-беріден соң», – дейді Лукашенко.  

«Беларусь пен Ресейдің билігінде кім отырса да, Ресей әрқашан біздің жақын одақтасымыз. Солай болған, бола да береді. Біздің халықтарымыздың тамыры бір. Мұны айналып өте алмаймыз. Тіпті, ағайындықты «серіктестік» қатынасқа өзгерткеніне қарамастан солай болмақ», – дейді Батька.

Десе де, ол орысты «дос», «ағайын» деп тұрғанымен, айбалтасын сайлап, қойнына жасырып-ақ жатыр. Мәселен, жерінде Ресейдің бірнеше әскері нысаны тұрғанына қарамастан, Беларусьтің қорғаныс министрлігі соғыс тәртібіне көшті. «Заңсыз қарулы топтар мен диверсиялық-барлау топтарына» қарсы тұруға әскери дайындықтарын бастап та кетті. Мұны аз десеңіз, Беларусьте, әсіресе, Ресеймен шектесетін облыстарында жаппай әскерге шақыру басталды. Шақыру қағазы бойынша әскери комиссариаттарға келгендерге офицерлер «соғысайын деп жатқан жоқпыз, бұл тек қана формальды нәрсе» деп сабырға шақырған.

Вашингтон мен НАТО Беларусь пен Ресей арасындағы дау-дамайды бақылап, әліптің артын бағып отыр. Әйтеуір, бұл екі елдің енді «айырылмас дос» екеніне сенбейтін болған. Батыс сарапшылары, атап айтқанда, «Атлантикалық кеңестің» бас атқарушы директоры Фредерик Кемпе: «Батыс АҚШ пен Қытай арасындағы қатынастың ушығуына назар аударып отырған кезде, биылғы жаздың тосынсыйын Владимир Путин әкелуі кәдік», – деп болжам жасады.

Өйткені, Батыс сарапшылары Путиннің сырын жақсы біледі. Беларусьтің қол жинап, шекара маңына әскерін топтастырып жатқанын да көріп отыр. Бірақ баға беруден сақ.  Әзірге «бірің – өліп, бірің – қал» деген ұстанымда. Әрине, жағдай ушыққан сәтте қандай амал жасайтынын ойластырары анық.

Батька «одақтас мемлекет» дегенді алға тартып, Ресейдің қолтығына жайдан-жай кірген жоқ. «Еуропаның соңғы диктаторы» деген лақап атқа ие болды. Батыстың тегеурінінен қаймығып, билігін сақтап қалудың жалғыз жолы осы деп білді. Енді біреулерге де билігін сақтап қалу керек болып тұр. Беларусь пен Ресей «одақтас» емес, жай ғана бір мемлекетке біріксе, конституцияға өзгеріс енгізіліп, Путиннің айы оңынан туады. «Алмақтың да салмағы бар». «Кезінде біз саған көмектестік. Ендігі кезек – сенікі. Жәрдемің керек», – деп қолқа салды. Келіссөздер алты айға созылды. Батька «тәуелсіздікті» алға тартып, ат-тонын ала қашты. Бұл Кремльге сатқындық секілді көрініп отыр. Лукашенконың айтқаны – Ресей содырларының елді торуылдай бастағаны рас болса, онда Беларусьтің саяси некеден бас тартуы Путиннің жүрегіне қаншалықты қыжыл түсіргенін аңғаруға болады.    

Әрине, тұрып қалса, су да сасиды. Билікте 26 жыл отырған Лукашенкоға шынымен де тықыр таянған секілді. Туған халқы әбден мезі болған. Арқа тұтар ағайыны артынан кісі салып отыр. Батыс үнсіз. Барар жері, басар тауы жоқ. Бар сенгені – мәңгүрттер. Сабақ алатын-ақ жайт.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации