«Б» жоспары» күйреп қалды

04 сәуір, 21:29

Фото: nege.kz

Осыдан тура 1 ай бұрын ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «Б» жоспарымыз бар» деп «А» жоспарына сенімсіздік байқатқан сәттен-ақ, ішіміз бір нәрсені сезген. Біртанов «А»-ға, біз «Б»-ға сенбеген едік. 

Министрдің сондағы жоспары елде вирус табыла салысымен, оның тарауына шектеу қою еді. Өткен аптада ғана 70-80 адамнан анықталған вирус, осы жетіде 500-ден асып кетті. Әуелде бізге келместей болып көрінген індет маңайымызға ажал құрығын тастап, өлім қақпанын құрды. Қазір кім-кімнің де жүрегі «енді не болар екен» деп дүрсілдеп жүр.

Ұлттық, елдік шеңберден әрі ойлайтындар елдің ертеңіне алаңдаулы. Экономика, саясат, мәдениет шетте қалды. Өйткені өмір бәрінен бағалы. Көзге көрінбейтін, қолға ұсталмайтын тәж-тажал күні бүгін 1 миллионнан астам адамның өмірін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отыр. Асырып айтсақ, миллиардтардың саулығы қыл үстінде. Осы ретте цифрға зер салайық.

инфографика nege.kz сайтына тиесілі

Өткен аптада ғана (25.03.2020) әлемде вирус жұқтырғандар жарты миллионға жетіп қалды деп хабар таратқан едік. Бір апта тұрмақ, күн санап көрсеткіш еселеніп жатыр. 11 наурызда – 119 132, 17 наурызда – 183 441, 25 наурызда – 422 915, 4 сәуірде – 1 123 024 адам індетке шалдықты. Осыған дейін коронавирус тектес сценарий желісімен түсірілген көркем фильмдерде 10 адам 100 адамға, 100 адам 1000 адамға індетті тарататыны көрсетіледі. Біздің жағдайда миллион адамның ендігі жерде 10 млн адамға таратпайтынына кім кепіл?! Сондықтан карантин режимін қатаң сақтау маңызды. ДДСҰ-ның да коронавирустың алдын алу, оның таралуына жол бермеу «Б» жоспары еді. Жоспар күйреді. Ендігі жерде мамандардың «С» жоспарының сәтті шығуын тілеп, сабыр сақтау бізге сын болмақ.

Бұған дейін коронавирустан қайтыс болғандардың иммундық жүйесі әлсіз екені айтылды. Вирус картасында осы індеттен 60 мыңға жуық адам қайтыс болғаны анық көрсетілген. Бұл – вирус жұқтырғандардың 6 пайызы. Төмендегі инфографикаға мұқият қараңыз.

инфографика nege.kz сайтына тиесілі

Пайыздық көрсеткішпен айтсақ, қуанарлық жайт бар. Вирусты еңсеріп, емделіп шыққандар – 20 пайыз.

инфографика nege.kz сайтына тиесілі

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации