Әлемде – үрей, Түркіменстанда – той

21 наурыз, 17:13

Фото: ғаламтордан

Бүгін Түркіменстанда Наурыз мейрамы басталды. Екі күн тойланатын мерекенің алғашқы күні президент Гурбангулы Бердімұхамедов бастап, бүкіл ел бойынша ағаш отырғызу науқаны жүреді. Биыл да осылай болды.

Алматы, NEGE. Ел басшысы биыл арша ағашын тіккен екен. Осыдан кейін көгалдандырудың жаңа кезеңіне жол ашылып, акция барлық аймақтарда жалғасқан. Түркіменстанның Orient жаңалықтар сайты таратқан хабарға қарағанда, бүгін Түркіменстанда 1,6 миллионнан астам ағаш отырғызылыпты. Ашхабадтың Навруз алаңындағы басты мерекелер осыдан кейін басталған.

Дегенмен биылғы мереке жылдағыдан сәл өзгеше болып тұр. Өйткені жасылдандыру іс-шарасына мемлекет басшысымен бірге парламенттің, үкіметтің, қоғамдық ұйымдардың, университеттердің, БАҚ-ның, Ахал велаяты (аймақ), Ашхабад қаласы басшылары қатысқанымен, шет мемлекеттердің өкілдері көрінбеген. Жыл сайын бұл шараға дипломаттар, елшілік қызметкерлері шақыртылатын.

Бейресми ақпарат көздерінің мәліметіне қарағанда, оларға шақырту жіберілуі мүмкін. Бірақ әлемді алаңдатқан коронавирусқа байланысты басшыларынан алған тапсырманы дипломаттар бұза алмаған секілді.

Наурыз басында Гурбангулы Бердімұхамедов «инфекциялық аурулардың емі – адыраспан» деген еді. Содан кейін-ақ мемлекеттік мекемелерді адыраспанмен аластау басталып кетті. Тіпті «коронавирус» деген сөзді айтудың өзіне ел жасқанады. Себебі ақпан айының соңында Ашхабадта медициналық бетперде тағып жүрген әйел ұсталған. Полицейлер оған «дүрбелең тудырды» деген желеумен 249 манат (71 доллар) айыппұл салған еді.

Дегенмен 20 ақпан күні Ашхабадқа кірер жолдардың бәріне шектеу қойылды. Бұл Наурыз мерекесіне қатысты жасалған шара ма, әлде өзге себебі бар ма, бұл жағы белгісіз.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации