Адамзаттың өмірі қыл үстінде тұр

25 наурыз, 13:12

Фото: ғаламтордан

Осыдан бір апта бұрын «Италияда коронавирустан көз жұмғандар көбейді» деген хабарды естідік. Сол тәулікте қаза болғандар саны 150-250 болса, осы аптада тәулігіне 650-750 адамға жетті. 

Италия – Европаның оңтүстігінде 60 млн адамға қоныс болған, тарихы тереңде жатқан мемлекет. Жыл сайын 60 миллионға жуық турист қабылдайды. Осыдан-ақ туризм саласы жақсы дамығанын аңғарамыз.  

Осы күні жаһандық БАҚ-қа ортақ бірден-бір тақырып болса, ол – covid-19 індеті. Алғашында қытайлықтар қатты зардап шексе де, осы күні Италия халқына оңай соқпай тұр. Күн сайын вирус жұтырғандар саны артып, індетпен күресе алмай көз жұмып жатқаны көп. 

Осы сағаттағы дерекке сүйенсек, Италияда вирус жұқтырғандар – 69 176, көз жұмғандар – 6 820, емделгендер – 8 326. 

Бірнеше аптадан бері вирустың таралу жеделдігін бақылап отырмыз. Жоғарыдағы инфографика «Қытайда індеттің тарауы тоқтады» деген хабармен тұспа-тұс дайындалды. Сол кезеңде коронавирустың емін қытайлықтар тапты деп болжадық. Өйткені тәулік ішінде сол аймақтағы вирус жұқтырғандар тіркелмеді. Есесіне, Италияда 2 мың адамға көбейген. Одан бері жарты ай өтсе де, Қытай жұмған аузын ашпай отыр. Ал вирус жарты әлемді жаулап үлгерді. Былайша айтқанда, адамзат тағдыры қыл үстінде тұр. 

Өткен аптадан бастап індет Орта Азияны «жайпап» келеді. Қазақстанда 17.03.2020 жылы 32 адам вирус жұқтырса, бүгін 79 адамға жетті. Жоғарыдағы екі инфографикадан вирустың таралу жеделдігін байқаймыз. Ең қызығы, шынында да Қытайда жұқтырғандар қатарына қосылып жатқан адам аз. 

Кіріспе сөзді Италиядан бастағанымыз тегін емес. Екі апта бұрын 10 мың адам болса, бүгінгі цифр 69 мыңға жетті. Енді екі жұмада не болары белгісіз. Италия бастапқыда вирустың қаупін елегісі келмей, карантин мен төтенше жағдайға қырын қарағанын білеміз. Сол секілді жарты Европа карантинге кейін келді. Қазақстан да төтенше жағдай жариялап, халықты вирустан сақтандырып-ақ жатыр.

«Біз карантинді уақытылы жарияладық па?» деген сұрақ көкейде тұрса да, «Төтенше жағдай режимін қаншалықты сақтап жүрміз?» деген сұрақ әлдеқайда маңызды екенін ескерейік. Әлі де бұл тақырыпқа айналып соғатынымыз анық. 

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации