Беларусь билігі райынан қайтты

14 тамыз, 17:51

Фото: fedpress.ru

Беларусь билігі күш көрсеткендері үшін кешірім сұрады, ұсталған мыңдаған адам бостандыққа шығып жатыр.
Алматы, NEGE. «Зорлық-зомбылық салдарынан зардап шеккендер үшін, мен, бастық ретінде, бұл жауапкершілікті өзіме аламын және ол адамдардан адам ретінде кешірім сұраймын», - деп мәлім етті Беларусь ішкі істер министрі Юрий Караев. Милиция соңғы күндері өткен бейбіт шеру барысында ұсталғандарды бостандыққа шығара бастады – олардың көбі күш құрылымдарында қатты соққы алғандарын айтып шағымдануда, кей әйелдерді тіпті құқық қорғау органдары тарапынан зорлаймыз деп қорқытса керек, адамдар көгеріп кеткен жерлерін, резеңке пулдан алған жарақаттарын суретке түсіріп көрсетіп жатыр. Бостандыққа шыққандардың көбі бірден ауруханаларға жөнелтілуде, көбіне психологиялық көмек қажет болуда – адамдар есеңгіреп қалған. Еске салсақ, Беларусьтегі президент сайлауында қазіргі мемлекет басшысы Александр Лукашенко экзит-полдың ақпарынша сайлаушылардың 80%-ның дауысына ие болған. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев беларусьтік әріптесін мемлекет басшысы болып қайта сайлануымен құттықтады. Минскіде және Беларусьтің басқа да қалаларында жаппай қарсылықтар жүріп жатыр. Бұл ретте Telegram мессенджері Беларусьте цензураға қарсы құралын қосты, деді сервистің негізін қалаушы Павел Дуров. ЕО Беларусия саяси басшылығын ары қарай қиындықтан қашу үшін қоғаммен шынайы және жан-жақты диалог бастауға шақырды және беларусь билігіне қарсы санкция енгізу мүмкіндігін қарап жатыр. Соңғы ақпар бойынша, Беларусьтегі қақтығыс барысында ұсталғандар саны 7 мың адамдай болған, ел халқы жолдарды жаппай жауып тастаған, елдегі ірі кәсіпорындар да ереуілге шыққан, құқыққорғау органдарының бұрынғы қызметкерлері қызметтік және әскери киімдерін жаппай қоқыс жәшіктеріне тастап немесе өртеп, бұл әрекетке қатыстарының жоғын айтуда.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации